СпортТОП

Ойнасаң, “Ер-Броктай” ойна!

Тым-тырыс зал. Анда-санда ойыншылардың бір-біріне «пас бер», «қапталмен жүгір», «ашыл» деген дауыстары жарқын-жарқын естіліп қалады. Әне, төреші ысқырық шалды. Жанкүйерсіз зал жаңғырды. Шамасы ойын ережесі бұзылды…  

«Тәні саудың, жаны сау» екен шынымен. «Спорт – денсаулық кепілі» деген сөз де бекер айтылмапты. Ал енді бала кезден естіп өскен «шынықсаң шымыр боласыңның» өміршеңдігін көрсеңізші! Пандемия кезінде осыған көзіміз жетті. Қауіпті індеттен қорғанудың алуан түрлі амалын орындай жүріп спортты да ұмытпаған салауатты жұрт «ауырып ем іздегеннен гөрі ауырмайтын жол тапқан» әлдеқайда тиімді екенін дәлелдеді. Өскеменде өткен шағын футболдан облыс және қала біріншілігіне қатысушы командаларға, тіліміз тасқа дейік, жұқпалы ауру жолаған жоқ.

 

Иә, бұл жолғы чемпионат бұрынғылардан өзгешелеу болды рас. Оған себеп – елімізде енгізілген шектеу шаралары. Әдетте қара күзде жалауын желбірететін шағын футбол додасы биыл облысымыз «жасыл аймаққа» өтіп, карантин шектеулері жеңілдетілген 2021 жылдың наурыз айынан басталып бір ай көлемінде тиянақталды. Онда да ойын-жаттығу түрінде өтті. Түсіндіре кетейік, ол дегеніміз – ешқандай жанкүйерсіз, барлық санитарлық талапты сақтай отырып бір спортзалға 30 адамнан аспайтын мөлшерде жиналып жарыс өткізу. Жарысты ұйымдастырушылар да, қатысушылар да осы тәртіпке бағынды. Сөйтіп наурыз айының бірінші жұлдызында басталған чемпионат сәуір болмай мәресіне жетті. Бұрындары қыс бойына созылатын жарыстың бір ай көлемінде жылдам өте шығуына сол баяғы пандемия әсер етті. Бұл жолғы чемпионатқа аудандардан көп командалар қатыса алмады. Тағы сол карнтиннің кесірі. Сөйтіп премьер лига, жоғары лига, бірінші, екінші және үшінші лига болып бірнеше топқа бөлінген қатысушы командалар шағын футболдың көрігін қыздырды. Енді чемпионат қорытындысына келсек, кіл мықтылар өнер көрсеткен премьер лигада «ВЦМ-Маркаколь» командасы қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Ал жоғары лиганың жеңімпазы «Металлург» болды. Бірінші лиганың бірінші орнын Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мырза бастаған «Аltay champions» командасы қанжығасына байласа, екінші лиганың жеңімпазы болып «КТЖ-Локомотив» танылды. Ең төменгі – үшінші лигада чемпиондық атаққа «Praid» футзалшылары қол жеткізді.Чемпиондар мен екінші, үшінші орындардың иегерлері арнайы кубоктармен, дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ жарыс ережесі бойынша әр лиганың бірінші, екінші орын алған командалары (үшінші орын алған команданың да мүмкіндігі бар) келер маусымда бір саты жоғары тұрған лигаға жолдама алды.

– Карантин бүкіл жоспардың күл-талқанын шығарды ғой. Дегенмен пандемия деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Алға жылжу керек. Оған қоса жылда жарысқа қатысып жүрген командалар қайта-қайта хабарласып, чемпионат қашан басталатынын сұрап, ойнауға құлшыныс білдіріп жатты. Осының бәрін ескере келе өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарып, шектеулер жеңілдеген тұста жауапты орындардың рұқсатымен жарысты бастап кеттік. Барлық санитарлық талапты сақтауға тырыстық. Залға бірде-бір жанкүйер кіргізілмеді, бір залдағы адам саны 30-дан аспады және алаңдағы ойыншылардан басқалары маска тағып, арақашықтықты сақтап отырды. Әрине қиындау, бірақ соның арқасында аты жаман аурудан аман болдық, – дейді жарыстың бас төрешісі Сергей Дурницин.

Бұл чемпионат аяқталған соң іле-шала облыс кубогы сарапқа салынды. Семей мен Өскеменнен, сондай-ақ Глубокое ауданынан іріктеп алынған 16 команда білек сыбанып алаңға шықты. Бұл бәсекеде семейлік футзалшылар өздерінің мықтылығын дәлелдеді. Нәтижесінде финалда Семейдің қос ұжымы – «Ер-Брок» пен «Достар» жүлдеге таласты. Бір-бірінің сырын ежелден білетін екі қарсылас таңдай қақтырарлық әдемі ойын өрбітті. Дегенмен қарсыласынан анағұрлым басым түскен «Ер-Брок» кубокты төбесіне көтерсе, күміс жүлде «Достарға» бұйырды. «Играй, как Бекхэм» дейтін кино бар еді ғой. Сол секілді осы жолғы финал бізге «Ойнасаң, Ер-Броктай ойна» дегізді. Бір әттеген-айы осынау тартысты кездесулерді жанкүйерлер тамашалай алмады. Қайталанбас небір комбинациялар, шедевр пастар «пах, шіркінсіз!» өтіп жатты. Обалы пандемияда дедік.

Серік Әбілхан

 

 

Осы айдарда

Back to top button