Қоңыр аңның қарасы көбейді

Соңғы бес жылда облыс бойынша қоңыр аңның саны 51 мыңға артқан. Мұндай жағымды жаңалықты табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Медет Нұрғалиев айтты.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда қоңыр аңның саны 130 мыңнан 181 мыңға өскен. Медет Нұрғалиев табиғи ресурстарға қатысты өзге де өзекті мәліметтермен бөлісті. Басқарма мамандары соңғы 30 жылда өңірдің ірі су қоймаларында ауланған балық санына қатысты талдау жүргізген екен. Әр жылда Зайсан, Шүлбі, Бұқтырма бассейндерінен жалпы жиыны 7000-9000 тонна балық аулауға рұқсат беріліп отырған. Бұл нормаға сай болса керек.
-2016 жылдан бері су қоймаларын қолдан балықтандыру жұмысы жандаған. 2016 жылы 400 мыңнан астам шабақ жіберілсе, былтыр 490 мың шабақ төгілді, – дейді басқарма басшысы.
Өңірдегі туристерді қабылдайтын қонақүйлер мен қонақжайлар бір уақытта 28 мың адамға қызмет көрсете алады. Соңғы үш жылда Шығысқа ағылған туристер саны жарты миллионға жетіп отыр.
Өңірде орман ресурстарын пайдалануды реттейтін заңнамадағы өзгерістер ағаш өңдеу саласын тәртіпке келтірсе керек. Соңғы 30 жылда орман көмкерген алқаптың көлемі 257 мың гектарға ұлғайған. Осы байлықты өрт дейтін тілсіз жаудан қорғау үшін техникамен жабдықтауға көңіл бөліне бастаған. Нақты айтсақ, өртке қарсы техникамен жабдықтау көрсеткіші 61 пайызға жетіп отыр. Бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда әжептәуір оң өзгеріс саналады. Өткен жылы табиғат жанашырларының талап-тілегі облыс басшылығының назарына ілігіп, 701 млн. теңге бөлінген болатын.
Есжан Ботақара