«Оқу, оқу» деп жүріп отбасын құруды ұмытпайық

Шынын айту керек, негізі біздің халық қыз баланы оқытудан алдына жан салмайды ғой. Көп ата-аналардың «Ұлға екі қолға бір күрек табылады, қыз баланы оқыту керек» деп санайтынын мен жақсы білемін. Сөйтіп, несие алып, қарызданса да, қауғаланса да, қыздарын оқытып, бір дипломды алып береді. Кейбір деректерге қарағанда, елімізде жоғары оқу орнын бітірген қыздардың үлесі 55 пайызды құрайды екен. Дұрыс қой. Бірақ сол оқыған қыздарымыз отбасында бақытты ма? Неге оқыған қыздарымыздың көбі «кәрі қыз» атанып, отырып қалады? Мені мәселенің осы жағы көбірек мазалайды.
Осы біздің қыздарымыз «оқу, оқу» деп жүріп отбасын құру мәселесін ойдан шығарып алатын секілді. «Оқы, оқы» деп жүріп ата-аналар да қыз баланың мынау өмірдегі басты миссиясы – тұрмысқа шығу екенін ұмытатындай. Қалай десек те, өмірде әлі орнын таппаған кәрі қыздардың қатарын осы оқығандар толықтырып жатқаны рас.
Қызымыз мектепте оқып жүргенде-ақ, біз олардың миына «оқы, әйтпесе күйеуге шығып, көсеу ұстап қаласың» дегенді әбден сіңіреміз. Жаңа ғана қызғалдақтай құлпырып, бойжетіп келе жатқан қыз бала күйеуге тиіп, бала табуды бір қасіреттей қабылдайды. Сөйтіп, жатса-тұрса тест жаттап, оқуға түсуге жанталасады. Жоғары оқу орнына да түсіп, мамандық та алып шығады. Бірақ оқыған қызға өз теңін табу әсте оңайға түспейді. «Көк етікті кезікпей, көн етіктіні менсінбей» жүргенде, жасының қалай біразға келіп қалғанын байқамайды. Ал теңін тауып, тұрмысқа шыққандары не күйеуінің, не ата-енесінің тілін таба алмай ажырасып жатады. Онымен қоса дипломы бар қыздарымыздың күйеулеріне «мен оқығанмын, білімдімін» деп кеуде керетіндерін қайтерсің. Адамның білімділігін дипломмен өлшеуге бола ма? Білімді әйел деген қандай болуы керек?
Өкінішке қарай, қыздарымыз жоғары оқу орнында белгілі бір мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, диплом алып шыққанымен, отбасылық өмірдің жәй-жапсарынан мүлдем мақұрым. Өйткені, біздің қоғамда жақсы әйел болудың, бақытты отбасын құрудың құпиясын қыз балаға мектепте де, институтта да оқытпайды. Ал білетіндер «әйел болу да – үлкен өнер» дейді. Ертеде қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмаған ғой. Неге? Осы сауал төңірегінде бір сәт ойландыңыз ба? Өйткені ол кездегі аналарымыздың көкірегі ашық, ояу болды. Қолында дипломы болмаса да, отбасылық өмірдің қыр-сырын жақсы білді. Ерін төбесіне хан көтеріп сыйлауды, ата-енесін қадірлеуді, қонағын қабақ шытпай күтуді, туған-туыстарын құрметтеуді жақсы меңгерген болатын. Ал қазіргі қыздарымыз әйел болуды әлсіздік деп санайтындай. Тіпті олардың арасында күйеуінің нәскиін жуғанды да намыс көретіндер бар.
Не десек те, әлемнің тұтқасы – әйел екені рас. Сондықтан да отбасында қыз баланы тәрбиелеуге, отбасы құндылықтарын дәріптеуге баса назар аударған жөн. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде менің Айнаш Есали деген курстасым қызмет істейді. Бірде сол курстасым бір сұхбатында бойжетіп келе жатқан қыздарына кейде әзілдеп: «жақсы күйеу табу – жақсы мамандық табудан әлдеқайда маңыздырақ. Кәсіпті ауыстыруға болар, күйеуді жақсы күйеуге ауыстыру өте қиын» деп айтамын» депті. Қатты риза болдым. Әзіл де болса, Айнаштың сөздерінің астарында ақиқат жатқаны анық…
Мейрамтай Иманғали