Қоғам

Отыздан асқанда туу туралы куәлік алды

Тасқын Болатұлы

Жыл басынан бері облыс полицейлері 200-ден астам азаматтығы жоқ тұлғаны анықтады.

Азаматтығы жоқ тұлға – қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ешбір мемлекет азаматы ретінде танымаған адам, яғни әлемнің ешбір мемлекетінің азаматы емес.

–  Жыл басынан Шығыс Қазақстан аумағында құжаты жоқ 231 тұлға анықталса, қазір соның 225-і азаматтығын рәсімдей алды. Әртүрлі себептермен қиын жағдайларға тап болғандар құжаттарының болмауына байланысты әлеуметтік көмектен қағылып, ресми түрде жұмысқа тұру мүмкіндіктерінен айырылып жатады. Сол себепті көші-қон қызметінің қызметкерлері олардың Қазақстан Республикасы аумағындағы мәртебесін реттеу мақсатында жан-жақты құқықтық көмек көрсетуге тырысып бағады, –  дейді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.

Мысалы, Үржар ауданының 36 жастағы тұрғыны,  азаматша биыл бірінші рет жеке куәлік алды.

– Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аталған санаттағы адамдарға көмек көрсетілетіні туралы хабарлағанбыз. Содан кейін Үржардағы әйел адам полиция бөліміне жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу үшін жүгінген. Кейін білгеніміздей, әуелде оның туу туралы куәлігі болған екен. Қандай да бір себеппен өзі білмеген және сұрастырып таба алмаған. Біздің қызметкерлер оған туу туралы куәлік алуға көмек көрсетті, Қазақстан Республикасының азаматтығына жататынын анықтады. Қазір әйел мемлекеттік қызмет ала алады және ресми түрде жұмысқа орналасады, –  деді Ербол Бекпаев.

Ол жеке бас куәлігі жоқ тұрғындардан жергілікті көші-қон қызметі органдарына жүгінуін сұрайды.

Осы айдарда

Back to top button