Ойлаған көл мен тау қамын, Жағасында ел бар Марқаның…
Марқа өңірін аралап жүргенде алуан түрлі адамдармен танысып, жүздес-дәмдес болдық. Пікір алысып, бір-бірімізден сыр тартыстық. Шалғайда жатса да, ауа райының қолайсыздығынан қиналып, жолдың бейнетін қаншама тартып жүрсе де, солардың көпшілігінің осы өңірден кіндік үзіп кетер ойы жоқ екендігін айқын ұғынып, туған жер, өскен өлкеге деген адалдықтарына тәнті болдық. Өздері кетсе, өзгелердің де өкшесі көтеріле бастайтынын білгендіктен, бір-біріне сүйеу, тиянақ болып, қиыншылық атаулыны тізе қосып, бірге жеңуге әдеттенген бейнетқор да көнбіс қауым шама-шарқынша түтін түтетіп, тіршілік істеп жатыр.
Осындай жандардың бірі деп шалғай шеттегі Қарағайлыбұлақ қонысының тұрғыны Аманкелді Мамырбековті атауға әбден болады. Қарағайлыбұлақты қоныс деуіміздің себебі – мұнда қалған үш үйді «ауыл» деп дабырайтудың ретін таппағандықтан. Әйтпесе, ескі көздердің айтуынша, кезінде Еловка деп аталған осы мекенде 80 үй болған екен.
Аманкелді – Марқакөл мемлекеттік табиғат қорығының қорықшысы. Ол өзіне қарасты аймақтағы көл мен орманның, жалпы табиғаттың амандығы үшін жауапты. Арғы беттегі ауылдан Ұранхайға моторлы қайықпен зыр етіп жетіп келетін Аманкелді ара қашықтықтың көл арқылы 24, ал жағалаудағы ескі жолмен жүрер болсаң, 45 шақырым екендігін айтады. Мұны ол қыста «Боран» моторлы шанасымен жүргенде өлшеген көрінеді.
Қарағайлыбұлақта отырған үш үйлі қауымның балалары тегіс қалада, білім қуып, тіршілік қамдап, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» дегендей, өз жолдарын тауып кеткен. Аманкелді мемлекет шаруасын «түгендеп» жүргенде, оның зайыбы Айтжамал қол қусырып отырмай, «Айым» атты шаруа қожалығын құрып, бала-шағаға нәпақа болар түлік өсіруге тәуекел еткен екен. Бүгінде бұл шаруашылықта 27 жылқы, 18 ірі қара өсіріліп жатыр.
– Жазғы демалыстарында шаруаға інілерім, ұлым келіп көмектесіп кетеді, – дейді Аманкелді Иқанұлы. – Өзімізде шөпті шауып-жинайтын, таситын техника, агрегаттардың барлығы бар. Мал азығын мол қамдамасаң, таяқ ұстап қалуың қиын емес. Қыста бұл аймақта қар 2,5-3 метрге дейін жауады.
Өзіме қызметтік көлік ретінде берілген моторлы қайық және ат бар. «Боранды» өз ақшама сатып алдым. Сонымен бірге, радиотелефон, рация мінсіз жұмыс істеп тұр. Теледидар көріп отырамыз, токты жапон өндірісі шығарған шағын электростанция береді.
«Осындай шалғай өңірде де тәртіп бұзушылар бола ма?» – деген сауалға Аманкелді: «Болып тұрады», – деп жауап қайтарды. – Әсіресе, балық уылдырық шашатын кезеңде тегін олжаға қызыққан шақырусыз қонақтар әр тұстан қылаң беріп қалып жатады.
– Көбінесе ондай қонақтар тау асып, Катонқарағай өңірінен келеді, – дейді қорықшы. – Шама келгенше арам ойлы пысықайлардың жолын кесуге тырысамыз. Шама келмей жатса, рация арқылы орталықтан көмек шақырамын.
Зайсан ауданындағы Қарабұлақ ауылының тумасы А.Мамырбеков 2007 жылдан бері осы қорықта еңбек етіп жатыр. Оның мұнда келуіне Теректіде туып-өскен зайыбы Айтжамалдың ықпалы тигенін ол жасырмайды. Ал тұмса табиғаты талайға арман болған Марқаның жағасына келгеніне Аманкелді ешуақытта өкінген емес. Құлаққа ұрған танадай тыныш өңірде әлдекімдер құсаланып, түңіліп кеткен болар ма еді, ал Аманкелдінің осынау мүлгіген табиғатқа бауыр басып кеткені соншалық, әзірше бұл жерден кетуді ойына да алар емес.
– Екі бала өсірдік, – деп сыр бөліседі ол. – Қызым Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, қазіргі уақытта Өскемендегі педколледжде сабақ беріп жүр. Тұрмыста, екі баласы бар. Ал ұлым сол университетті биыл тәмамдады. Біздің міндетіміз – шамамыз келгенше соларға көмектесу, аяқтарынан тік тұрып кеткенше қолтықтан демеу. Өз кезектерінде олар да қолдан келген жәрдемдерін аямайды және балаларымыздың қол жеткізген азды-көпті табыстары, немерелеріміздің қуанышы – біз үшін шынымен мерей.
Осылай деп ағынан жарылған қорықшы кейбір көңілге кірбің салар жайларды да бүгіп қалған жоқ.
– Біз Төсқайың ауылдық округіне қараймыз, – дейді Аманкелді. – Шалғай шетте жатсақ та, алты-жеті адам ғана тұрсақ та, біз де елміз ғой. Оқта-текте келіп, «барсыңдар ма?» десе, ұшынып кетемін деп қорқа ма, әйтеуір біздің мекенге ауылдық округ әкімі өмірі ат ізін салып көрген емес. Келсе, біздің де айтар арыз-арманымыз, ортаға салар пікіріміз бар ғой…
«Марқакөл» атты шалқар айдынның бір шетінде, әйгілі қорықтың бір мүйісінде бір кездегі іргелі екі бірдей ауылдың аманаты мен арманын арқалап қалған үш үйлі Қарағайлыбұлақтың бүгінгі тынысы осындай. Онда тұрып жатқан шағын жұрттың лебізін, ой-пікірін тыңдай келе, біз «бұл мекеннің оты өшпейді, керісінше, біртіндеп лаулап жанып, молая бастайды» деген үмітті болжамға келдік.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.