Қоғам

Оқушыларға табиғи сүт пен шипалы бал беріледі

Оқушыларға табиғи сүт пен шипалы бал беріледі


Аудан тұрғындарымен бетпе-бет танысуды көздеп осыған дейін бірқатар ауылдық округтерді аралап шыққан аудан әкімі Дулат Қажанов Құйған ауылдық округінде де болды. Дулат Зайсанбекұлы бұл күні Қайыңды ауылына барып, ондағы орта мектептің жағдайымен танысты.

Мектеп директоры В.Рожинскиймен, мұғалімдермен әңгімелескен аудан әкімі өз көңіліндегі пайымдарын ортаға салды. Мектеп асханасына келгенде балаларға қағаз қораптағы жасанды сүттің берілетінін естіген Дулат Зайсанбекұлы көңілінің олқы түсіп қалғанын жасыра алмады.

– Бүгінде біз, – деді ол сүттің майлылығы, жарамдылық уақыты жазылған қорапқа көз салып тұрып, – тауарлы-сүт фермаларын құрып, сиыр саудыруға баса көңіл қойып жатырмыз. Мұның бәрі көп ұзамай жүзеге асатын жобалар. Міне, сонда балаларға қолдан сауылған табиғи, экологиялық жағынан кінәратсыз сүт пен өз ауданымыздың Маралды өңірінде өндірілген сапалы да шипалы бал беретін боламыз.

Бордақылау алаңдары мен сүт телімдерін құруға барын салып, тынымсыз жүгірумен жүрген әкімнің бұл сөзіне көпшілік күмән келтірген жоқ. Д.Қажанов бұдан соң мектептің спорт залына, кітапханасына бас сұғып, шағын орталықтағы бүлдіршіндердің жағдайларымен танысты. Директор мен басқа да ұстаздардың ой-пікірлеріне зейінмен құлақ түрген әкім алдағы уақытта осы арада ортаға салынған жайлардың барлығын жіті бақылауға алатынын, қолдан келгенше көмектесетінін айтып, уәдесін берді.

Аудан әкімінің Құйғанмен таныстығы осындағы айлақтан басталды. Д.Қажанов баржылармен жеткізілген көмірдің, Ақбұлақ өңіріндегі «Қаршыға» кенішінен тасылып жатқан кеннің жағдайына тоқталып, айлақтың бүгінгі жай-күйіне назар салды. Осы мекеменің басшысы В.Мячиков әкімді көп нәрседен құлағдар етті. Осыдан кейін ауылдағы дүкендерге, мешітке бас сұққан әкім ең соңында ат басын Құйған орта мектебіне тіреді. Мектеп директоры А.Қосантаев өзі басқаратын оқу орнының тарихынан сыр шертіп, қазіргі жағдайын мәлім етті. Мектептегі барлық ахуалмен жақын танысып, барынша ден қойған аудан әкімі бұдан соң ауылдық округ әкімдігінің, бұрынғы балабақша ғимаратынан орын тепкен ауылдық кітапхана мен мектеп кітапханасының жайымен танысып, ондағы қызметкерлерден өзін қызықтырған бірқатар сауалдарға жауап алды.

Сондай-ақ, аудан әкімі Топтерек ауылына апаратын жолдағы жылда тасқын су шайып кетіп, тұрғындарға өткел бермей жататын ауыл маңындағы көпірді көзбен көріп, оны жылда жөндегенше, күрделі жөндеу жасап, мызғымастай етудің жолын көрсетті.

Қарабұлақ ауылына әдейілеп келген Д.Қажанов ауылмен таныстығын осындағы «Нұрәли» шаруа қожалығының қырманынан бастады. Негізінен мал азығы үшін арпа өсіретін шаруашылықтың қырманында жемге арнап талқан тарту жұмысы қызу жүріп жатыр екен. Ондағы жұмысшылармен емен-жарқын әңгімелесіп, мән-жайға қаныққан соң қонақтар осы қожалықтың Ресейден сатып әкелінген асыл тұқымды «Герефорд» тектес сиырлары тұрған телімге келді. Ет бағытындағы бұл түліктің екі жасар өгізшелері жергілікті үлкен сиырлардан әлдеқайда тұрықты да күйлі екендігі бірден көзге ұрып тұр. Аудан әкімі болашақта тұқымы азып кеткен ұсақ-түйек малдардан арылып, осындай түліктерді жаппай өсіруге кірісудің кезек күттірмейтін міндет екендігін баса айтты.

Көзбен көріп, көңілмен түйсінген жайларды қорытындылай келе, Дулат Зайсанбекұлы оқушылары бейімделген акт залында жаттығып жүрген Құйған орта мектебінде спорт залын салу, осындағы жылыту орталығының екі пешін, мектептің төбе жабынын ауыстыру, әлектр сымдарын қайтадан тарту, сондай-ақ Қайыңды негізгі орта мектебінің ауласын абаттандыру жөнінде ұсыныстар дайындауды білім бөлімінің қызметкерлеріне тапсырды.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button