Қоғам

Оқушыларды аймақ тарихымен таныстырды

Оқушыларды аймақ тарихымен таныстырды

Өскемендегі Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Шығыс Қазақстанның 25 кереметі\” атты айлықтың ашылу салтанаты өтті.
Мәдени іс-шара барысында мектеп оқушылары өлкеміздің қайталанбас сұлулығы мен көркем табиғаты туралы ақпараттармен танысты. Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының кіреберісінің фойесінде кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда аймағымыздың тарихынан сыр шертетін аңыздар мен әңгімелер, даңқы шыққан жерлес тұлғалардың портреттік бейнелері мен өмірбаяндары туралы тың мағлұматтар көрермендердің назарына ұсынылды. Сондай-ақ, бұл күні театрландырылған қойылым балалардың көңілін бір көтеріп тастады. Ал «Инкора» тобы мен Жігер» фольклорлық ансамблінің орындауындағы музыкалық туындылар жиналғандардың ерекше қошеметіне ие болды.
Бұл шараның жалғасы келесі күні «Қолшанамен Шешектен кітапханаға дейін…» атты мәдени ойын-сауықтық бағдарламасымен Шешек асуында жалғасын тапты. Мұнда ертегі кейіпкерлері сайқымазақтар мен аққала балаларға қызықты спорт ойындарын ойнатып, өлкемізге қатысты сөзжұмбақтарды жасырды. Сонымен қатар, балалардың көңілін аулау үшін түрлі сауалнамалар да жүргізгенін айта кеткен жөн.
Аталмыш шараны ұйымдастырушы Эльмира Шағыраеваның айтуынша, өңіріміздің көркем табиғаты туралы жазылған кітаптардың суреттері жапсырылған үнпарақтар балаларға сыйға тартылыпты.
– Оқушылар Тәуелсіздік кезеңіндегі өлкеміздің мәдениеті мен спорттық жетістіктері жөніндегі мәліметтермен танысты. Туған жеріміз жайында көптеген деректі мағлұматтар алды. Сондай-ақ, өлкемізден шыққан танымал тұлғалардың өмірбаянын оқыған соң олардың жазған туындыларын осыдан бастап зер салып, оқитындықтарын жеткізді, – дейді Эльмира Шағыраева.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button