Қоғам

Қой орнына қоян бағып отыр

Қой орнына қоян бағып отыр

Қоян өсіріп-ақ қыруар пайдаға кенелуге болады екен. Үржарлық 25 жастағы кәсіпкер Әмір Серікқазыұлы қой баққаннан гөрі, қоян баққанды тәуір көріпті.

Қазы-қартатурап, құйрық-бауыр асап отырғанда қоянның еті кімге керек дейміз ғой? Сөйтсек, керек екен. Үлкен шаһарларда таңсық ас дайындайтын түрлі мейрамханалар қоянның етін қанын тамызбай сатып алатын көрінеді. Әмір алғашында көптеген бизнес-жоспарларды шолып отырып, ұзын сонар тізімнің ішінен шаруашылықтың осы түрін таңдап алған. Ойлана келе ол аудандық жұмыспен қамту орталығынан 3 млн. теңге несие алады.

Ай сайын 6, кейде 12 көжек дейін дүниеге әкеледі. Әмірдің айтуынша, шаруашылықты дөңгелетіп әкету әу баста қиын болыпты. Не болса да тәуекелге бел буған іскер жігіт алдымен қоянға арналған қораптарды дайындауға кіріседі. Үкіметтен несиеге алған қаржыға ағаш кесетін құрылғы, тақтай, темір торкөздер сатып алып, қабат-қабат қоян-қора салады.

– Сосын аналықтарын іздеуге кірістім. Жан-жақтан сұрау салып отырып, асыл тұқымдысынан, етті, салмақты түрлерін таңдап әкеле бастадым. Шаруашылықты бастағанда 30 аналыққа қол жеткіздім. Бағалары да арзан емес. Жылдам өсетін жануар ғой, аналығы ай сайын туады, кейде 6, тіпті, 12 көжекке дейін дүниеге әкеледі, – дейді ол.
Жылдам көбейетін, жануардың жылдам пайда әкелетіні де заңдылық. Әмір қоянды 4 ай ғана бағады екен. 4 айға толған қоян нағыз бабына келіп, едәуір салмақ жинайды. Бордақыдағы қояндар бөлек бағылып, сатылымға дайындалады. Бір қоян 2-2,5 келі ет береді екен. Жас кәсіпкер дайын етті Өскемендегі мейрамханаларға өткізеді.
– Өзімнің үнемі өткізіп тұратын мейрамханаларым бар. Олармен келісімшартқа отырып, ай сайын қалағандарынша қоян етін әкеліп беріп отырамын. Мейрамханалар менен еттің келісін 1400 теңгеден сатып алады. Бұл, әрине, арзан, дегенмен сұраған бағаларына қарай әкеліп беріп жүрмін. Астанадағы баға 2800 теңге екенін ескерсеңіз, мен Өскеменге өте арзанға беріп жатырмын, – дейді үржарлық азамат.

Қытайлық кәсіпкерлер Әмірден қоян етін көңілге қонымды бағаға сатып алмақшы болыпты. Бірақ ол жақтан тіркемесі бар жүк көлігімен келетінін естіген Әмір төбе шашының тік тұрғанын да жасырмады.

400-500 қоянды асырау үшін де қыруар күш-қайрат керек. Бидай, арпа, сұлы, басқа да дәнді дақылдардан жасалған жемді талғамай жейтін бұл кеміргіштерге күніне бірнеше шелек арнайы азық кетеді екен.

Еті тез өткенімен терісі тұзға қатып, қорада жатыр. Қоян жылдам көбейіп, тез өскенімен, өте аурушаң жануар көрінеді. Иесінің айтуынша, қазір қолды аяққа тұрмай, көкке шапшып тұрған қояның көз алдыңда, қас пен көздің арасында өліп қалуы мүмкін. Алғашында ауырған қояндарын алып-ұшып жергілікті мал дәрігерлеріне барғанда ол жердегілер: «балам, жылқыңды, сиырыңды әкелсең емдер едік, қояныңды білмейді екенбіз» деп шындарын айтыпты. Тұңғыш туған аналықтардың көжектерін емізбей қоятыны, байғұстарға егеуқұйрықтардың шабуыл жасайтыны, көжектерінің әлсіз болатыны сияқты проблемалар, бұл істе де жетерлік. Әмірдің айтуынша, қоян өсіру үшін өзіңнің егіп отырған егінің, жемшөп кешенің болуы керек. Әйтпесе сатып алып берген жеміңмен айтарлықтай табысқа жету қиын.

Әзірге сатылымға шығатын дайын өнім ет қана. Бір жылға болсын шыдайтын қоян терісі ешкімге қажет болмай тұзға қатып қорада жатыр. Сән үйлері, тағы басқа да, тігін орталықтары тек өңделген теріні ғана қабылдайтындарын айтыпты. Оны өңдеу үшін біліктілік пен арнайы аспаптар қажет. Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерде ондай мүмкіндік қайдан болсын?! Әмірдің ендігі мақсаты – сол үйіліп жатқан теріні кәдеге жарату, ауыл іргесіне тиіп тұрған Қытайдан арнайы құрылғы сатып әкеліп, теріні үлбіретіп өңдеу. Қазіргі технология теріні тек қана илеу емес, оны химиялық жолмен мұнтаздай ғып тазартып, жүнін жылтыратып бояу деген сияқты заманауи талаптардан тұратыны және бар. Әмір тері өңдеуді меңгеріп алса, алдағы уақытта сәнқой қыздар иықтарына желбегей жамылып жүрген қоян ішіктер мен бас киімдер тікпекші.

– Аудандық жұмыспен қамту бөліміне үлкен алғысымды айтқым келеді. Олар менің әрбір ісіме қолдау білдіріп отыр. Несиені де еш кедергісіз алдым. Қазір жатсам да, тұрсам да босқа ысырап болып тозып жатқан көп теріні кәдеге жаратуды ойлап жүрмін. Оған мемлекет тарапынан қолдау болса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді жас кәсіпкер.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button