Қоғам

Қой жылы айтулы оқиғаларымен есте қалды

Қой жылы айтулы оқиғаларымен есте қалды

Қой жылы да тарих қойнауына аттанып барады. Бұл жыл Шығысымызда қандай айшықты оқиғаларымен есте қалды?
Ең бастысы, өткен жылды елімізде, өңірімізде «қой үстіне бозтарғай жұмыртқалаған» тыныш жыл болды. Көпұлтты Шығыс Қазақстанның тұрғындары қашанғы әдетінен жаңылмай, қоғамдағы ұлтаралық татулық пен береке-бірліктің, достықтың, дінаралық ынтымақтастықтың айшықты үлгісін паш ете білді.
Сәуір айының алғашқы онкүндігінде облысымызға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жұмыс сапарымен келді. Президент сапарының аясында өңірде бірқатар әлеуметтік нысандар қолданысқа берілді.
Оның бірі – Өскеменнің Сол жағалау бөлігінен орын тепкен, сәулеті алыстан көз тартқан облыстық драма театры. Шығыс Қазақстан жұртшылығы көптен күткен нысанның ашылу салтанатында Мемлекет басшысы: «Мен театр ғимаратының салынуына мүдделі болдым. Өскеменге жыл сайын келемін. Бұл – еліміздің индустриялық жүрегі. Әлгінде металлургтермен жүздескенімде, жастық шағымды есіме алдым. Металлургтердің елдің тұрақтылығы, достығы, адамдардың өзара түсіністігін қолдайтындығы туралы ойларын ден қоя тыңдадым. Олар сіздерге келіп, өздерін рухани тұрғыдан байыта түсетін болады», – деп еді.
Қой жылының басты оқиғасы ретінде жалпақ жұрттың есінде қалған оқиға 26-сәуір күні өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы болды. Мемлекет басшысын сайлауда шығысқазақстандық сайлаушылар тарихи таңдау жасап, асқан белсенділікпен дауыс беруге қатысты. Сайлауға өңіріміздегі дауыс беру құқығы бар тұрғындардың 97,57 пайызы қатысып, олардың 98,37 пайызы өз дауыстарын Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА берді.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы да облысымызда өз деңгейінде сән-салтанатымен аталып өтті. Атаулы датаны мерекелеу аясында түрлі этномәдени орталықтар өкілдері ағаш көшеттерін отырғызса, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХI сессиясы, этномәдени орталықтардың «Өз елім» облыстық музыкалық фестивалі, облыстың Достық үйлері арасында спартакиада, Қазақстан халқы форумы сынды шаралар өткізілді. 2015 жылдан аймақта Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы жұмысын бастаса, қоғамдық бастамалар негізінде Аягөз, Жарма, Үржар, Зайсан, Көкпекті, Ұлан аудандарында Достық үйлері ашылды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы аймақтың барлық қалалары мен аудандарында кеңінен аталып өтілді. Ал Астана қаласында өткен салтанатты шеруге облысымыздың 17 соғыс ардагері қатысып қайтты. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Бейбіт күнді сыйлаған ардагерлерімізге құрмет жыл бойы жалғасын тапты.
Биыл алаш жұрты өзінің біртуар асыл перзенті, кемеңгер хәкім Абайдың туғанына 170 жыл толған мерейтойын сән-салтанатымен атап өтті. Атаулы дата аясында Ұлы ақынның туған жерінде Досхан Жолжақсыновтың режиссерлігімен түсірілген «Құнанбай» фильмі жарыққа шықты. Ақынға арналып ас беріліп, республикалық ақындар айтысы өтті.
Аймақта Конституцияның 20 жылдығы да кеңінен тойланып, Ата Заңның мәні мен маңызын ұлықтауға арналған, оған деген құрмет пен жауапкершілікті дәріптеуді мақсат тұтқан ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, акциялар ұйымдастырылды. Ал Өскемен қаласында 100 мың адамның қатысуымен 150-ден астам мерекелік шаралар өткізілді.
Биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі –Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды. Облыста атаулы датаға орай Тарбағатай ауданында Дәулетбай батырға, Аягөзде Құттыбай биге, Катонқарағай ауданында Қаратай батырға, Жармада Байтайлақ батырға, Күршімде Барақ батырға, Абай ауданында Мамай батырға арналып ескерткіштер соғылса, Ұлан ауданында Төлегетай бабаға арналып ас берілді. Осылардың түйіні ретінде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналып халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Қой жылында барша алаш жұртының мерейін үстем еткен тағы бір айтулы оқиға – үшінші қазақ баласы Айдын Айымбетовтің ғарыш кеңістігін бағындыруы болды. Елбасының қолынан Халық Қаһарманы атағын алған даңқты ғарышкер қараша айының басында қасиетті Шығыс топырағына табан тіреп, Өскемен және Семей қалаларында болды. Ғарышкерге облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ аймақ жұртшылығының атынан Skoda Superb темір тұлпарын мінгізді.
Ал Тұңғыш Президент күніне орай Өскеменде ересектерге арналған алғашқы медициналық оңалту орталығы ашылды. Орталық мемлекеттік және жеке серіктестік аясында тұрғызылған. Жыл сайын бұл мекемеде үш мыңнан астам адам оңалтудан өте алады. Оңалту орталығы заманауи үлгідегі техникалармен жабдықталған. Бұл – еліміздегі ересектерге арнап бой көтерген тұңғыш орталық. Енді осы медициналық мекемеде Қазақстанның түкпір-түкпірінен науқастар келіп оңалтудан өте алады. Бұл мекеме – ауыр жарақат алғандарға, инфаркт, инсульт, сал ауруына шалдыққандарға таптырмас орын. Сондай-ақ, жүрекке және тамырға жасалған отадан кейін де сырқаттар осы жерге келуіне болады. Дәрігерлер оларды әлемде мойындалған әдістермен емдемекші.
Жыл соңында облыс орталығында «АЛТАЙ АГРО INVEST – 2015» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Франция, Чехия, Малайзия, Моңғолия, Бразилия, Канада, Үндістан, Швейцария, Израиль және БАӘ, барлығы 13 елден 70-тен астам инвесторлар мен дипломаттар қатысты. Нәтижесінде 32 млрд. теңгенің ынтымақтастық туралы 9 меморандумына қол қойылды.
Міне, өтіп бара жатқан Қой жылы Шығысымызда осындай ұланғайыр айтулы оқиғаларымен есте қалды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button