Отызында орда бұзып, олжа салған Ожаев

Әміре Қашаубаев атындағы тұңғыш республикалық байқаудың лауреаты, тума талант Төлеген Ожаевты 80-ші жылдардың әнсүйер қауымы жақсы білуі тиіс. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дегендей, содан бергі уақытта өнер өлкесінде қаншама буын алмасты…
Таудай талап тау ұлына қонады
Біз қаласақ та, қаламасақ та, бір толқынды, бір толқынның ығыстыруы, бір буынды, бір буынның алмастыруы – табиғаттың заңдылығы. «Бір кездері ән әлемінде өзгелерге ұқсамайтын, өзіне ғана тән тұнық дауысымен, ерекше ән орындау мәнерімен тыңдарманын тамсантқан Ожаев бүгінгі күні қайда жүр екен? Өнер өлкесінен жырақтап кеткен жоқ па?» деген сауалдардың жетегімен Төкеңе жолыққан едік.
– Кезінде Төлеген Ожаевты танығандардың да, оның өнеріне табынғандардың да аз болмағанын білеміз. Дегенмен, «Біраз буын алмасты, жүріп өткен белестерді қар басты», дегендей кейінгі буынға өзіңізді таныстыра кетсеңіз?
– Зайсан қаласының оңтүстік-шығысындағы тау қойнауларына емініп жатқан Жаңатұрмыс дейтін ауыл бар. Әке-шешем малда болған адамдар еді. Мен туған жылдың қысында кіші Жеменей дейтін өзеннің жоғарғы жағындағы мал қыстауында отырған екен. Бұл 1956 жылдың желтоқсаны болатын. Балалығым да сол Жаңатұрмыста өтті. Туған жердің шалғынына аунап, суына шомылып жүріп ер жеттік. Қатарымыздан қалмай атқа шаптық, асық аттық дегендей…
– Өнерге келуіңізге кім немесе не себеп болды, есіңізде бар ма?
– Өнерге, өлеңге үйір болуыма үйдегілер себеп болды. Әкемнің Нұрғана деген өзінен бір жас үлкен жалғыз әпекесі бар еді. Жарықтық тұрмыс құрып, бала сүйместен жастай қайтыс болып кетті. Әлгі апайым еш жерде оқымаса да, домбыраны керемет тартатын. Әнді қалай орындаушы еді. Сол кісі бізбен бірге тұрды. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жүрсек те, күнде кешкісін жиылып ап, өзімізше концерт қоятынбыз. Әкем жарықтық гармошкада шебер ойнайтын өнерпаз адам еді. Ол гармошкамен, әпкем домбырамен халық арасына кең тараған әндерді бірінен соң, бірін төгілдіріп ойнайтын. Мен болсам әлгі шағын оркестрдің сүйемелдеуімен шырқатып тұрып ән салам. Өзің көз алдыңа елестетіп көрші. Мың сан жұлдыз жымыңдаған айлы аспан, қазақтың киіз үйі, ошақта лаулап жанған от, үйдің іргесінде жатқан бір отар қой. Музыкалық аспаптарға сүйеніп, ән айтып тұрған қаршадай бала. Ғажап романтика емес пе? Осы бір ғажап көрініс әлі күнге дейін көз алдымнан кеткен емес. Ән демекші, сол кездегі әндердің барлығын дерлік, радиодан үйреніп алатынмын. Қойшылар слетінде әкеме берген «Родина» деген радиомыз болды. Әлгінің құлағын ары-бері бұрап отырып «Шалқар» радиосын тауып алам да, қазақ әндерін тыңдай берем, тыңдай берем. Осылайша мен 1963 жылы мектеп табалдырығын кәдімгі ысылған әнші боп аттағам.
– Дайын әншіні көрген мектептегілер бірден қолдап-қолпаштай жөнелген болар? Жалпы оқушы кезіңізде де әнді көп айтып жүрдіңіз бе?
