Қоян өсіруді қолға алды
Самар ауылында қоян шаруашылығын дамыту қолға алынды. Өйткені, бұл кәсіптің табысы мол. Қоянның етін айтпағанда, үлпілдеген жүнді терісінің өзіне сұраныс жоғары.
Шағын және орта бизнесті дамытуды қолға алған Түсіповтер әулеті бүгінде қоян өсіріп, табысқа кенеліп отыр. Зейнеткерлікке шыққанға дейін бұл кәсіпке тек хобби ретінде қараған Қалыбек Түсіпов кейіннен оның пайдасы мол екенін түсінген.
– Үй қояндары – тазалықты жақсы көретін өте кірпияз және нәзік жануарлар. Күтуші адамға тез үйреніп алады. Сондықтан оларды бағып, өсіру қиын шаруа емес. Кәсібім алға басқан соң, жұбайым Әсияға да жұмыс табылды. Ол қоян терісінен тымақ, күртеше сияқты сырт киімдерді тігіп, сатумен айналысады. Менің кәсібім заңды түрде жүріп жатқандықтан ешқандай кедергі жоқ. Тек жемшөп мәселесі қиындық туғызады. Оның үстіне шабындық жерім де жоқ, – дейді Қалыбек Түсіпов.
Жаздан бері мұнда 100-ден астам қоян сойылып, етінің келісі дүкендерде 1000 теңгеден саудаланған. Асқазан-ішек ауруларына таптырмас бірден-бір ем болатын қоян етін тұтынушылардың қарасы көп Самарда. Сондықтан кәсіпкер алдағы уақытта да бұл өнімге сұраныс жоғары боларына сенімді. Ал аудандық кәсіпкерлер палатасы қоян етін нарыққа шығару жолдарын кеңейтуге атсалыспақ.
– Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының аясында жеке кәсібін бастап, табыс табуға ниетті жандар көп. Мысалы, өткен жылы 150 жоба жүзеге асты. Біз Қалыбек Түсіповке жемшөп әзірлеу үшін шабындық жер алуға көмектесетін боламыз. Әзірге кәсіпкер жер реформасына енгізілетін өзгертулерді күтуде, – дейді Әлия Мұқашева.
Кәсіпкердің айтуынша, қояндардың аузы жемнен құрғамауы керек екен. Қояндарды тәулігіне 80 рет жемдеу қажет. Күніне 2-3 рет тамақтандырса, аштан қатуы мүмкін. Оның мал етінен айырмашылығы холестериннен мүлдем ада.
– Әдетте, аналығы жылына төрт рет 6-12 көжек туады. Ал еті мен терісі үшін өсірілетін шаруашылықтарда қоян 20-ға жуық көжек туады, олардың бір тобынан 40-50 келі ет алынады. Түбіт алу үшін өсірілетін шаруашылықтарда әрбір ірі қояннан жылына 350 – 500 грамм түбіт алынады, – дейді ол.
Барлық мәселелері оңтайлы шешімін тапқан соң кәсіпкер қояндарды екі есеге дейін көбейтіп, тігін цехын ашуды жоспарлап отыр.
Керек дерек:
Ғалымдар үй қояны жеті айлығына дейін ядролық қалдықтарды, сондай-ақ, гербицид пен пестицидті бойына сіңірмейтінін дәлелдеді. Қоян етінде холестерин мүлдем жоқ. Есесіне қоян еті ақуызға, витамин мен минералға бай. Қоян еті гипертония мен тағам аллергиясына шалдыққандарға, ішек құрылысы мен өт жолдары ауыратын науқастарға таптырмайтын тағам. Әрі иммунитетті көтеретін қасиеті бар екен.
Ажар Сағатбекова
Көкпекті ауданы.