Қоғам

Отыншы Әлжановқа ескерткіш орнатылды

Отыншы Әлжановқа ескерткіш орнатылды

Үржар ауданының орталығына Алашорда үкіметінің мүшесі, ағартушы, көсемсөзші Отыншы Әлжановтың қоладан құйылған мүсіні орнатылды. Бірден айту керек, бұл елім деп еңіреп жүрген азаматтардың тарапынан жасалған үлкен іс. Әсіресе, Алаш қозғалысына 100 жыл толу қарсаңында өзі шаһид болған жерге ескерткіш орнату- қазақ халқының болашағы жолында қанын төккен Отыншы әруағы алдында сауабы мол іс екені айдан анық. Бұл жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудің бірден-бір төте жолы деуге болады.
Отыншы Әлжанов 1873 жылы 12-тамызда сол өңірге әйгілі бай Әлжан Сақауовтың отбасында, бұрынғы Семей облысы Зайсан уезі, Нарын болысының №6 ауылында дүниеге келіп, 1918 жылы большевиктердің қолынан мерт болады. Оның сүйіп қосылған жары әйгілі Қошмұхаммед Кемеңгеровтің (Қошке) туған әпкесі Нұржәмила болатын. Омбы округіне атағы жайылған Дүйсебай қажының қызы. Әкесі Әлжан жаңалыққа жаны құмар, аса зерек жас болғандықтан, жалғыз ұлы Отыншыны 9 жасында Зайсандағы ұл балаларға арналған бастауыш орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Алғыр шәкірт осы оқу орнын 1887 жылы үздік бітірген соң заманның қыр-сырын бағып отырған сұңғыла әке оны бұдан кейін Омбыдағы қалалық училищеге оқуға түсіреді. Осы жерден орта білім алып шыққан дарынды жас жігіт 1890 жылы осы қаладағы мұғалімдер семинариясына құжаттарын тапсырып, аталмыш оқу орнын 1894 жылы ойдағыдай тамамдаған соң, дала генерал-губернаторы кеңсесінде қызмет етеді де, бір жылдан соң Ақмола облыстық сотында тілмаш болады. Отыншы Әлжановтың есімі осы тұста көзі ашық, көңілі ояу азаматтар үшін бірқыдыру таныс болып қалған шақ еді. Оның өзі туып-өскен аймақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырып, жазған зерттеу еңбектері сол тұстағы «Дала уалаятының газеті», «Киргизская степная газета» сынды басылымдарында көбінесе «Бабай бүркіт», «Орта жүз» атты псевдонимдермен жарық көріп отырды. «Қырғыз (қазақ) балаларын тәрбиелеу туралы әңгімелер», «Қырғыз» (қазақ) даласындағы халыққа білім беру туралы» т.б. мақалалары жұрт арасына кең тарайды. Сатира жанрына да қалам сілтеген оның «Қарынбайдың хикаяты», «Күшік пен мысық», «Бақсы мен дуана» т.б. шымшымалары осы басылымда жарық көреді. Өкініштісі, оның еңбектері әлі бір жүйеге келген жоқ, оны іздестіру жұмыстары да баяу жүргізіліп отырғаны жасырын емес. Отыншы Әлжанов 1907 жылы Көкпектідегі екі кластық орыс-қазақ училищесіне меңгеруші болып тағайындалады. Сол тұста өңірде мектеп ашу жұмысына білек сыбана кіріскен алаш ардагерінің еңбегі де жеміссіз болмағанын айта кеткен ләзім. Алайда, қарашекпенділердің жаппай қазақ жеріне қоныс аудара бастауына наразы болған ол бұл мәселе жайында жоғары ұлықтарға әлденеше шағымданады. Патша үкіметінің саясатына қарсы шыққан бүлікші ретінде енді оның артына қоңырау байланып, халқының ауыр тірлігін ашына жазған хаттары өзіне ауыр соққы болып тиеді. Патша үкіметі әлдекімдерді айдап салып үстінен іс қозғап, Семей түрмесіне жабады. Ақыры, солақай саясат салдарынан есіл ер Жетісу губерниясы, Лепсі уезіне бес жылға жер аударылады. Қазақ ұлтының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жанын дәл осы жерде қиған асыл ерге ескерткіш орнатқан азаматтарға ауыл жұртшылығы риясыз алғыстарын білдірді. Туған елі үшін опат болған Отыншы Әлжановтың есімін мәңгіге қалдыру үшін орнатылған қола мүсінге Үржар халқы гүл дестелерін қоюда.
Шынында да, қазақ ұлтының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жанын қиған ардагер ағамызға қандай сый-құрмет көрсетсек те артық емес.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.
Сурет автордікі.

Осы айдарда

Back to top button