Қоғам

Оқушыларымыз француз тілін меңгереді

Оқушыларымыз француз тілін меңгереді


Облыста келер жылы француз тілін оқитын оқушылар саны мыңға дейін жетпек. Қазірдің өзінде өңірдің тоғыз мектебінде екі жүзге тарта оқушы осы тілді меңгеріп жатыр.

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэні қабылдау барысында айтылды.

Бұл үшін ең алдымен француз тілінде бірінші кезекте оқытатын отыздан астам аймақтық педагогтардың біліктілігі арттырылып, айлық курстардан өткізілмек. Болашақта олардың санын қырыққа дейін жеткізу көзделген. Ұстаздарға курстарды Франциядан келген мамандар өткізетін болады.

– Біз облыста француз тілін оқытуды енгізу бойынша бірлескен ауқымды жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қазір тоғыз мектепте 200-ге тарта оқушы француз тілін меңгеруде. Келер жылдан бастап олардың санын мыңға дейін жеткізетін боламыз, – деді Даниал Ахметов.

Кездесуде облыс басшысы әлемде кең таралған шетел тілдерінде еркін сөйлеудің маңыздылығына кеңірек тоқталып, осыған дейін мұндай тәжірибе Шығыста ағылшын тілін үйрену бойынша да жүргізілгендігін атады. Енді облыс француздармен тығыз әріптестік орнатуды көздеп отыр. Аталмыш курстарға еліміздің басқа өңірлерінің ұстаздары да қызығушылық танытуы әбден мүмкін. Өзге өңірлерден келген мұғалімдер оқу кезінде баспанамен қамтылатын болады. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасы нақты шаруаларды қолға алған.

Өз кезегінде елші мырза облыс басшысының француз тілін үйренуге жасап отырған қолдауына үлкен ризашылығын білдірді.

– Алдағы маусым айының басында Сіздердің педагогтарды Астанаға арнайы шақырып, жақынырақ танысатын боламыз, олардың тілді білу деңгейін тексереміз. Ал шілде айынан бастап француз мамандарының қатысуымен тілдік курстарды ұйымдастыратын боламыз, – деді Филипп Мартинэ.

Тараптар арасындағы кездесуде сонымен бірге аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен таңғажайып туристік әлеуеті туралы да әңгімеленіп, екіжақты әріптестікті дамытудың басқа да қырлары талқыланды. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы ежелгі сақ қорғандарынан табылған, әлем бойынша баламасы жоқ қазбаларды бірлесе зерттеу, түркі әлемінің құндылықтарын дәріптеу мақсатында облыста жылда өткізілетін халықаралық ірі мәдени шараларға, көрмелерге бірге қатысу, Еуропалық қайта құру және даму банкімен облыс арасында бекітілген жобалардың іске асырылу барысы, аталған банк арқылы өңірге қажетті еврокоптерлер сатып алу жайы айтылды. Атап өтерлігі, Шығыс Қазақстан мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында бүгінге дейін барлығы 29 жобаның келісімі жасалған.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button