Қоғам

«ҚОҢЫРДЫҢ» ӘНДЕРІН КӘРІСТЕР ДЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ

«ҚОҢЫРДЫҢ» ӘНДЕРІН КӘРІСТЕР ДЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ

Қазақ сахнасының төріне жарқ еткен жұлдыздай болып «Қоңыр» тобының келуі тыңдарман қауымды селт еткізгені сөзсіз. Өнер есігін ашқан сәттен бастап тыңдарманын баурап, елтіп әкеткен топ бүгінде бірнеше жинағын шығарып, сан мәрте жеке концерттерін беріп үлгерді.
Осындай керемет кештерінің бірін олар Өскеменге гастрольдетіп келгенде ұсынған еді. Сол концертте шырқалған әндер көңіл түкпірінде шөккен біраз ойды толқытып шығарған еді…
«Алтын бесік» әні. Бұл әнді тыңдаған адам ойша ауылды шарлап, балалық шаққа саяхат жасап кеткенін өзі де сезбей қалар?! Расымен де жаңбырдан кейінгі лай-батпақты кешіп, жалаң аяқ жүгірген, қайран, қамсыз балалық шақ! «Алқам-салқам қой қайырып» «бөтен қой» іздеп, табаннан таусылған кездер… «Құрт ұрлатқан қалтадан, беу, Шын балалық, думанды ел». Барлығымыз да ауылдан шыққан қара домалақтармыз ғой. Ауыл барлығымызға ыстық.
«Угай, арман» әні кетті шырқалып.
…Өтеді күндер зулап ескен желдей,
Қадірін кім бар дейсің ескергендей… Әрине, өмір өтеді. Уақыт емес, өмір, дәурен өтеді. «Уақыт – шексіз, шетсіз. Бір кем дүние» депті Ш.Мұртаза. Сол өтіп жатқан өмірден әр адам өзіне керегін алып, керексізін кері ысыра жатар, сондықтан да «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демей ме?
…Жиырма бес екі айналып келмес саған, дариға-ай, келмес саған… Ол да шындық. Әннің аты да талай ойға жетелейді. «Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, Үлкен бақыт табу үшін ғаламда, Үлкен болып қалу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға» деген ғой М.Шаханов.
«Қаракөз қалқа» әні. Тағы да өтіп жатқан дәурен, жастық шаққа деген сағыныш. «Қимай кетіп барамын, Қаракөзім қалды деп-ау…». Әрине, ғашықтықтың жөні бөлек қой. Көркімен, қылығымен жігіт атаулыны ғашық етпеген қазақ қыздары кемде-кем шығар?!

«ҚОҢЫРДЫҢ» ӘНДЕРІН КӘРІСТЕР ДЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ

