Қоғам

Қояндарды қынадай қырып жүр

Қояндарды қынадай қырып жүр

Өскеменнің Шмелев лог ықшам ауданында белгісіз жыртқыш аң жүрген көрінеді. Көбінесе үй қояндарына шабуыл жасап, жұлма-жұлмасын шығарады екен.
Тордың ішінде отырған қояндарды қырып кетіп жүрген аңды тұрғындар өз көздерімен көрмеген. Тек ғана құрбан болған қояндарды бақшадан тауып алған.
– Таңертең далаға шықсам өлі қояндарым бақшада жатыр. Екеуінің де мойын сүйегі сыныпты. Тістің іздері анық байқалады, – дейді Елена есімді Шмелев лог ықшам ауданының тұрғыны.
Дәл осылай тордың тіреу ағаштарын кеміріп, есігін жұлмалай ашып, көршілерінің де қояндарын қырып кеткен белгісіз аң. Бұл оқиға бұрынырақта Ушанов ауылында да орын алған екен. Кейіннен Шмелев лог тұрғындары түн мезгілінде сол маңайдан дала мысығына ұқсас бір хайуанды байқаған. Фонарь жарығын түскенін көріп қойған дала жануары соңынан қос марғауын ертіп көзден ғайып болған.
Мұны көрген тұрғын кәсіби аңшыларға суреттеп айтып берген. Аңшылардың ойынша белгісіз аң – Қарақалға ұқсайды. Дәлірек айтсақ, дала сілеусіні. Терісі бір түстес қарақалдың салмағы 11-19 келінің айналасында. Құлақтарының ұшында желбіреген қылдары бар. Өте сақ жануар. Балаларын қорғау үшін адамға да шабуы мүмкін. Негізінен мысықтың бұл тұқымы Африка мен Орта Азияның далаларында кездесетін көрінеді. Ал дала сілеусіні Өскеменнің маңайына қайдан келді? Қырдағы өрттен қашып келді ме? Әлде балаларын аңшылққа үйретіп жүрген түрі ме? Бұл аңшылардың ойы ғана. Ал нақты қала төңірегіне қайдан келгені әлі күнге жұмбақ.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button