Қоғам

Отыз екі жыл директор болды

Хасен Зәкәрия

      «Мұғалім көп, нағыз ұстаз – санаулы!»  –  деген екен орыстың белгілі педагогы,  жаңашыл  ғалым  К.Ушинский. Сол айтқандай,  тиянақты да табанды білім беріп, шәкірттерінің ықыласына бөленген, шынайы тәлімгер болып саналатын адамдарды нағыз ұстаздардың қатарына жатқыза аламыз.

Міне, осындай ұстаздардың бірі  – ұзақ жылдар бойы Катонқарағай ауданының Мойылды (Каменка) орталау мектебінде ұстаздық еткен Мәулітхан Жұмабаев. Тарих пәнінен дәріс берген Мәулітхан ағамыз сонау албырт та ажарлы шағында осындағы бастауыш мектепті қабылдап алып, кейіннен оның орталау мектепке айналуына  ықпал жасады. Сөйтіп, осы құтты шаңыраққа директор болып, 32 жыл бойы үлгілі жетекшілік етті.

Бар ғұмырын жемісті де абыройлы еңбекпен, мамандыққа деген адалдықпен өткізген тәлімгер ұстаз Мәулітхан Жұмабаев 1937 жылы 27 шілдеде Катонқарағай ауданының Каменка ауылында дүниеге келді. Әкесі Жұмабай Ұлы Отан соғысының қанды майданында қаза тауып, жастай жетім қалған балдырған әжесі мен анасының тәрбиесін алып өсті. Қиын кезеңде жалғыз ұлдың еркелеп, асыр салып ойнауына жағдай болған жоқ, сабақтан қолы қалт еткенде балғын Мәулітхан ауылдағы бар шаруаға араласып, анасына қолынан келгенше жәрдем жасап жүрді. Бастауыш мектепті тамамдағаннан кейін интернатта тұрып оқып, Алтай орта мектебін бітірді. Оқуға баруға жағдай болмағандықтан, ауылына оралып, қара жұмыс істеді.

Ауыл мектебінде мұғалімдердің жетіспейтінін көріп-біліп жүрген Мәулітхан бір күні жаяу-жалпы аудан орталығы Катонға барып, аудандық халық ағарту бөлімінің басшысы С.Ластаевқа жолығады. Талапты жігіттің құжаттарына көз жүгіртіп, білімін тексеріп көрген меңгеруші оны «алдағы бірер жылдың ішінде институтқа түсуге тиіссің» деген шартпен қолма-қол бұйрық жазып, Каменка бастауыш мектебіне жібереді. Осылайша, Мәулітхан 1958 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ауыл мектебінде сабақ бере бастайды. Сөзінде тұрып, екі жылдан соң Өскемен педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі. Осы жоғары оқу орнын жас ұстаз 1965 жылы «жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Сөйтіп, кейіннен ел таныған, жұрт мойындаған ардагер ұстаздың ұзақ жылдарға созылған тәлімгерлік жолы басталады.

1963-1970 жылдар аралығында бастауыш мектептің меңгерушісі болған М.Жұмабаев кейіннен ауылда бала санының көбеюіне байланысты тұрғындардың өтініштеріне құлақ түре отырып, аудандық партия комитетіне осы ауылда орталау мектеп ашу туралы өтініш жолдайды. Неше мәрте хат жолдап, өз пікірінің дұрыс екенін дәлелдей білгендігінің арқасында М.Жұмабаев 1970 жылы ауылда орталау мектептің ашылуына себепкер болады. Ал оның өзін білім бөлімі осы мектептің директорлығына тағайындайды. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, Мәулітхан ағамыз бұл білім ордасын 32 жыл бойы табан аудармай басқарған екен.

Мәулітхан Жұмабайұлы басқарған жылдар Мойылды мектебінің шын мәніндегі гүлдену кезеңі болды. Мектепке жаңа жиһаздар, көрнекі құралдар көптеп әкелініп, пәндер кабинеттері, компьютер кабинеті ұйымдастырылды. Мойылдылық шәкірттер пәндік олимпиадалар мен көркемөнерпаздар байқауларында, спорт сайыстарында үнемі жүлделі биіктерден бой көрсетіп отырды. Олардың көпшілігі кейіннен жоғары оқу орындарын бітіріп, халық шаруашылығының әр саласында лайықты қызметтер атқарып жүр.

Мәулітхан Жұмабайұлы директорлық қызметімен қатар, кеңес өкіметі кезінде цехтық партия ұйымның хатшысы болып, барша іс-шараларға жетекшілік жасай білді. Ауылдық, аудандық кеңестерге бірнеше мәрте депутат болып сайланып, өнегелі насихатшылық қызмет атқарды. Ал оның Катонқарағай аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайлануы сірә да тегін болмаса керек.

Үнемі тынымсыз ізденіспен, талмас жігермен еңбектенген ұлағатты ұстаздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Жоғары кәсіби шеберлігі мол, білікті маман әр жылдары омырауына «Еңбек ардагері», «Тың және тыңайған жерлерді игеруге  – 50 жыл»,  «Адал еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске  –  60 жыл» медальдарын тақты. Сонымен бірге, Мәулітхан Жұмабайұлы  Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» құрметті атағымен, аудандық партия комитетінің, аудандық, ауылдық  кеңестердің, аудандық білім бөлімінің грамоталарымен марапатталды.

М.Жұмабаев қадірменді азамат, мақтаулы ұстаз атануымен қатар отбасында қамқор да үлгілі әке, адал жар, сенімді тірек бола білді. Өмірлік серігі Жәмиға жеңгей екеуі Нәзима, Роза атты алтын асықтай екі қыз, Елтай, Елжан атты сайдың тасындай екі ұл тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы жоғары білім алып, бүгінде еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек атқаруда.

Қазіргі кезде Мәулітхан қария Өскемен қаласында тұрады. Бәйбішесі Жәмиға апай екеуі өздерінен өрбіген 4 перзенттерінен 11 немере, 5 шөбере  сүйіп, бүгінде солардың сарқылмас қызықтарына кенеліп жатқан жайлары бар.

Осы айдарда

Back to top button