Қоғам

Қоқыс лақтырғаны үшін бес тәулікке қамалды

Қоқыс лақтырғаны үшін бес тәулікке қамалды

Өскеменге досының тойына келген жігіт қаланың орталық көшелерінің бірінен пәтер жалдап алады. Бесінші қабатқа орналасқаннан кейін кешке тойға кеткен.
Тойдан сарқыт алып, үйіне таңға жуық жеткен ол біраз уақыт дастарқанның үстін былықтырған. Ұйқысынан оянғаннан соң, түс ауа пәтерді жинауға кіріседі. Үстелдің үстіндегі тамақ қалдықтары мен сусындардан босаған полиэтилен бөтелкелердің барлығы бір пакет қоқысқа айналғаны анық. Басы мең-зең болып тұрған жігіт сыртқа шыққанға ерінген сияқты. Терезеге жақын келген ол қоқыс толы пакетті бесінші қабаттан төменге қарай лақтыра салады.
Дәл осы уақытта ауладағы орындықтардың бірінде көрші кемпір отырған болатын. Дәл қасына келіп шашылып қалған бір пакет қоқыс жайында қырағы зейнеткер бірден полицияға хабарлайды.
Тәртіп сақшылары оны бірден қолға түсірді. Алғашында қоғамдық тәртіп бұзғанын мойындағысы келмей бұлғақтаған жігіт «мен мас болатынмын» дегенге келетін сылтаулар айтқан. Бірақ бұл сылтау оның жағдайын жеңілдетпегені анық.
– Терезеден қоқыс лақтырып, қоғамдық орындағы тәртіп пен тазалықты бұзған азаматты бес тәулікке қамау жазасына кестік,-дейді Өскемен қалалық мамандандырылған әкімшілік соты төрағасының міндетін атқарушы Еділ Күдербаев.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button