Қоғам

Қой жылының үздіктері анықталды

«Дидардың» таңдауы-2015

Қой жылының үздіктері анықталды

Жылдағы дәстүрге сай «Дидар» газеті биыл да өз таңдауын жасады. Бір жыл бойы жарияланған мақалаларды саралап, салмақтай келе, әртүрлі салаларда жұлдызы жанған үздіктер анықталды. «Жүзден жүйрік шыққандарды» редакция ұжымы өз ішінде дауысқа салу арқылы іріктеді. Сонымен, «Дидардың таңдауы» кімдер екен?

«Жыл кәсіпкері»

Қой жылының үздіктері анықталды

Бұл аталымның иегері – Зайсан ауданындағы «Жоңғар» шаруа қожалығының басшысы Болатбек Мизамхан. Майлы дақылдар өсірумен айналысатын шаруашылық биыл әр гектарынан 25-30 центнерге дейін соя алып, суармалы егіншіліктен мол табыс табуға болатынын нақты іспен дәлелдеп жүр. Болашақта іскер азаматтың сояны өндірумен қатар, өңдеуді де қолға алмақ ойы бар.

«Жыл спортшысы»

Қой жылының үздіктері анықталды

Бұл аталымға облыстық ішкі істер департаменті «Арлан» арнайы мақсаттағы жасағының қызметкері Айдын Алпысов лайықты деп танылды. Ол қараша айында Ресейдің Киров облысында өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері арасында гір көтеруден өткен жеке және жалпыкомандалық ашық турнирде төрт бірдей алтын медальді олжалады. 73 келі салмақта сынға түскен ол оннан астам мемлекеттің үміткерлері қатысқан дүбірлі додада бір сағатта 16 келілік гір тасын 943 рет көтеріп, халықаралық турнирдің «Батыр даңқы» аталымын иеленді.

«Жыл өнерпазы»
Қой жылының үздіктері анықталды
Бұл аталымды облыстық филармонияның әншісі Нұргүл Қабдоллаеваға беруді жөн көрдік. Нұргүл 25-27 қазанда Астанада өткен «Менің Қазақстаным» атты халықаралық ән байқауында бірінші орнын жеңіп алған. Аталған байқауға еліміздің барлық өңірлерінен және көрші Қырғызстаннан барлығы 32 өнерпаз қатысқан-ды.

«Жыл ерлігі»

Қой жылының үздіктері анықталды

Семей қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімшесінің старшинасы Дәурен Абылхасеновтің жасаған ісі осы аталымға әбден сай деп ұйғарылды. Ол Шүлбі су қоймасында мұз жарылып, суға батып бара жатқан адамды құтқарып қалған. Және оны өзінің киіміне орап жылындырып, жолшыбай көліктерді тоқтатып, үйіне дейін жеткізіп тастаған. Белгісіз азаматтың арқасында ажалдан аман қалған Николай Заставин, болса өзін құтқарған жанның аты-жөнін сұрауға мұршасы келмеген.
Артынан жеті ай бойы ел-жұрттан сұрастырып жүріп өзіне өмір сыйлаған батырдың кім екенін әрең анықтайды. Ең қызығы, Дәуреннің ерлігін оның жанындағы әріптестері Дәуреннен емес, ажалдан аман қалған Николай Заставиннің аузынан алғаш рет естіген.

«Жыл оқырманы»
Қой жылының үздіктері анықталды
Бұл аталымды «Дидардың» әрбір санын жібермей оқып, кейбір мақалаға қатысты ой-пікірін білдіруді де әсте ұмытпайтын тұрақты оқырманымыз Күршім ауданының тумасы, бүгінде Өскемен қаласында тұратын Советхан Қалиғожин қанжығасына байлады. Өзі ақын, тарихшы ағамыз – облыстың бас басылымын үзбей оқумен қатар, «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Абайдың 170 жылдығы», «Тылсым дүние», «Тіл бітсе, сурет не дейді?» сияқты айдарларға қалам тербеп жүрген белсенді авторлардың бірі.

Айтыс жасағандар – Есімжан Нақтыбайұлы, Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button