– Совет үкіметінің заманында 7-ші ноябрь мерекесінен басталып, Жаңа жыл, 23-ші февраль, 8-ші март, 1-ші май, 9-шы май деп бірінен соң бірі, жалғасып жататын мерекелер көп болатын. Сол мерекелердің қай-қайсысы болмасын мектеп өнерпаздарының концертінсіз өтпеуші еді. Өмірімде бірінші рет, сол М.Әуезов атындағы мектебімнің сахнасында жетім баланың рөлін ойнағаным бар. Әкесі майданнан оралмай, анасымен жетім қалған, әкесіне деген сағыныштан сарғайып, күн сайын жол қарайлап жүретін баланың рөлін образға кіріп, шынайы ойнап шыққаным соншалық, қойылымға келген қалың көрерменнің ризашылықтан ұзақ қол соққаны, осы күнге дейін құлағымнан кетер емес. Мектепті осылайша ән айтып, күй тартып, ойнап-күліп жүріп бітірдік.
– Мектеп бітірген соң арман қуып, оқуға түсуге қам жасаған боларсыз?
– Шынымды айтсам, ондай асқақ арманым болған да жоқ. Өз қуанышым өзімде, мектептен құтылғаныма мәзбін. Ондағы ойым, енді кең даланың төсінде өзің би, өзің қожа, емін-еркін атпен шауып, дауысың қарлыққанша ән шырқап, әсем табиғаттың аясында қой бағып жүру ғой баяғы.
– Үлкен өнердің өлкесіне қалай келдіңіз дегенім ғой?
– Мектеп бітірген жылдың жазы. Ойымда ештеңе жоқ, жайлауда, күндегідей қой бағып жүр едім: «Дереу Зайсанға жетсін!» деген хабаршы келді. Барсам, облыс орталығы Өскеменнен бес-алты адамнан тұратын комиссия келіпті. Олар ел ішінен өнерге бейімі бар балаларды іздеп, іріктеп жүр екен. Әр ауылдан келген, өздерін өнерпаз санап жүрген, қыз-жігіті бар біраз бала әлгі комиссияның алдында бағымызды сынадық. Содан, комиссияның көңілінен шықсам керек, ойламаған жерден үміткерлер тізіміне ілініп кеттім. Үміткерлер деп отырғаным, бұл іріктеу бүкіл облыс, тіпті, бүкіл республика бойынша жүргізіліп, көзге түскендер Алматыға барып бақ сынайды екен. Сонымен қойшы, Зайсаннан төртеуіміз, облыс бойынша 26 үміткер Алматыға келдік.
Екі енені тел еміп, ел жүрегін жаулаған
– Алматыға тұңғыш келуіңіз ғой?
– Иә, бәріміз ауылдың балаларымыз, көшеге шықсақ іздейтініміз мороженный. Шолпан деген нағашы апам бар еді. Әлгі кісі «Жоғалтып аласың» деп, іш киімімнің ышқырына қалта тігіп берген болатын. Әке-шешем берген азын-аулақ ақшамды сол «сейф» қалтаға салып алғам. Ақша керек боп қалса, әжетхана секілді оңаша жер іздейсің.
Арада бір-екі күн өткенде экзаменге де кіретін болдық. Вокалдан сынақ тапсыратындарды бір бөлек, мәнерлеп оқитындарды бір бөлек, біз секілді халық әндерін орындайтындарды тағы бір топқа бөліп-бөліп тастады. Өңшең профессорлар мен Еңбек сіңірген халық әртістері қаз-қатар жайғасқан екен. Ол кезде Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Бекен Жылысбаев т.б.с.с. елге танымал адамдардың кім екенін білмейміз ғой. Әйтеуір домбыраны қолыма ала салып, әкемнен үйренген «Қоғалай» әнін айтып бергенім есімде. Комиссиядағылар бір-бірлеріне қарасып, өзара біраз ақылдасқандай болды ма, әлде, дауласты ма тағы бір ән айтқызды. Іркілгем жоқ, неше жылдан бері репертуарымда айтылып, әбден ысылған әндерімнің тағы бірін шырқап жібердім. Сөйтіп, сынақтан өттім де кеттім.
