Қоймасында алты мың жұп пима сақталып тұр

Бородулихалық Николай Костенко пима басу ісімен кәсіби тұрғыда 2011 жылдан бері айналысып келеді. Осы уақыт ішінде кәсіпорынның қуаты жылына үш мыңнан астам пима жұбын шығаруға дейін жеткен.
Соңғы екі жылдың қысы айтарлықтай жұмсақ болғанына байланысты қазіргі уақытта кәсіпорын қоймасында шамамен алты мың жұп пима жиналып қалған екен. «Қыс аязды болса, осы тау-тау болып үйілген пималарымыз сатып алушысын табар» деп үміттенеді кәсіпкер.
Жалпы, осыдан төрт жыл бұрын іске қосылған өндіріс орнында бүгінде алты адам еңбек етіп келеді. Бұлардың бәрі де Николай Костенконың өз ауылдастары, құдай қосқан көршілері.
– Қыс қатты болған жылдары цехымызда жұмыс күші жетіспей де қалатын. Сол кездері қосымша жұмыс орындарын ашып, адамдарды шұғыл түрде пима басу ісіне үйретуге мәжбүр болатынбыз. Ал негізі, бұл шаруаның қыр-сырын меңгеріп, маманы болып шығу үшін кем дегенде бір жылдай уақыт қажет. Дегенмен, біздің жұмысшылар кәсіби біліктігі жағынан өзге өңірлердегі әріптестерінен артық болмаса, кем түспейді, бәрі де мықты пима басушылар, – дейді Николай Николаевич.
Пима зауыты кәсіпкер үйінің іргесіндегі бұрындары қаңырап бос тұрған ғимаратта орналасқан. Николай Костенко бұл жерге өз күшімен қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, жеткізіпті. Осы орайда ерекше атап өтер бір жайт, кәсіпкер өз ісін бастау үшін мемлекеттен ешқандай несие алмаған екен.
– Пима басу ісін кезінде аудандық тұрмыстық комбинатта жүргенімде меңгеріп алғанмын. Ал өз кәсібімді ашу туралы ой 2010 жылы келді. Сол кезде жергілікті тұрғындар тарапынан жылы қыстық аяқ киімге деген сұраныс ерекше жоғары болып тұрған еді. Содан не керек, тәуекелге бел байлап, келер жылдан пима басу шаруасын қолға алуды ұйғардым, – дейді ол.
Бүгінде кәсіпорын цехында жүн түткіш машина сияқты пима басуға қажетті құрал-жабдықтың негізгісінің бәрі бар. Технологияның біразын кәсіпкер Семейдегі зауыттардың бірінен сатып алыпты. Николай Костенконың айтуынша, бүгінде зауытта пима қолмен де, арнайы машинкалармен де жасалады.
– Шикізатты Абай, Бесқарағай және Жарма аудандарынан алғызамыз. Жалпы, өндіріске жыл сайын 15 тоннаға дейін жүн қажет болады, – деген кәсіпкер дайын өнімнің кез келгенге қолжетімді болуы үшін әр сатып алушыға оның жағдайына қарай белгіленетін бағамен сатылатынын жеткізді. Тіптен, кейде пималарды қарызға алатындар да болады екен.
Николай Николаевич пима басу ісін енді ғана бастағалы отырғанында оның бұл талпынысынан түк те шықпайтынын айтып, бәрі бос әуре дегендер көп болыпты. Дегенмен, кәсіпкер жұрттың мұндай сенімсіздігіне қарамай, өз ісін дөңгелетіп әкеткен. Қазір оның сол кезде танытқан күш-жігері мен айрықша құлшынысына бүгін қоластындағы жұмысшылары да, сапалы пималарын сатып алып отырған жергілікті тұрғындар да дән риза.
Нұржан Кенжеұлы
Бородулиха ауданы