Мәдениет

\”Отырар сазы\” Өскеменге келді

"Отырар сазы" Өскеменге келді


Металлургтер Мәдениет сарайында Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік «Отырар сазы» Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай шығармашылық концертін өткізді.

Сахна шымылдығы «Ата толғауы» күйімен басталды. Бұл кеште оркестрдің сүйемелдеуімен Ш.Қалдаяқовтың, Н.Тілендиевтың, М.Қанайұлының, М.Ержановтың әндері орындалды. Атақты сазгерлердің туындыларын көрермен қауым әншілермен бірге шырқап отырды. Оркестр репертуарынан берік орын алған Н.Тілендиевтің «Қайратты Отырар-сазы», «Аққу», «Махамбет», Тәттімбеттің «Саржайлауы», сондай-ақ, Абай Қойшыбаевтың жеке орындауындағы «Әлқисса» күйі арқылы жалғасын тапқан концертке оркестрдің бас дирижері, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева дирижерлік етті.

Өнер кешінде қазақ эстрадасының күміс көмей әншісі Жеңіс Ысқақова «Ақ маңдайлым» әнін әуелете айтқанда, бүкіл зал орнынан тұрып, қошемет көрсетті. Сонымен қатар, әншінің «Куә бол» әні де көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Ал Нұрсұлтан Шатырханның орындауындағы «Жан сәуле», «Айттым сәлем Қаламқас», «Саржайлау» әндері көпшілік көңілінен шықса, Әлия Молдағалиеваның «Қуанамын» әні кештің шырайын одан әрі кіргізді.

Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай оркестрдің сүйемелдеуімен Т.Атабайұлының «Боорлаштарым» күйі де көрермен көңілін бір сейілтіп тастағаны анық. Ал сахна төріне еліміздің мәдениет қайраткері Лариса Насретдинова көтерілгенде халық орнынан тік тұрып, құрмет көрсетті. Саз-сырнаймен «Балапандарым» атты шығармашылық туындыны орындағанда, залда бір сәтке тыныштық орнап, халық ұйып тыңдады. Сондай-ақ, концертте еліміздің тәуелсіздігін насихаттайтын шығармалармен қатар, әлем классиктерінің туындылары да орындалды.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне арналған концертті ұйымдастырушылардың бірі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Жеңіс Сейдоллаұлының айтуынша, өнерпаздар бүгінге дейін еліміздің бірқатар қалаларында болып, жеке шығармашылық кештерін өткізген. Енді Семей мен Алматы облысына қарасты шағын қалаларға ат басын бұрамыз деп жоспарлап отыр екен.

– Басты парымыз – ұлттық және әлемдік өнер туындыларын насихаттап, көрерменнің рухани қажеттілігін өтеп, ғасырлар қойнауынан бізге келіп жеткен мәдени мұраны кейінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру. Өйткені, ежелгі ұлт аспаптарының үнін тыңдап өскен баланың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімі жоғары болады, – дейді Жеңіс Сейдоллаұлы.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button