Оқушылар IT-технологиян жетік меңгергенін көрсетті

Өскеменде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Skills for geeks» атты облыстық чемпионат өтті. Оған 21 команда қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.
Чемпионаттың ашылу салтанатына «Нur Оtan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов қатысып, жас бағдарламашыларға сәттілік тіледі.
– Өткен жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен «Менің мектебім» акциясы аясында аймақтағы 277 білім ошағы Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты бойынша қайта жабдықталды. Бүгінде онда оқушылар веб-дизайн, роботтық техника, мехатроника, бағдарламалау негіздері және 3D модельдеу бойынша тереңдетілген білім алуда. Бұл балалардың креативті ойлау қабілетін жетілдіреді. Компьютерлік техниканы меңгерген жастар келешекте үлкен сұранысқа ие болады. Болашақта бүкіл әлем осы салаға бет бұрады. Сол себепті біз де көштен қалмаудың қамына кірістік, – деді Әнуарбек Мұхтарханов.
Айта кетейік, келесі оқу жылында облыстағы 378 шағын комплектілі мектепте ІТ сыныптары ашылады. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, ағымдағы жылдың 1-шілдесіне дейін өңірдегі мектептерге 2869 жаңа компьютер мен 500-ге жуық интерактивті тақта сатып алынады. Оған облыстық бюджеттен 899,4 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ өткен жылы өңір мектептерінің 544 мұғалімі «ІТ-технологиялар бағдарламасы» бойынша қайта даярлаудан өтіпті. Ал биыл 573 мұғалім дәл осындай курсқа барып, біліктіліктерін шыңдап қайтпақ.
– Облыстағы білім саласында атқарылып жатқан жұмыстардың дені балалардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталып отыр, – деді Әсем Нүсіпова.

Айтулы чемпионат «Нur Оtan» партиясының бастамасымен «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар ашу» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Аталмыш чемпионатқа қатысу үшін 2134 шығысқазақстандық оқушы өтініш білдірген. Нәтижесінде ең үздік ІТ-шешімдерді ұсынған 246 оқушы облыстық чемпионатқа жолдама алыпты. Олардың қатарында «Ақ ниет» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері де бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қатысушылар жас ерекшелігіне байланысты «+10» және «+14» деп екі топқа бөлінген.
– Биыл алғаш рет бұл чемпионатқа қатысушылар 3D модельдеу, бағдарламалау және роботты техника бағыты бойынша жарысып, өзара тәжірибе алмасты. Жарыс барысында балалар «PTC Creo Parametric 3.0», «Сумо», «Кегельринг», «Blender» сынды басқа да қиын бағдарламалардың шешімін тауып, білім деңгейлерінің жоғары екенін көрсете білді, – дейді ұйымдастырушылар.
Чемпионат басталмас бұрын іс-шараға келген мәртебелі қонақтар мен оқушылар ІТ технология саласын тереңдетіп оқытатын арнайы шеберлік сыныптарына қатысыпты. Солардың бірі – Бекжан Бекболат. Ол Курчатов қаласындағы №1 орта мектептің оқушысы.
– Облыстық чемпионатқа қатысу үшін тыңғылықты дайындалдық. Нәтижесі жаман емес. Біз бүгін 3D модельдеу бағыты бойынша жоба жасап әкелдік. Оған қазылар алқасының мүшелері оң бағасын берді, – дейді ол.
Бұл күні айтулы білім додасын 700 адам тамашалап, балаларға жанкүйерлік етті. Чемпионат барысында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың оқытушылары мен Семей электротехникалық колледжінің ұстаздары, сондай-ақ ІТ саласының ең үздік мамандары оқушылардың білім деңгейін тексеріп, оң бағаларын берді.
Жарыс барысында оқушылар теориялық және практикалық білімдерінің мықты екенін көрсете білді. Солардың бірі – Мәди Нұржанұлы. Ол Катонқарағай ауданындағы Қ.Дамитов орта мектебінің оқушысы. Болашақта ІТ саласының маманы болғысы келеді.
– Мектепте роботты техника сыныбы бар. Біз онда әртүрлі бағдарламаларды жасаумен айналысамыз, – дейді ол.
Чемпионат соңында Әсем Нүсіпова мен Әнуарбек Мұхтарханов жеңімпаздарды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Қазылар алқасының шешімімен «Бағдарламалау» бағыты бойынша «+10» жас аралығындағы командалар арасында Өскемен құрамасы жеңіске жетті. Ал «+14» жас аралығындағы командалар арасында облыстық мамандандырылған мектептің командасы үздіктер қатарынан көрінді. Ал «3D модельдеу» бағыты бойынша «+10» жас аралығындағы командалар арасында Үржар ауданының құрамасы жеңіс тұғырынан көрінсе, +14 жас аралығындағы командалар арасында семейлік оқушылар бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар «Роботты техника» бағыты бойынша «+10» және +14 жас аралығындағы командалар арасында облыстық мамандандырылған мектептің құрамасы бірінші орынды қанжығаларына байлап қайтты.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте «+10» жас аралығындағы командалар арасында облыстық мамандандырылған мектептің құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Семей құрамасы иеленді. Оларға 3D принтер табысталды. Үшінші орынды Абай ауданының құрамасы иеленіп, ноутбукке ие болды. Ал +14 жас аралығындағы командалар арасында Глубокое ауданының құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды облыстық мамандандырылған мектептің құрамасы иеленді. Ал үшінші орынға семейліктер табан тіреді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар, сондай-ақ медальдар табысталды.
Ажар Сағатбекова