Оқушылар өз өлкесінің тарихын таныстырды

Облыстық білім басқармасының ұйтқы болуымен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде тұңғыш рет мектеп мұражайларының облыстық фестивалі өтті.
Фестивальға облыстың әр түкпірінен 16 мектептің 100-ден астам оқушысы мен оқытушысы өздерінде сақталған құнды жәдігерлерді әкеліпті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тарих мұрасы» республикалық жобасы аясында өткен бұл шараның келесі бір мән-маңызы «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын жүзеге асыру екенін айта кетуіміз ләзім. Мейлі, қай бағдарламаның пұшпағын иелесе де өңір өркениетінің бай мұрасын айғақтайтын бұл фестиваль жас ұрпақты туған жерін, Отанын сүюге баулитын өнегелі дүние болды деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.
Тарбағатай ауданынан келген мектеп мұражайы 18-ғасырға тиесілі қару-жарақтар мен ер-тұрмандар әкелген. Күміспен күптелген өмілдірік-құйысқан, ноқта-жүген сол дәуірдегі елдің салт-дәстүрінен, өркениетінен сыр шертсе, қайыңнан қақталып, майға қайнатылған күрзі, бос мойын шоқпар сынды батырлардың қарулары сол кездегі Тарбағатай даласында өмір сүрген елдің ерлігін паш етіп тұр. Ал Катонқарағай өңірінен келген мектеп ұжымы Оралхан Бөкейдің көзі тірісінде істеткен дүниелерін әкеліпті. Айталық, Ардаққа әкелген сый-сияпаттары осы мектептің мұражайынан орын алыпты. Үржар ауданы сол өңірден табылған «Үржар ханшайымын» мақтанышпен таныстырса, Семейден келген «жас сарбаздар» екінші дүниежүзілік соғыста жасалған қару-жарақтармен таныстырды. Жарма мен Аягөз елінің ұландары Дулат Бабатайұлынан басталған жыраулардың жәдігері мен Әзілхан Нұршайықов сынды жазушылардың артында қалған мол мұрасын мақтанышпен өзгелерге таныстырып жатты. Ал Глубокое, Шемонайха, Бородулиха сынды аудандар сол өңірлердің өткен ғасырдағы тұрғындары жасатқан дүниелерін әкеліпті. Олардың ішінде глубокоелік өрендердің жәдігерлерді түсіндіру белсенділігін айрықша айта кеткеніміз жөн. Олар Ақтас аумағынан табылған алып жануарлардың тісі мен сүйегін көрме қонақтарының қолына ұстатып тұрып түсіндіріп жатты. Мамонттың ортан жілігі мен алып тісін қолына ұстап көру кімге болсын қызықты ғой, әрине. Өскемендегі дарынды балаларға арналған мектеп ұжымы қазақтың Хан апасы Қанипа Бітібаеваға арналған көрмені әкеліпті.

Фестиваль аясында облыстың үздік мектеп мұражайлары «Менің туған өлкем» атты жылжымалы экспозициялар көрмесін ұсынды, «Бізге, мұражайға келіңіз!» таныстырылымын өткізді және «Кіші Отан тарихы – Қазақстан тарихы» косплейдегі костюмдерін көрсетті. Оған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мұражай қызметкерлері, халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесі, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың оқытушылары, облыстық білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығының қызметкерлері баға беріп, үздік шыққандарын арнайы Алғыс хаттармен, аталымдармен марапаттады.
– Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара жас ұрпақты туған өлкесінің патриоты болуға баулитын ерекше бастама екенін айтпасақ та түсінікті. Телефон, гаджет сынды дүниелер қолынан түспейтін бүгінгі жастарды мұражайға апару түгілі, кітап оқытудың өзі қиын. Ал мұнда шараның екі тілде өткеніне қарамастан, әр өңірден келген балалар жәдігерлер арқылы тілсіз түсінісіп жатыр. Әрине, бірінші рет өтіп отырғандықтан, олқы тұстары да жоқ емес. Мысалы, жәдігерлердің сақталуы, оның қалпына келтірілуі сияқты жұмыстар әлі де көп еңбекті қажет етеді. Иә, мұның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Мұражай жетекшілеріне арнайы штат жоқ, ал білім ошақтарында арнайы сыныптар талапқа сай жабдықталмағандықтан, жаңағы олқылықтар орын алып отыр. Дегенмен бір ауыз толтырып айтар жетістігі – әр экспонаттың төлқұжаты толық, – дейді қазылар алқасының мүшесі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Алтай» археологиясы және мәдени мұрасы музейінің директоры Жаннета Қалиболдина.
Шара соңына қарай қазылар алқасы ақылдаса келе, Семейдің №37 мектеп-гимназиясына «Үздік жылжымалы экспозиция», Ұлан ауданының Украинка орта мектеп-балабақша кешеніне «Мектеп мұражайы – іздестіру және табу», Глубокое ауданының Быструха орта мектеп-балабақша кешеніне «Үздік үгіт бригадасы», Үржар ауданының Егінсу орта мектеп-балабақшасына «Үздік косплей», Шемонайха ауданының Верх-Уба негізгі орта мектебіне «Үздік өлкетану жұмысы», Бородулиха ауданының Уба-Форпост орта мектебіне «Үздік промо-ролик», Риддер қаласының Д.Қонаев атындағы №3 орта мектебіне «Мектеп мұражайы экспозициясының материалдары бойынша кіші Отанның тарихы мен табиғаты», Өскемендегі №15 орта мектебіне «Мектеп мұражайының үздік белсенділері», Семейдегі дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатына «Мектеп мұражайының үздік саяхат жүргізушісі», Күршім ауданының №3 Күршім гимназиясына «Мұражай жұмысына шығармашылық көзқарас», Алтай ауданы, Серебрянка қаласының №2 негізгі мектебіне «Мұражай тарихы», дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатына «3D мектеп мұражайы»», Аягөз ауданының А.Көшкінбаев жалпы білім беретін орта мектебіне «Мектеп мұражайы базасындағы әлеуметтік білім беру жобасы», Катонқарағай ауданының Оралхан Бөкей атындағы орта мектебіне «Мұражайлық бастама», Жарма ауданының Карелин атындағы орта мектебіне «Біз патриотпыз!» аталымдары берілді.
Өздерінің туған өлкесінің тарихына, тарихи мұрасына және еліміздің заманауи жетістіктеріне құрметпен қараған патриот жастарға баға беру қазылар алқасына оңайға тимегені белгілі. Қорытынды барысында көрмеге жетекшілік еткен педагогтардың да еңбегі ескеріліп, арнайы сертификаттар табыс етілді.
Фестиваль аясында қатысушыларға Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ «Большой Алтай» мұражайына саяхат ұйымдастырылды.
Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