Қоғам

Оқушыларды балмен және сүтпен толық қамтуға мүмкіндігіміз бар

Оқушыларды балмен және сүтпен толық қамтуға мүмкіндігіміз бар
Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық режимдегі кеңейтілген кезекті аппараттық кеңес болып өтті. Онда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалардың жай-күйі, оқушыларды балмен және сүтпен қамтудың барысы және өзге де маңызды мәселелер талқыланды.

– Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада Екатеринбург қаласында Қазақстан мен Ресей мемлекеттері басшыларының қатысуымен кезекті өңіраралық ынтымақтастық форум өтті. Ол басқосуға мен де қатысып қайттым. Бұл жиында Өскемен қаласындағы автозауыт құрылысына екі елдің Президенті тарапынан қолдау білдірілгенін атап өткен жөн. Ол кәсіпорында шығарылған көліктердің негізінен Ресейдің Сібір өлкелеріне сатылатыны жөнінде де солтүстік көршімізбен келісімге қол қойылып отыр, – деді облыс Әкімі.

Аймақ басшысы Шығыс Қазақстанның Алтай өлкесімен, Новосібір, Омбы облыстарымен және Алтай Республикасымен барлық салада өзара тиімді қарым-қатынастар қалыптастырғанын айтып, өз орынбасарларына, басқарма жетекшілеріне алдағы уақытта осы байланыстарды бекемдей түсу, екіжақты келісімдердің орындалуын бақылауда ұстау және Кедендік одақ мүмкіндіктерін барынша пайдалану туралы тапсырма берді. Облыс Әкімі, сонымен қатар, жуырда іске қосылған Өскемендегі Жекпе-жек сарайының құрылысына асарлата атсалысып жатқан аудандар мен қалалардан келген өкілдерге өз алғысын жеткізді. Нысан алдағы уақытта ашылуы тиіс.

– Ағымдағы жылдың соңына дейін бізге Жеңіл атлетика манежінің құрылысын аяқтау қажет, оған да барша аудан-қалалардың жұмыла көмек көрсеткені абзал. Металлургтердің мәдениет үйіндегі реконструкцияның бірінші кезеңін де тез арада бітіру керек, Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын сол жерде өтетін болады, – деді өңір басшысы.
Бұдан соң облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев өзі қатысқан Үкімет отырыстары бойынша есеп берді. Ол шағын шаһарларды дамыту бағдарламасына қатысты қатаң талап қойылып отырғанын жеткізіп, осындай мәжілістерге дайындалатын құжаттардың сапасын сынға алды.

– Барлық басқармалар мен әкімдіктер әзірлейтін құжаттар негізінен анықтамалық сипатта болып келеді, олар тек атқарылған шаруаларды тізбектеп шығады. Ал Үкімет отырыстарында бізден қандай жоспарлардың орындалмағанын және неліктен орындалмағанын түсіндіруді талап етеді, – деп атап өтті Ермек Көшербаев. Сол себепті, құжаттардың мазмұнына алдағы уақытта жіті көңіл бөлген жөн.

– Ең бастысы, Президенттің, Үкіметтің, Парламенттің тапсырмаларының орындалуын бақылау керек. Елбасы бізге индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша жобаларға субсидия беру, кәсіпкерлерге грант бөлу бойынша сын айтқан болатын. Осы міндеттерді барынша жедел әрі тиянақты орындау қажет. Одан соң облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы құрылған болатын, олардың бірнеше ұсыныстары бар, бірақ әлі бірде-бір нақты бастаған жобалары жоқ, – деді аймақ басшысы.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Улакованың айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы 9 концессиялық жоба бойынша жұмыс жүргізуде. Олардың қатарында Өскемендегі 6, Семейдегі 5 балабақшаның, Өскемендегі 2 аурухананың, Майқапшағай-Зырян темір жолының, Бұқтырма су қоймасы үстінен өтетін көпірдің құрылысы бар. Алайда, олардың дені министрліктерде сараптамадан өтуде.

– Ұсынылып отырған жобалар нақты әрі құны бойынша қолжетімді болуы тиіс. Әйтпесе, ешбір инвестор оларды қолға алмайды. Сондықтан, жобалардың құжаттамалары айлап министрліктерде жатпауы тиіс, олармен ұдайы жұмыс істеу керек, – деді аймақ басшысы.

Концессиялық жобаларды іске асыру бойынша облыстағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының төрайымы Әлия Масақова да баяндама жасады.

Келесі кезекте моноқалаларды дамыту бағдарламасының іске асырылу барысы талқыға салынды. Екінші жыл қатарынан жүргізіліп келе жатқан аталмыш бағдарлама аясындағы зәкірлік жобалардың аяқ алысы көңіл көншітпейді. Олар – Зырян қаласындағы алтын мен күміс өндіру фабрикасы, Курчатовтағы радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу орталығы, Серебрянкадағы бейорганикалық бұйымдар зауыты, Риддердегі құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын. Жалпы, биылғы он айдың ішінде өнеркәсіп өнімінің жоспары тек Риддерде ғана орындалған.
Осы ретте аймақ басшысы селекторлық байланыс арқылы Риддер, Курчатов қалалары мен Зырян ауданының әкімдеріне шағын шаһарды дамыту бағдарламасы аясындағы кешенді жобаны жыл соңына дейін аяқтау, қаржыны толық игеру, барша жобалардың орындалуын ширату туралы бірқатар маңызды міндеттерді тапсырды.
– Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлінген. Аталмыш шаһарлардың экономикасы тек бір ғана ірі кәсіпорынға тәуелді болмауы тиіс. Сол себепті, өзге өндіріс орындарын, басқа салаларды өркендету қажет, – деді облыс Әкімі.