«Дүние» әні. Топтың ең жақсы әндерінің бірінен санаймын. (Алғашқы концерті де осы аттас болып еді). «Шыққанменен өмірдің белесіне, Арман деген кеудеде толып жатыр…». Өмірдің өзі арман арқылы алға жылжымай ма?! «Дүние, дүние, дүние, Дүниеге кім ие?» Ешкім де. Дүниенің дөңгеленіп өте беретініне адамзат көндіккелі қашан, ол да бір жазылмаған өмір заңдылығы.
«Жалғыз ағаш». Халық әні. Жалпы, халық әндері мақал-мәтел сияқты тұнып тұрған философия ғой. Қысқа да, нұсқа, бірақ айтары мол.
«Сәулем-ай» әні. Бәрін аты айтып тұр. Әрі заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің сүйіп тыңдаған әндерінің бірі болған екен.
«Айтайын». Өте жақсы терме. Сөзі де, оранжировкасы да мықты. Адамға жігер беріп, жандандырады. Сөз ұққан адамға шын мәнінде де талай нәрсе айтылған. «Жағалай өскен жас буын, Сөздерім саған аманат». Өте орынды. «Құдайдан безген қу пенде…». Діні, ділі мықты елді жау алмайды. Ән тіліміз бен дінімізге берік болайық деген ойды арқалап тұрғандай. Әннің мағынасы – тіршілік кешкен пенде болмай, өмір сүрген адам болайық дегенге саяды.
«Сағыныш» әні. Тоқтар Серіковтің осы әні басқасынан өзгеше, әлде, «Қоңырдың» орындауында бөлек шықты ма? Тоқтардың әндері оның өзі мен Бейбіттің орындауында басқаша да, мына әні олардан бөлек. Әннің халыққа жетуі орындаушыға байланысты екені белгілі. Бұл жерде Тоқтар мен Бейбіт нашар орындайды деген біржақты пікір қалыптаспауы керек. Олардың жақсы әндері көп. Бірақ, «Сағынышы» «Қоңырдың» орындауында өзгеше шығыпты.
Жалпы топтың әндерінің көбін Бауыржанның бастауы, ал Мархабаттың сазды, Жазираның қуатты, ашық, жағымды дауыстары қостауы әнді одан әрі көркейтіп, әсерін арттыра түседі. Мархабат әрі модуляцияны мықты ұстайды. Топ продюсері С.Молдасанұлының үшеуін қалай жазбай танып, дәл тапқанына таңмын. Үшеуінің дауыстары бір-бірімен керемет үйлеседі. Оған ұлттық аспаптар қосылғанда, жаның сондай бір рахатқа бөленеді.
Әннен расымен де, Алтай қазақтарының стилі байқалады. Мархабаттың дауысына әдейі қырыл қосылғандай (шын мағынасындағы қырыл емес, көмеймен айтылатын ән іспеттес, орысша айтқанда, горловое, гортанное пение). Дауысты құбылту да табиғи талант қой. Әннің осылай айтылуы оны көріктендірген, әрі алтайлық сипатты сол қырыл беріп тұр.
Топ бесік жырының табиғатын толық аша алған, тыңдағанда сәбиді қойып, өзіңнің тәтті ұйқыға бас қойғың келеді. Қазақ керемет халық қой! Әр нәрсеге ерекше мән берген. Күндізгі у-шудың, артық-ауыс, жағымсыз эмоцияның барлығын ән арқылы-ақ жиып тастау, сөйтіп, баланың жанын тыныштандырып, баяу, сазды әнмен тербетіп, ұйқыға бөлеу – бәрі-бәрі орнымен істелген әрекеттер. Қамсыз ұйқыға кету, нәтижесінде таңертең сергек тұру – тағы да әннің еншісіндегі дүние. Ал әнші болу қандай жауапкершілігі зор, ауыр мамандық десеңізші?! Сахнаға шығып әу дегеннің бәрі әнші еместігіне осындайда тағы да бір көзің жетеді. Сол қиын жолда топтың дәл осы бағыттан айнымай, ұзақ жүрулеріне әрдайым сырттай тілектеспін (ал ұзақ жүретіндеріне кәміл сенімдімін. Лайым солай болсын!).
Ән мәтінінде «Қырандай қалықтап елімнің, Көгінде сен қашан самғайсың?», «Бақытын елінің табатын, Батыр бол өз елін қорғаған» деген жолдар бар. Демек, баланың болашағына бағыт, бағдар беріледі. Әр сөз күнделікті айтылған сайын баланың санасына сіңіп, жадында сақталады.
«Пай-пай» әні. Бұл шертер деген неткен ғажап аспап! Үні керемет! Домбыра екеуі бір әннің бойында қосылғанда, өте жақсы үйлесім табады. Екі аспапта алма-кезек, тыңдарманның жүрегіне жеткізе ойнау – Мархабаттың шеберлігі.
«Сұлуымды сағындым» әні. Мейрамбектің орындауында белгілі болған еді. Екеуінің де өз артықшылықтары бар. Ұлттық аспаптар қосылған соң, әрине, әннің оранжировкасы да мүлде өзгереді, жеке әнші емес, топ орындаған соң, айтылуы да бөлек болып шығады. Бүйректің ұлттық нақышқа бұратыны сөзсіз.
«Жариямайдай» әні. Ән өте ұнады. «Жел тимесе, күн тимес» деген сөз бар, Сұлу қыздың айтқаны ұят емес, ұят емес» деп жырлайды халық. М.Мақатаевтың «Сен көріктісің, көріктісің, не істеймін десең-дағы еріктісің» деп жырланатын «Сен көріктісің» деген өлеңі халықтың осы әнінен бастау алатындай.
Жалпы, «Қоңыр» – қазақ өнеріндегі құбылыс десем артық айтпаған болар едім. Менің бұл пікіріммен барлық адам келісе бермес. Қазақ өнерінде ұлттық дәстүрді ұстанған керемет әншілер бар, эстрада жанрында да ән шырқап жүргендер жетерлік. Айтқым келгені – топтың заман ағымына сай ұлттық аспаптарды эстрадамен ұштастыра білуі, әрі бұл ұмтылыс өте ұтымды шыққан. Менің білуімде, осыған дейін мұндай өзгешеліктермен көзге түскен – «Ұлытау» тобы болатын. Олардың орындауында көбінде күйлер мен композициялар еді (этнорок деуге болар). Топ осындай ерекшеліктерінің негізінде әлемге таныла алды. Ал «Қоңыр» тобы ұлттық нақышымен, әнімен, сәнімен, әуенімен, сазымен бар қазақты ұйыта білді деп санаймын. Ендігі кезек – әлемдік аренаға шығу. Оның бастамасы басталып та кетті. Кореяға барған қазақстандық қонақтарды сол елдің басқа емес, дәл «Қоңырдың» әнімен қарсы алуы – бұның айқын дәлелі болмақ. Корейлер ұлттық құндылықты қатты бағалайтын, оны насихаттай алатын халық қой. Демек, өзгенің де мәдениетіне ұлттық тұрғыдан қарайды, соған орай іздегендерін тапқан, табуына себепші – «Қоңыр» тобы. Қазақтан тыс, басқа ұлттың да талғамынан шыға білу – топ үшін үлкен мақтаныш, жетістік болмақ. «Өтімді өнер – өтелер істің аужайын біліп, игеруге байланысты. Сонда ғана ол өз мақсатына жетеді» депті әл-Фараби. Топ өнерді жетік игергендіктен де, осындай жетістіктерге қол жеткізіп, халыққа өтімді болып тұр.

Гауһар Рахымбаева,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың
аға оқытушысы.

Осы айдарда

Back to top button