Қоғам

Ойда жоқта соққан жел ойран салды

Ойда жоқта соққан жел ойран салды

Өткен жексенбінің кешінде соққан қатты жел Семей көшелерінің астан-кестенін шығарды. Құтырына соққан дауыл мен шелектеп құйған нөсердің арты қаланы айтарлықтай шығына ұшыратты. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ шұғыл тапсырмасымен апат зардаптарын жоюға байланысты арнайы жұмыс тобы, комиссия құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жетекшілік етуде.
Істен шыққан электр желілері, қираған автокөліктер мен жұлынған шатырлар, жыртылған билбордтар қазір жөнделіп жатыр.
Ойда жоқ жерден ойран салып кеткен табиғаттың тосын қылығын синоптиктер болжап та үлгере алмай қалыпты. «Қазгидромет» мамандары сол күні Ақмола облысында осындай дауыл мен нөсер соғатынын айтқан. Ал семейліктер кешкі 18.30 шамасында еш алаңсыз көшеде серуендеп жүрген болатын. Желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін жеткендіктен, оқиға барысында бірнеше адам зардап шеккен. Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, жел жұлып кеткен ағаш өтіп бара жатқан әйел адамның үстіне құлаған. Тағы екі ер азамат денелеріндегі әр түрлі сынықтармен қалалық ауруханаға түскен. Сол күні жедел жәрдем көмегіне тағы 10 адам жүгініп, олардың 8-і ауруханаға жатқызылды.
Әлеуметтік ғимараттар мен тұрғын үйлер де біршама зиян шеккен. Соның ішінде 13 білім беру және 3 әлеуметтік-мәдени нысанның шатыры жұлынған немесе басқа да бүлінулерге ұшыраған. 12 көпқабатты үй мен 30 жер үй дауыл зардабын тартып отыр. Айтпақшы, ғимараттармен бірге 28 автокөлік және 28 электр желісі қираған. Нәтижесінде 57 мыңнан астам абонент жарықсыз қалды. Оның үстіне құлаған ағаштар мен жыртылған билбордтардың саны да аз емес. Семейде сол күні табиғи-апаттық сипаттарғы төтенше жағдай жарияланды.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасымен жедел құрылған жұмыс тобы қазір апаттық қызметтердің жұмысын бақылауға алып, қалпына келтіру жұмыстарын тездету үстінде. Облыстық ТЖД қызметкерлері берген мәліметке сүйенсек, оқиға орындарында қазірдің өзінде 200-ден астам маман және 50 техника жұмыс істеуде. Жарықсыз қалған 57184 абоненттің 50 мыңдайы электр желілеріне қосылып та қойған.
Табиғат тосын мінез көрсеткен түні электр қуаты тоқтап қалуы себебінен 13 мың семейлік ауызсу және кәріз жүйелерінен де ажырап қалды. Ал жолдарды құлаған ағаштар мен үйінділерден тазалау жұмыстарына қаланың барлық коммуналдық қызметтері тартылған.
-Қаланың сол жағалауында орналасқан №2 перзентхана сусыз және жарықсыз қалды. Суды тасып беру жедел ұйымдастырылды, босанған аналардың барлығы басқа перзентханаларға жеткізілді,-дейді облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, қазір ТЖ облыстық штабының барлық мүшелері жел бүлдіріп кеткен мектептер және ПИК жетекшілерімен жұмыс істеуде. Олар апатқа ұшыраған ғимараттарға өтемақы алу үшін қажетті құжаттарды жақын уақытта штабқа тапсыруы тиіс. Барлық ұйымдар мен жеке тұлғалар 5 тәуліктің ішінде бүлінген дүниелеріне акт жасатып, 10 күннен кейін барлық қирандыларға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуі тиіс.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button