Оқушылар «Ер намысында» бақтарын сынады
Өскеменде тұңғыш рет мектеп оқушылары арасында «Ер намысы-2016» атты спорттық жарыс өтті. Әр мектептен үш оқушыдан қатысқан триатлон сайысын қалалық спорт және денешынықтыру және білім бөлімінің мамандары ұйымдастырды.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған үш кезеңдік сайыстың алғашқысы Ертісті жағалай жатқан Новаторов көшесінен бастау алды. Бұл жерде әр мектептің үздік велошабандоздары бақ сынасты. Өздеріне белгіленген жердегі мәреге жеткендері эстафетаның кезегін келесі ойыншыға тапсырды. Келесілері екі шақырымды жүгіріп өтіп, эстафетаның таяқшаларын қара күш иелеріне берді. Олар кеуделерін жерден көтеру бойынша сайысқа түсті. Бұл жерде оқушылардың жарысқа үлкен дайындықпен келгендері бірден байқалды. Кеудені жерден көтеру кезеңінде бірі-бірінен асып түсіп жатты. Бұдан кейін желаяқтар Ұлы Отан соғысы мемориалының маңына белгіленген ақтық мәреге қарай жүгірді. Ал жарысты ұйымдастырушылар мен жаттықтырушылары сайыскерлерге сәттілік тіледі.
– «Ер намысы-2016» сайысын Өскеменде тұңғыш рет ұйымдастырып отырмыз. Келесі жылы бұл сайысқа әр мектептен бір баладан ғана қатысатындай етіп ұйымдастырмақпыз. Яғни, әр мектептің үкілеп қосқан ойыншысы велосипедпен де, жүгіріп те жарысады. Кеуделерін жерден көтеріп те сайысады. Сондықтан әр мектеп өз іштерінен мықтыларын таңдап алып, дайындық жұмыстарына кірісе бергендері жөн. Бүгінгі жарысымыздың түпкілікті мақсаты да сол, балаларды спортқа баулу, – дейді Өскемен қалалық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Алмас Атаев.
Жарыс соңында мәре сызығын бірінші болып кескендері бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздарына ие болды. «Ер намысы-2016» сайысының қорытындысы бойынша 3 жүлделі орынды №15 мектеп оқушылары иеленсе, 2 орынды №1 мектептің сайыскерлері қанжығалады. Ал бас жүлдені №45 мектептің оқушылары жеңіп алды. Жүлдегерлерді қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова құттықтап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Жүлдегерлер сондай-ақ, фитнес клубта бір ай тегін жаттығу жасау мүмкіндіктеріне ие болды. Спортшы балалар да жарысты ұйымдастырушыларға рахметтерін айтты.
– Бұл жарысқа бірнеше ай дайындалдық. Өзіміз оқып жатқан №45 мектептің намысы үшін тырысып бақтық. Нәтижесі көріп тұрғандарыңыздай, бірінші орын алдық, – дейді он бірінші сынып оқушысы Қанат Қамзанов. Сонымен қатар, аталмыш мектептің сенімін Надир Оразалы, Мейіржан Қайсаровтар ақтады.
Айта кетейык, алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа демеушілік көрсеткен – «Tim B» қоғамдық қорының төрайымы Ирина Бекшентаева.
Мерей Қайнаров
Өскемен.