Қоғам

Қой бағып, қатарынан озған ана

Қой бағып, қатарынан озған ана


Ақ қойдың бағасы аспандап тұрған кеңестік кезеңде оны дұрыстап бағып, бабын таба білген талай жанның ер атанып, материалдық тәрі рухани тұрғыдан да атақ-даңққа, игілікке бөленгені шындық. «Екінші тың» атанған осы саланың бейнетін бір кісідей тартқан әрі жақсылығын молынан көрген ардагерлер әлі де арамызда жүр.

Сондай ардагерлердің бірі, бірегейі – әйел болса да аға шопан атанып, саналы өмірін ел байлығын еселеуге, халық ырысын арттыруға арнаған, жанқиярлық еңбегімен облысқа танымал болған Нағимаш Мұқажанова. Әдейілеп барып жолыққанымызда, қазірде жетпіс үш жасқа толып, аудандағы ардақты әжелердің бірі болып отырған кешегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты бізді жылы қабылдап, әңгімеге ықыласпен кірісті.

– Өзім – осы Зайсан жағалауының тумасымын, – дейді Нағимаш Мәзенқызы. – 1943 жылы бүгінде су астында жатқан, сол тұста «Жаңа тұрмыс» колхозы атанған Қоржын деген ауылда дүниеге келіппін. Әкеміз соғыста қаза тауып, анамыздың қолында Әубәкір деген ағайым, Мәйкен деген сіңілім үшеуіміз қалған екенбіз. Ол кездегі балалық белгілі ғой, жастайдан тезек теріп, жусанның тамырын отынға жинап, анамызға қолғабыс жасайтын едік. Ойын ойнайтын уақыт жоқ, қайда жұмсаса, сонда жүгіріп, жан сақтаудың қамымен өстік қой.

Нағимаш апай небәрі он алты жасында тұрмысқа шыққан. Жолдасы Нұрсадық (Сақан) Мұқажанұлы екеуі басында құрылыста, кейінірек қамыс дайындауда еңбек етіп, қысқасы, басшылар қайда жіберсе де, бас тартпай жұмыс істеп жүреді. 1964 жылы Совет фермасы (қазіргі Алғабас ауылы) қой өсіретін шаруашылық болып құрылып, Мұқажановар бір отар тоқтыға ие болады. Қызық болғанда, күйеуі аға шопандықтан ат-тонын ала қашып, ақыры тізгінді Нағимаш өз қолына алған екен.

– Өзім тоғыз құрсақ көтердім, – деп еске алады сол кезеңдерді Нағимаш апай. – Қазір жетеуі аман жүр. Сол балаларымызды бір жасқа дейін еміземін де, марқұм енеме табыстаймын. Қалған тәрбиенің бәрін сол кісі өз мойнына алып, бейнетінің бәрін көтере білді. Біз Сақан екеуіміз қой бағуға бар пейілімізбен кірісіп, жан аямай еңбектендік. Құдайға шүкір, төккен теріміз зая кеткен жоқ, аз уақыттың ішінде алдымыз жүріп, көзге түсе бастадық.

Әр жүз саулықтан 135, 140, 150-ден қозы алып, 4 келіге дейін жүн қырыққан еңбекқор отбасының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Мұқажановтар жыл сайын ақшалай-заттай сыйлықтар алып, алуан марапат пен мадаққа ие болып отырды. Нағимаш Мәзенқызы әлденеше мәрте «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанып, үш рет облыстық партия комитетінің мүшелігіне сайланды. 1986 жылы Қазақстан Компартиясының XVI съезіне, 1987 жылы Қазақстан әйелдерінің II съезіне делегат болып барды, аудандық партия комитетінің бюросына мүше болды. Ал аудандық кеңеске екі мәрте депутат болғаны өз алдына жеке әңгіме.

Еңбекқор да іскер жан, озат шопан Нағимаш Мұқажанованың еңбегімен алған асуларының ең биігі, сол, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, сол кездегі алып мемлекеттің астанасы – Мәскеуге әлденеше барғаны деген болар едік.

