Қоғам

Отын-суды талонмен таратады

Отын-суды талонмен таратады


Семейліктер биылғы көктемді көпке дейін есте сақтайтын болды. Оған себеп – су тасқыны. Бүгінде жер құрғап қалды десек те, көптеген үйлерде табиғи апаттың белгілері әлі бар. Қабырғалары көгеріп, іші дым тартып кеткен. Тасқынға «жұтылған» ішер ас, киер киім мен дүние-мүлікті айтпағанда…

Бүгінде қала іргесіндегі Түйемойнақ аралында, Мирный, Бобровка кенттері мен Пристань, Затон аудандарында қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тасқыннан кейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметі көшелерді топан судан арылтқан болатын. Аймақ басшысының тапсырмасымен бұл жерлерге шұғыл түрде көмір мен ағаш жеткізілді. Апат кесірінен мектептерді паналауға мәжбүр болған тұрғындарға киім-кешек пен азық-түлік таратылды. Бұл іске «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалы жауапты болды. Аталмыш игі шаруа әлі де жалғасуда.

Мәселен, Мирный кентіндегі жағдайды қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова тікелей қадағалауда ұстап отыр. Оның айтуынша, бұл жұмысқа
Загородная көшесінің тұрғындары Шолпан Жамантаева және Гүлнара Асылханова ерекше атсалысуда. Қай үйге не керек, не жетпей жатыр екенін өздері анықтап, арнайы штабтың жұмысын айтарлықтай жеңілдетуде.

Семейге Алматы қаласынан да гуманитарлық көмек жеткен. «Тепло» қайырымдылық қоры арқылы киім-кешек әкелініпті. Бірақ сол гуманитарлық көмек кейбір зардап шегушілерге дұрыс жетпесе керек. Мәселен, жұмыста немесе басқа да себептермен болмай қалған адамдардың біразы жеткізілген көмірді ала алмай қалыпты, себебі, көмір алу үшін үй иесінің өзі келіп қол қоюы керек.

– Дүйсенбіде үйде болдым, бірақ ол күні көмір әкелмеді, – дейді сондай тұрғындардың бірі Наталья Куроленко. – Келесі күні жұмыстан келгенде мен жоқ кезде адамдар келіп, көмірді таратып кеткенін білдім.

Тұрғындармен кездесіп, арыз-шағымдарын тыңдаған қала әкімі Ермак Сәлімов көмір ала алмай қалғандарға міндетті түрде отын берілетінін айтты.

– Үйлеріңізді жылыту үшін отын жеткізіп береміз. Егер отындарыңыз таусылып қалса, тапсырыс беріңіздер, тағы да жеткіземіз. Кей адамдар жұмыста болып, көмір ала алмай қалып жатыр екен. Олай болса, Бобровка тұрғындарына арнап талондар шығарамыз. Ешкім көмексіз қалмайды, – деді Ермак Сәлімов.
Бұдан кейін қала әкімі кенттегі тұрғын үйлерді аралап, қалыптасқан жағдайды өз көзімен көрді. Бұл жерде тұрып жатқан тұрғындардың дені әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылар болғандықтан, оларға су тасқынының зардабы екі есе ауыр тиіп отыр.

Қала басшысы өзі келіп тұрған соң, тұрғындар басқа да проблемаларын айтып қалды. Оның ішінде электр энергиясының қымбаттауы, қоқыс шығару, көше жолдарын жөндеу сияқты түйткілдер болды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button