– Сонда оқуға түсіп кеттіңіз бе? Жалпы, экзамен тапсырып ақ тер, көк тер болып жатқандарыңыз қандай оқу еді, не деп аталады?
– Оқуға түсуін түстім ғой. Бірақ онда 18 жастан бастап қабылдайды екен. Мен болсам, бар болғаны 16 жастамын. Содан, «ақ деді, көк деді», ақыры Ғарифолла Құрманғалиев өз класына алатын болды. Бұл өзі бір бөлек әңгіме. Ал түсіп жатқан оқуымыз сол кездегі Алматы эстрада-цирк өнер студиясы болатын. Сол жолы «Дәстүрлі әндер» бөліміне республика бойынша 15-16 бала түстік. Студияның негізгі мақсаты, жер-жерден жиналған жартылай дайын өнерпаздарға бар болғаны екі жылдың ішінде профессионалдық білім беру.
– Сөйтіп, студенттік өмір басталып та кетті?
– Бұл қазақ ән өнерінің өзі, жерінің географиялық орналасуына байланысты батыстық, шығыстық, жетісулық, Арқа әндері, Сыр әуендері болып бөлініп-бөлініп кетеді. Оны бұрын-соңды кім білген. Бізге домбырамен сүйемелдеп айтылатын ән болса болды. Оның арғы жағында, шыққан тегінде шаруамыз жоқ болатын.
Бір қызығы, әлде, менің бағыма орай ма, мен жатақханада өз сыныптастарыммен емес, Ж.Елебековтің шәкірттерімен тұрдым. Бір бөлмеде кешегі елге танымал әнші-композитор, жерлесіміз Тұрсынғазы Рахимов, жезқазғандық баритон дауысты әнші Ғалым Мұхамеддин, Мырзахмет Мукаманов деген жігіттер бірге тұрдық. Күнделікті дайындық барысында әлгілерден Арқа әндерін үйренем. Негізі, Арқа әндерін айтатындар, Батыстың әндерін, ал Батыс әндерін орындайтындар Арқа әндерін қатар меңгеріп кету деген, өте сирек кездесетін құбылыс. Олай дейтінім, Батыс әндері көбінесе домбыраны төкпелете тартып, өлеңді де төгіп айтуды талап етсе, Арқа әндері керісінше, баяу басталатын, кең диапазонды, иірімдері де аса күрделі болып келеді. Алғашында Арқа мектебінің ән орындау шеберлігін қызық көріп үйрене бастағам, келе-келе кәдімгідей ден қойып, шын ықыласыммен үйренетін болдым. Бөлмелестерім Жүсекеңнен үйреніп келеді, мен олардан үйренем. Сөйтіп жүріп студияны тәмамдағанда мен екі бірдей дәстүрлі ән мектебін бітіріп шықтым десем болады.
– Екі енені тел емген құлындар болушы еді, сіздің алған бұл тәліміңіз соған келеді екен?
– Жалпы, оқуымды бітіріп, елге қайта-қайтқанша екі шал (Ғарекең мен Жүсекең) мені қатты еркелетті. Көз алдарына кіп-кішкентай бала болып келгендіктен бе, курстағылардың арасында ең кішісі болғасын ба, әлде, екеуінің де мектебінен дәріс алғандықтан ба, әйтеуір екеуі де бетімнен қақпайтын. Кейде тіпті бір-бірінен қызғанып та қалатын. Соны анда-санда мен де пайдаланып қоятынмын. Қарным ашып, ақшам болмай қалса, әсіресе Жүсекеңнің сабақ жүргізіп жатқан жеріне баса-көктеп кіріп барам. Құдды бір баласы секілдімін.
– Әй ұл, неғып жүрсің? – дейді, сабағын ысырып қойып.
– Тамақ ішейін деп ем, ақшам болмай қалды, – деймін бетім бүлк етпей.