– Бір күні өзіміз қой бағып отырған «Армян базы» деп аталатын телімге аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің бастығы Н.Ширяев келді, – деп еске алады Нағимаш апай. – «Уазигінен» түсе сала, ол кісі алдынан шыққан маған қарап:

– Нағимаш, сен КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болдың, – деп салды. Мұндай құрметке өзімді лайықты санамаған мен азарда-безер болдым:

– Жо-жоқ, мен Мәскеуге депутат бола алмаймын, басқа адамдар да бар ғой, соларды сайлаңыздар!..

– Болар іс болып қойды, Нағимаш, – деді Н.Ширяев сабырмен. – Аудандағы екі озат сауыншымен салыстырғанда сенің алған дауысың артық болып шықты. Бірер күнде Өскеменге жүресің, даярлан!

Ал сасқалақтайын әлгі жерде. «Қалай барамын, Мәскеуге?» – деймін қайта-қайта. «Не үстімде дұрыс киімім жоқ»…

– Сен кімнен кемсің? – деді сол кезде күйеуім. – Киімді сатып аласың, апаратын арнайы адамдар бар. Халық, басшылар құрметтеп жатқанда, бұл не дегенің? Ел сондай жерге жете алмай жүр, сен болсаң, бармаймын дейсің.

Оның бұл сөздері қамшы болып, мен ойланып қалдым. Сөйтіп, Күршімге келіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Ибежановпен әңгімелесіп, ақыл-кеңесін алған соң, көп ұзамай сессияға аттанып кеттім. Сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Протозанов Шығыс Қазақстан облысынан сайланған төрт адамды өзі бастап Мәскеуге алып барды. Ал енді ол жердегі көрген қызықтарымыз, қошемет-құрметтеріміз өмір бойы естен кете қоймас. Астананың көрнекті жерлерін түгелдей дерлік араладық, Ленин мавзолейіне бардық. Одаққа әйгілі өнер шеберлерінің концерттерін тамашаладық.
Осылайша, Нағимаш апайымыз 1970-74 жылдары Мәскеуге қатарынан төрт рет барған екен. Сонымен бірге, Жоғарғы Кеңес депутаттарына сол кездегі кеңестің құнды ақшасымен ай сайын 100 сом төленіп отырыпты. Бұл ол кезеңде бір жұмысшының айлық еңбекақысына тең қаражат болатын.

– Сөйтіп, ақ қойдың бейнетін де тарттық, игілігін де бір кісідей көрдік, – дейді Нағимаш апай. – Қазір жүз қойдан 190 қозыға дейін алдық десең, кейбіреулер сенбейді. Қалай болғанда да, жан аямай еңбек еткеніміз жұртқа белгілі. Сол кезде біздің Совет фермасы облыс бойынша дүрілдеп тұрды ғой.
Атақтары шартарапқа әйгілі болған Тәттәй Әбілқасымов, Қайролла Жылысов, ағайынды Көкенай, Зуқа Мұқатаевтар сынды үздік шопандар аудан түгіл облыстың мақтанына айналды емес пе?! Ал Әділхан Әкімжанов Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Өз басым сол үздіктер шоғырының бел ортасында жүргенімді әлі күнге мақтан етемін.

Көпбалалы ана 1988 жылы зейнет демалысына шықты. Бірақ шаруашылық сенімді шопанынан айырылғысы келмей, Мұқажановтар сол отарды 1996 жылға дейін, совхоз тарағанша бағады.

Бүгінде Нағимаш Мәзенқызы өзінен өрбіген үш ұл, төрт қызынан 24 немере, тоғыз шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Өкінішке қарай, 48 жыл отасып, тату-тәтті ғұмыр кешкен қосағы 2007 жылы ауыр науқастан дүние салып, бір қанатынан айырылған құстай болып, көңілі қоңылтақсып қалған еді. Тәубе, бұл олқылықты қазіргі кезде өзін жақсы көретін немере-шөберелері толтырып отыр.

Қамқор ана, ардақты әже, бар өмірін адал еңбекке арнаған абзал да адал жан Нағимаш Мұқажанованың өмірбаяны осындай. Өткен шаққа айналған аяулы да арманды кезеңдер бүгінде жанды жылытар естеліктерге айналған. Сол естеліктер қайда жүрсе де көңіліне шуақ сеуіп, үмітіне қанат бітіріп, алға жетелеумен келеді. Өйткені, оның жалынды жастық шағы, тірліктегі назды да да нәтижелі кезеңдері түгелдей сол естеліктерге түюлі.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button