Ойшіліктік өрендердің демалысы қызыққа толы

Ханзада мен ханшайым кім болады екен?! Сайысқа түсер ұл-қыздардың жүректері лүпілдеп, сахнаға шығу кезегін күтіп тұр. Бірі тақпағын, әнін қайталап, бірі домбырасының құлақ күйін келтіріп, мектеп дәлізінің іші дабыр-дүбірге толған.
Бұл – Ойшілік ауылындағы Тоғас батыр атындағы орта мектеп оқушылары демалысының бір күні. Ойшіліктік бастауыш сынып оқушылары жылдағыдай жазғы демалыста мектеп жанындағы лагерьде демалып жатыр. Кезең-кезеңмен өтетін мектеп жанындағы 10 күндік лагерьдің әр күні осындай жарыстар мен сайыстарға толы.
-Біздің мектептің оқушылары жазғы лагерьде тек демалып қана қоймай, өңіріміздегі Ырғызбай ата кесенесі сияқты тарихи орындарға барып, аудан орталығындағы мұражайға барып, туған жерлерінің шежіресімен танысады. Балалардың ой-өрісін дамытып, денсаулығын шынықтыруға байланысты түрлі шаралар да ұйымдастырамыз,-деді бізге мектеп жанындағы лагерьде ауыл балаларының демалысын қызықты ұйымдастыруға үлкен мән беріліп келе жатқанын айтқан мектептің бастауыш сынып мұғалімі Бақытгүл Нұрсафина.
Балаларының жыл сайын осы мектеп жанындағы демалыс лагеріне келіп бой жазып, сергіп, демалып қайтатынын айтқан ауыл тұрғыны Баян Дүйсенбекова ауылда дегені болмаса, лагерьде балалардың демалып, рухани жағынан толысып-жетілуі үшін барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
Лагерьдегі ұл-қыздардың демалысын қызықты ұйымдастыруға Семейдің Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінен тәжірибеден өтуге келген студенттер де өз үлестерін қосып жатыр екен. Үшінші курстың Аида, Гүлдана, Айнаш есімді студент қыздары балаларды өздерінің әсерлі әңгімелерімен, жалықтырмайтын, тартымды тәрбиелік ойындарымен баурап алыпты. Сапқа тұрған ұл-қыздар апайларымен бірге мектептің жасыл желекті ауласын күміс күлкіге бөлеп, асыр сала доп ойнап, өлең оқып, жарыса жұмбақ шешуде.
Жанаргүл Мұқатай
Тарбағатай ауданы.