– Үй, сен өзі маған бір пәле болдың ғой, әкең тапсырып қойғандай, – деп өтірік кейіген түр танытып, қалтасынан 50 тиын, кейде ұсақ ақшасы болмай қалса бір сом беретін. Ол кезде ондай ақша студент үшін әжептәуір көмек. Аудиториядағы студенттер қыран-топан күліп жатады. Олардың күлкісінде шаруам жоқ, берген ақшасын алып ап, тайып тұрам.

Сағыныштың дауасы – туған жердің ауасы…
– Студияны бітірген соң, елге қайттыңыз ба, болмаса оқуыңызды әрмен қарай жалғамақ болдыңыз ба?
– Бірде Жүсекеңнің алдында Арқаның бірнеше әнін орындап беріп едім, қатты разы болды. Сәлден кейін: «Әй, ұл! Сен елге қайтам дегенді қой. Осы көктемде Қайрат Байбосыновты әскерге шақыртып жатқан көрінеді. «Гүлдер» ансамбліндегі соның орны босағалы тұр. Алматыда қалып жұмыс істе, оқуыңды жалғастыр. Уақыты келгенде үй де беріп қалар» деді қамқорлық танытып. Мен ойланатынымды айттым. Мұндай ұсыныс Ғарекеңнің тарапынан да болды. Ол кісі «Қазақконцертте» қал, өзім сөйлесіп жұмысқа алдыртамын» деген болатын. Бірақ ол кезде менің бүкіл ақыл-есім елге ауып, қайткен күнде де елге кетуге, елге жетуге қанатым ғана болмай жүрген.
– Сөйтіп, елге деген сағынышыңыз күннен-күнге асқынып, Алатауды Сауыр-Сайқанға айырбастадыңыз. Ол үшін кейін өкінген жоқсыз ба?
– Рас, сағыныш деген дерт қиын болады екен. Әрі оның дауасы, тек қана туған жердің ауасы екендігіне сол жолы көзім әбден жетті. Кейін, бірге жүрген әріптестер мен жолдас-жоралар тарапынан: «Үлкен кісілер өздері шақырып тұрғанда Алматыда бекер қалмадың. Ендігі бүкіл Қазақстанға танымал, дүркіреген әнші боп жүрер ең. Алматының қақ төрінен үй алар ең!» деген секілді әңгімелер айтылуын айтылған. Қалайда, мен елге барғаныма титтей де өкінген емеспін. Қайта әкем мен шешемнің көзін көргендердің, бала күнімізден араласып-құраласып кеткен көрші-қолаңдарым мен туыс-туғандарымның көз алдында жүріп өнер көрсеткенді әлдеқайда бақыт санадым. Бір ғана өкінішім бар, ол – менің сахнаға шығып ән салғанымды, түрлі атақ-дәрежелерге қол жеткізгенімді әкем марқұмның көре алмай кеткені. Басқа еш өкінішім жоқ, Аллаға разымын.
– Дүниенің бүкіл қызығын тәрк етіп келгенде, туған жеріңіз қалай қарсы алды?
– Елде жүрген жылдарымда небір таланттармен талаптас та, табақтас та болдым. Сол адамдардың үлкендерін өзіме өнеге тұтсам, соңымнан ерген іні-қарындастарыма бойымдағы өнерімді үйретуден жалыққан емеспін. Сондай өнеге тұтып өле-өлгенше құрметтеп өткен бір ағам, «Шығыстың жезтаңдайы» атанған Ораз аға Кәкеев еді. Оқушы күнімде ол кісімен алғаш жолығып, батасын алғаным да әлі күнге есімде. Ол кезде ауданның елді мекендерін, алыс-жақын қойлы ауылдарды аралап жүріп концерт қоятын «Агитбригада» деп аталатын көркемөнерпаздар бригадасы болатын. Ойламаған жерден солардың сапына қосылып, бірер күн жандарында жүргенім бар. Марқакөл жағынан Кәкеев деген әнші қосылды. Маңдайы кереқарыс, шалқайта тараған шашы бұйраланып, көкшілдеу көздері мейірім төгіп тұрады екен. Жарықтық Алланың берген өнерімен ел жүрегін ерекше жаулаған өнерпаз еді.
