Оқушылар үздік жоба ұсынды

Өскемендегі №46 орта мектепте «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ІТ-форум өтті. Оған 400-ден астам оқушы қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
«Smart Еducation-Өскемен – 2019» форумы басталмас бұрын іс-шараға келген мәртебелі қонақтар оқушылардың ІТ технология саласындағы жұмыстарымен танысып, оң бағаларын берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның басты мақсаты Елбасы Жолдауындағы басты міндет – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған үздік ІТ-шешімдерді анықтау және балалардың зияткерлік, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Байқау қорытындысы шығарылған жиынға қала әкімі Жақсылық Омар қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
– Цифрландыру – заман талабы. Сондықтан қазір мемлекеттік қызметтің басым бөлігі цифрлық форматқа ауыстырылып, жаңа үрдістерге сай көрсетілуде. Тіпті ірі зауыттар мен өндіріс орындары да цифрлық технологияның жемісін көріп отыр. Мұның барлығы – Мемлекет басшысы ұсынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижесі. Елбасы Жолдауында бұл салаға ерекше мән беріп, инновациялық және сервистік секторларды дамытудың тиімді тетіктерін анықтап берді. Нәтижесінде осы салада білікті, кәсіби мамандар даярлау ісі қолға алынды. Бүгінгі ІТ-форум да – сол бастамадан туындаған іс-шара, – деді Жақсылық Омар.
Форум қорытындысы бойынша ең үздік деген IT-жобалардың жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында Тұрар Қасенов, Ерзат Бекенбай, Әли Бердібек, Жасұлан Бекенов, Иван Свахин, Кирилл Фоминых, Артем Юн сынды жасөспірімдер бар.
– Форумға қатысу үшін тыңғылықты дайындалдық. Нәтижесінде жүлделі орындардың бірін еншілеп қайттық. Шынымды айтсам, қуанышымда шек жоқ. Біздің бүгінгі жетістігіміз ұстаздар мен ата-анамыздың арқасы, – деп ағынан жарылды Ерзат Бекенбай.
Салтанатты іс-шара соңында ЗD модельдеу, сондай-ақ STEM-олимпиадасы мен спорттық робототехника саласы бойынша үздік жоба ұсынған отыздан астам оқушыға мақтау қағаздары табысталды. Солардың бірі – Диас Исаев. Ол №46 орта мектепте оқиды. Болашақта IT саласын жетік меңгерген білікті маман атанып, Өскеменнің күн санап қарыштап дамуына үлес қосқысы келеді.
– Мектепті ойдағыдай тәмамдап, еліміздегі беделді жоғары оқу орындарының бірінде білім алып, ата-анамның үмітін ақтағым келеді, – дейді ол.
Ажар Сағатбекова