Бұдан кейін облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев мектеп оқушыларының тағам рационына бал мен сүтті енгізілуі туралы мәлімет берді. Облыс Әкімінің тапсырмасына сәйкес аталған басқарма мамандары өңірдегі 687 мектептің 383-інде тексеру жүргізген. Жалпы, бал мен сүт барлық мектептердегі оқушылардың ас мәзірінде кездеседі екен.

Облыста бүгінгі таңда 167746 оқушы бар, олардың 71 мыңы – бастауыш сынып оқушылары болса, қалған 96 мыңы – 5-11 сынып оқушылары. Бастауыш сынып оқушылары балмен 100 пайыз қамтылған, ал қалған оқушылардың небәрі 57 пайызы (55 мыңы) бал жейді. Тексеруде анықталғандай, 7 өңірде (Абай, Аягөз, Глубокое, Зайсан, Жарма, Курчатов, Өскемен) бал аптасына 3 рет, ал қалған аудан-қалаларда күн сайын берілуде. 100 пайыздық қамтылу деңгейіне Аягөз, Бородулиха, Жарма, Зайсан, Зырян, Катонқарағай аудандары мен Курчатов қаласында ғана қол жеткізілген.

Аймақ басшысы оқушылары балмен тек 50-70 пайызға қамтамасыз етілген Көкпекті, Абай, Бесқарағай, Ұлан аудандарының және ең төменгі көрсеткішке ие Риддер қаласының (43,6 пайыз) әкімін сынға алып, жағдайды түзетуді талап етті.

Облыс мектептерін оқу жылының бірінші жартысында қамту үшін 1 миллион 855 мың тонна сүт қажет екен. Бородулиха мен Зырян аудандарында ғана оқушылар сүтті күнде тұтынады, қалған өңірлерде аптасына 2-3 рет ішеді. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, облыста тек Семей қаласында және Бородулиха, Зайсан, Зырян, Катонқарағай, Күршім аудандарында оқушылар сүтпен толық қамтылған, ал көрсеткіштері төмен өңірлер – Көкпекті, Абай, Жарма, Бесқарағай, Аягөз аудандары мен Курчатов, Риддер қалалары. Жалпы, облыс бойынша 27 мың оқушы (16,5 пайыз) сүтпен қамтылмай отыр.

– Облысымыздың оқушыларды балмен де, сүтпен де толықтай қамтуға мүмкіндігі мен әлеуеті жетіп артылады. Солай бола тұра, қамту көрсеткіштері төмен. Оқушыларға бір оқу жылында 500 тонна бал керек, ал Шығыс Қазақстан жылына 5-7 мың тонна бал жинайды. Мектеп директорлары мен ауыл әкімдері осы бағытта жергілікті шаруа қожалықтарымен мақсатты жұмыс істеуі тиіс. Бұл бастаманы елімізде алғашқы болып біздің облыс бастаған болатын. Енді осы істі аяғына дейін жалғастыруымыз қажет. Одан соң ешкімді алдаудың керегі жоқ, тексеру комиссиясы келген кезде ғана балалардың алдына бал қойып, көзбояушылықпен айналысу жайттарының кездесетінін де жақсы білеміз, – деп ескертті облыс Әкімі.

Осы тақырыпты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов жалғады. Ол норма бойынша бастауыш сынып оқушысының бір күнде 60 грамм, ал 5-11 сынып оқушысының 120 грамм бал тұтынуы тиіс екенін атап көрсетті. Жалпы, облыстағы оқушылардың бір оқу жылындағы балға деген қажеттілігі 505 тоннаны құрайды.

– Қазіргі кезде Өскемендегі «Пасека» қожалығы балды арнайы полиэтилен құтыларға құюмен айналысуда. Олардың айына 50 тонна балды осылай қаптау мүмкіндігі бар. Мұнымен қоса, қазір жеті-сегіз кәсіпорын мен жеке кәсіпкер де осы істі қолға алған. Бірақ оларға сұраныс аз. Білім басқармасы оқушылар үшін тек осындай құтыдағы балдарды алса жөн болар еді. Одан соң мұндай бал құйылмалы өнімге қарағанда таза болады, – деп ұсыныс жасады ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Сүтке келер болсақ, облыс оқушыларына оқу жылы көлемінде 3200 тонна сүт қажет екен. «Оны жергілікті қожалықтардан-ақ алуға болады» дейді сала жетекшісі. Облыс шаруашылықтарында жылына 740 мың тонна сүт сауылатынын ескерсек, бұл ретте де ешқандай мәселе болуы мүмкін емес.

– Оқушыларды балмен және сүтпен қамту ісін қаржыландыру «50 де 50» принципі бойынша жүзеге асуы тиіс. Қаржының жартысы мемлекет тарапынан, қалған жартысы ата-аналар мен демеушілерден түсуі керек. Аз қамтылған отбасылар мұндай төлемнен босатылуы қажет. Келесі жылдың бюджетін бекіткен кезде осы бағытты да қарастырған жөн. Басты мақсат – оқушыларды балмен және сүтпен 100 пайыз қамту, – деп түйіндеді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button