Қоғам

Оқушылар қанша градус аязда сабаққа бармайды?

Оқушылар қанша градус аязда сабаққа бармайды?


Қараша қаһарына міне келді. Бұлай болғанда, қаңтар-ақпан не дейді? Жуықта Өскеменде өткен баспасөз жиынында төтенше жағдай қызметкерлері алдағы қысқа дайындықтары қай деңгейде екендігін айтып берді.

– Қар қалың түсетін аудандарға асты биік 160 көлік бөлінді. Ал республикалық маңызы бар – 12, облыстық маңызы бар төрт жолдың бойындағы қауіпті тұстарға жылыту бекеттері орнатылды. Жалпы саны – 16. Олар тәулік бойы жұмыс істейді. Бұған қоса Ұлан, Жарма, Бесқарағай аудандарында төрт дәрігерлік құтқару бекеті бар екендігін ескертіп қояйын, – деді төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Азамат Қапышев.

Оның айтуына қарағанда, құтқарушылар «кәрі құданы» күтіп алуға дайын. 4000-дай адам мен 1200-ден астам техника күші сақадай сай. Жедел құтқару шарасы үшін Өскемен әуежайында екі бірдей тікұшақ та қанатын қомдап әзір тұрғандығы мәлім болды.

Жиында білім басқармасынан келген өкіл де сөз алды. Оның айтуынша, егер желдің күші секундына екі метр болса, -28 градуста 1-4 сынып оқушыларына; -32 градуста 5-9 сынып оқушыларына; -34 градуста 10-11 сынып оқушыларына сабақ болмайды.

Егер желдің күші секундына 2 метрден асса, -23 градуста 1-4 сынып оқушыларына; -27 градуста 5-9 сынып оқушыларына; -29 градуста 10-11 сынып оқушыларына және колледждің 1-2 курс студенттеріне оқу шегеріледі. Желдің жылдамдығы Бофорт шкаласымен өлшенеді.

– Күн сайын таңғы алтыдан бастап әр ауданның білім беру бөлімі арнайы бұйрыққа сәйкес ауа райын бақылап, таңғы ауысымда оқитын оқушыларға қатысты шешім шығарады. Ал түскі ауысымда оқитын балаларға сабақтың болу-болмауы сағат 11 шамасында белгілі болады, – деді мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің жетекшісі Айгүл Доржанова.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button