Кезекті бір концерттен соң дастарқан басында отырғанымызда қолындағы жілігін маған ұсынып: «Әй бауырым, неше күннен бері байқап жүрмін, бойыңа өнер қонған бала екенсің. Менің өнерімді берсін!» деп батасын берген еді, жарықтық.
Алматыдан алып-ұшып елге барсам, сол Ораз ағамыз Зайсанда театр ашып жатыр екен. Менің келуім, тура іздегенге, сұраған бола қалды. Шегенің арияларын түгелімен жатқа айтатынмын. Өйткені ұстазым Ғарекең театрда Шегенің рөлін ойнаған адам. Сол кісіден үйренгем. Бір-екеуін орындап беріп едім, Ораз ағамның қуанғаны соншалық:
– Міне, біздің Шегеміз келді! – деп балаша мәз болып, құшақтап бетімнен сүйді. Сол кезден бастап менің ән мен жырға бөленген, қызығы мен шыжығы аралас, серілік өмірім басталды да кетті…
Тұңғыш конкурстың, тұңғыш лауреаты
– Сіз бір жылдары Әміре Қашаубаев атындағы әншілер конкурсының лауреаты атандыңыз-ау деймін? Осы байқау жайында сәл тоқтала кетсеңіз?
– Әміре Қашаубаев атындағы тұңғыш республикалық әншілер конкурсы 1980 жылы Алматыда өтті. Оған бүкіл Қазақстаннан 80-ге жуық ән өнерінің майталманы қатысып, үш күн бойы қызыл қырғын шайқас болды. Мен ол кезде Павлодар облыстық филармониясының арнайы шақыртуымен сонда жұмыс істеп жүргем. Үш турдан тұратын конкурстың бірінші турында Арқаның үш әнін орындадым. Оның біреуі Жаяу Мұсаның «Көгершіні» болатын. Павлодардан, Баянауыл өңірінен барған соң репертуарды солай түзу керек болды. Екінші турға өтуін өттім. Бірақ сахнаның сыртында ұстазым Ғарекеңнен оңбай сөз естідім. Жарықтық, мінезі шатақ адам еді ғой, сықпыртып тұрып боқтап та алды. – Сәбәкі, мен сені шәкіртім деп марқайып жүрсем. «Жатты бауырыңа тартпа, түбі жатырына қашады» деген осы екен ғой. Тым құрыса, бір әнімді айтпадың ғой, – деп шалым қатты ренжіді.
– Ой аға! Сіздің әндеріңізді екінші турға сақтап тұрған жоқпын ба. Бұйыртса ертең айтам, Батыстың әндерін, – деп ұстазымды біраз алдаусыратып қойдым.
Шынымен де, екінші турда «16-қыз», «Шегенің әні», «Дудар-ай» сынды екпінді әндерді орындап, үшінші турға өттім. Үшінші турдың шарты бойынша әндерді араластырып орындадық. Сол жолы бағым жанды. Конкурс қорытындысы бойынша Әміре Қашаубаев атындағы тұңғыш ән конкурсының тұңғыш лауреаттарының бірі атандым. Осы конкурстан кейін көп ұзамай, марқұм Жәнібек Кәрменовтің республикалық газеттердің біріне «Екі енені тел емген» деп аталған көлемді мақаласы шықты. Сонда Жәкең менің Батыс және Арқа мектептерінің ән өнерін қатар меңгергенімді әдемілеп тұрып әңгімелеген екен.
– Төке, қазақтың дәстүрлі ән өнері бүгінгі эстрадалық топанның астында қалып қойған жоқ па?
