Қоғам

Ойда қалған 10 оқиға

Ойда қалған 10 оқиға


2017 жыл несімен есте қалды? Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан 12 айға көз жүгіртсек, тауық жылы облыста ауыз толтырып айтар жетістіктер аз болмапты. Бүгінгі мақаламызда өңірде орын алған оқиғалардың ішінен елдің есінде қалған онын іріктеп алдық.

1. «Нұрлы жол» саябағы ашылды

Ландшафтылы архитектура үлгісімен салынған нысанның ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Аз уақыт ішінде бой көтерген саябақтың құрылыс жұмыстарына «Қазцинк» ЖШС, «Полиметалл» АҚ, «КАЗ Минералс» тобы қаржылай қолдау көрсетті. Саябақтың заманауи стилистикасы үшін гранит, ағаш және өздігінен көгалданатын топырақ сияқты табиғи, экологиялық таза материалдар қолданылған. Мұнымен қоса, 500 түп ағаш отырғызылған. Жаңа саябақта елімізде өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерінің ынтымақтастығын паш ететін «Нұрлы жол» монументі бой көтергенін айта кеткен орынды.

2. «Токамак» іске қосылды

Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде курчатовтық ғалымдар алғаш рет әлемде теңдесі жоқ жоба қазақстандық термоядролық «Токамак» қондырғысын іске қосты. Айта кетейік, елордада тұсауы кесілген бұл термоядролық материалтану реакторын салу жөніндегі шешімді 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған. Содан бері Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта біздің мамандар ұзақ жылдар ресейлік ғалымдармен бірлесіп жобаны жүзеге асырған. Айта кетейік, биыл Астанада өткен халықаралық көрмені тамашалап қайтуға 120 мыңнан астам шығысқазақстандық барды.

3. Бокейхановқа арналған ескерткіш

Семейде Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай қазақтың қайраткер ұлы Әлихан Бөкейханға арналған ескерткіш бой көтерді. Қаладағы Жеңіс саябағының жанынан орын тепкен ескерткіш қоладан жасалған. Биіктігі тұғырымен алты метрге жуық. Осы орайда, Алаш Орда жетекшісіне арналған ескерткіштің Шығыстағы рухани жаңғырудың бастамасы болғанын айта кеткен жөн.

4. Киелі жерлер картасы жасалды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері көне жәдігерлеріміз бен тамыры тереңге жайылған тарихи-мәдени мұраларымыздың екінші тынысы ашылды. Бүгінде еліміздің әр түкпірінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттау қарқынды жүргізілуде. Соған орай, біздің облыста өңірлік бағдарлама аясында киелі жерлер картасы жасалды. Бұл тізімге Қоңыр әулие үңгірі, Шілікті қорғаны, Ырғызбай ата кесенесі, Абай-Шәкәрім мемориалды кешені, Берел қорымы, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кесенелері сияқты киелі орындар енген.

5. Тұңғыш рет кәсіпкерлер форумы өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен ұйымдастырылған «Туған жер» кәсіпкерлер форумы өтті. Өскемендегі бұл форумға қатысқан аймақтың кәсіпкерлері мен қалталы азаматтары алтын ұя мектебіне екі миллиард теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетті. Форум барысында өңірдегі білім беру мекемелерінің инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған «Менің мектебім» акциясы өтті. Шығыстың меценаттары бұл жолы да туған өлкенің ертеңіне бейжай қарамайтынын көрсете білді.

6. Көшеге Қазыбек бидің есімін беру ұсынылды

Өскемендегі ең үлкен көшелердің бірі – К.Маркс көшесіне Қазыбек бидің есімі берілуі мүмкін. Облыстық соттың ұжымы мен Жібек маталар комбинаты ықшам ауданының ақсақалдар алқасы қалалық әкімдікке осындай ұсыныс айтып, хат жолдапты. Ал қалалық мәслихат депуттары тарапынан қолдау тапқан ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияда қаралуда.

7. Тағы бір қазақ мектебі ашылды

Ойда қалған 10 оқиға

Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің заман талабына сай жаңа ғимараты ашылды. Алыстан көз тартатын әсем ғимаратты төрт жылдың ішінде «BI Group» компаниясы салып шыққан. Олар республикада осымен төртінші Назарбаев зияткерлік мектебін іске қосып отыр. Осы орайда, аталмыш білім ошағының бұрынғы ғимараты №47 мектеп болып қайта ашылғанын айта кеткен орынды.

8. Әуежай жаңартылды

Облыс орталығында халықаралық талаптарға сай әуежай терминалы ашылды. Енді мұнда қол жүгін тексеру шаралары оңтайланады. Өйткені, барлығы автоматтандырылған. Сағатына 200 жолаушы қабылдауға қауқарлы. Терминалдың ашылуы Өскемен арқылы өтетін әуе рейстерінің санын екі есеге ұлғайтады деген үміт бар. Зайсан мен Үржарға ұшатын рейстер жиілеуі мүмкін.

9. Латын әліпбиін үйрететін орталық

Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада латын әліпбиін оқытып-жаздыруға арналған орталық ашылды. Онда латын қарпін үйренемін деушілерге әрдайым есік ашық. Тіпті, мұнда кітаптар мен интернетті ақысыз пайдалануға болады. Айта кетейік, алдағы уақытта мұнда жаңа әліпбиді меңгеруге арналған онлайн кеңестер мен сабақтар ұйымдастырылады.

10. Өндірістің өрісін кеңейтетін жеті жоба қолға алынды

Облысымызда технологиялық серпіліс әкелетін жеті жоба қолға алынуда. Бұл жобалар «ҮМЗ», «ТМК», «Қазцинк» кәсіпорындарының базасында іске аспақ. Олар: қорғасын мен мырыш өңдеу технологиясын жаңғырту, «Гидрополимет» қондырғысы арқылы ауаға шығатын өндірістік қалдық мөлшерін азайту, магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар алу, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасау, титан металын мұнай-газ саласына кіріктіру, титаннан жасанды дене мүшелерін дайындау, хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру технологиясын әзірлеу. Бұл жеті жобаға 2,7 млрд. теңге бөлінген.

Әзірлеген – Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button