– Қазақ эстрадасының бағының жанғанына мен өте қуаныштымын. Алайда сен айтып отырған дәстүрлі қазақ әні де, оған қоса айтыс пен күй өнері де қазақ халқының қанында бар өнер. Олар заманнан болсын, қайсыбір өнерден мақұрым адамнан болсын қандай теперіш, нендей шетқақпай, қысым көрсе де халықпен бірге жасай береді.
– Бұйыртса, алпыстың үшіне кеп қалдық деп отырсыз. Шыныңызды айтыңызшы, мына өмірден шаршап кеткен жоқсыз ба?
– Кез келген он екі мүшесі сау, ақыл-есі дұрыс адам өмірден шаршамауы керек. Қайта жасы ұлғайған сайын мына жалған дүниенің қымбат екендігін, Алла тағаланың адам баласына қиған жасының қамшының сабындай ғана қысқа екендігін ойлап, бітпей қалған шаруалары болса соларды бітірсем деп, жанталаса тірлік етуі тиіс секілді. Өмірдің бір кезеңдерінде әлденеге налып, әлденеден шаршаған кездеріміз болған шығар. Ал, жалпы мына өмірден шаршағам жоқ.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Мен өзі жаяу-жалпылап дала кезгенді жақсы көрем. Арқама кәдімгі рюкзагымды асып алам да, тау-тасты кезіп, өзен аңғарына түсіп, ұзақ уақыт судың ағысына қарап отырғанды ұнатамын. Мұндайда адамның санасы тазарып, денесі жеңілдеп қалады. Қарным ашса, өзіммен ала шыққан әне-міне тамағымды жеп, термостағы шайымды ішіп, әбден айызым қанғанша дала кезем. Сыртымнан көрген біреу, «Мынау бір қияли адам ба?» деп ойлауы да мүмкін.
Осыдан төрт жыл бұрын қаланың Семейге қарай шығаберісінде, тура Қабанбай бабамыздың ескерткішінің түбінен шағын дача алғам. Жаз айларында үнемі сонда болып, бақшаға қараймын. Қыстыгүні де жиі барып тұрамын. От жағатын пеші бар.
– Кешегі Ақан серінің де, Шәкәрімнің де жасы ұлғайған шақтарында елден жырақтап кеткендерін тарихтан білеміз. Бұл «Дача» деп отырғаныңыз да, сондай бір, елден жырақтаудың түрі емес пе?
– Ол жер менің шағын шеберханам десе болады. Сонда отырып ағаш жонып, домбыра жасайтыным бар. Дача дегенің, кешегі жүріп өткен жолдарыңды есіңе түсірсең де, болашаққа бір нәрсе жоспарласаң да, жеке қалып ой түйгенге таптырмайтын жер. Қалада ондай мүмкіндік жоқ қой. Астың да үй, үстің де үй. Көшеге шықсаң қайшы алысқан мәшине. Екі ортада, «ой ойлаймын» деп мәшиненің астына түсіп қалуың да ғажап емес.
– Оқырмандарымызға отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?
– Жұбайым Гүлшат та Зайсанның, оның ішінде Қараталдың қызы. Ол да – профессионал музыкант. Баян класын бітірген. Осында қаладағы мектептерде баяннан сабақ береді. Ер жетіп отырған екі ұлымыз бар. Мектепте оқып жүргендерінде екеуі де фортепианодан білім алған. Бірақ музыканы қумады. Кезінде Гүлшат баянмен, мен домбырамен қосылып талай-талай тойларды жүргізіп, небір төрелер мен қаралардың алдында асқақтатып ән де салғанбыз. Қазір бәрі де өткеннің еншісінде қалды. Дачаға барғанда сол бір сағымға айналып бара жатқан қызығы мен шыжығы мол, уайымсыз-қайғысыз күндерді де еске алып, күрсініп қоятыным бар…
«Дидар» газетінің ұжымын, оқырмандарын алдағы Наурыз мерекесімен құттықтап, шаңырақтарына шаттық, еңбектеріне жеміс тілеймін. Оқырмандарыңыз көп болсын!
Төке, әсерлі әңгімеңізге рақмет, аман болыңыз!
Серік Құсанбаев