Қоғам

ОТЫМЕН КІРІП КҮРШІМНІҢ, КҮЛІМЕН ШЫҚҚАН АЗАМАТ

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған сонау 90-шы жылдардан бастап ауылды жерлердегі ағайын арасында орталыққа шоғырлану, яғни ауылдағылар ауданға, аудандағылар облыс орталығына қоныс аудару үрдісі белең ала бастаған. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда.

Әрине, туған жерден қоныс аударудың да өзіндік түрлі-түрлі себептері болады. Әйтпесе, ықылым заманнан бері ата-бабалары қысын қыстай, жазын жаздай жайлаған, ата-анасының да мүрделері сол жерде жатқан, өзінің кіндік қаны тамып, бүкіл балалық бал дәурені мен саналы ғұмырын өткізген туған жерді қиып кету айта салғанға жеңіл. Мектеп бітіре сала білім қуып немесе әскери борышын өтеу үшін туып-өскен ауылынан жырақ кетіп жататын жастардың орны бір бөлек.

Тентектерге «Тәйт!» дейтін аға қалмай барады

 Байқап жүргеніміздей, бір кездері ауданда басшылық қызметтерде болған, колхоз-совхоз басқарған, мектеп директоры немесе басқа да лауазымды қызметтерде болған көптеген ағаларымыз бұл күнде алды Алматы, Астана сынды үлкен шаһарларда тұрып жатса, енді біразы облыс орталықтарына орнығып қалған. Ол ағаларымызға: «Сіз неге елден көшіп кеттіңіз?» деуге ешкімнің қақысы да жоқ. Себебі әр адамның еркі өзінде, қалаға барып тұра ма болмаса ауылда қалып қоя ма…

Алайда «Ауыл – ақсақалымен ажарлы» деген аталы сөзге назар аударар болсақ, сол үлкендеріміздің ауылдан жаппай қоныс аударып жатқаны, ауыл тентектеріне «Тәйт!» дейтін аға буынның қалмай бара жатқандығы саналы адамға ой салатыны да жасырын емес.

Біз жастарға «Ауылға барыңдар, ауылды көркейтіңдер!» дейміз. Тіпті мемлекет тарапынан «Дипломмен ауылға» деген кешенді бағдарлама да ұсынылған. Ол бағдарламада оқу бітірген жас мамандардың ауылды жерге барып алаңсыз қызмет етулеріне жан-жақты жағдай қарастырылып, баспанамен қамтамасыз ету, жоғары жалақы беру, балаларын еш кедергісіз балабақшаға, мектепке орналастыру деген секілді мүмкіндіктер ескерілген.

Бірақ мемлекет осындай бір керемет бағдарлама ұсынып, жас мамандарға жағдай туғызып жатыр екен деп ауылға ағылып жатқан жастарды көре алмай, пүшәйман боп отырған жайымыз бар.

Дегенмен ел ішінде дәм айдап алтын бесік ауылға барып қалған жастарға үлгі боп, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігімен, әр ауылдың өсіп-өркендеуіне, көркейіп-көріктенуіне, ауылды жердің мәдениеті мен әдебиетінің де көш соңында қалып қоймауына жанымен де, тәнімен де уайымдап, құр уайымдап қана қоймай, білегін сыбанып тастап, сол ауылдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген ағаларымыз да жоқ емес.

«Ауылға барсам ба, бармасам ба?» деп екіойлы боп жүрген жастарымызға үлгі-өнеге етіп көрсетуге әбден лайықты сондай ағаларымыздың бірі – Күршім ауданына қарасты Маралды ауылының тумасы Қайыров Нұсовет ақсақал.

Нұр ағаңды туып-өскен жерін, оның тұмса табиғаты мен ауызын ашса, жүрегі көрінетін жамиғатын ессіз сүюдің символы десек те болады. Бұл кісі осыдан 85 жыл бұрын жарық дүниеге келіп, содан бері ауылында. Арасында бірер жылға әскерге, оқу оқып, білім алуға барса, барып келген шығар. Енді онсыз бола ма? Тіпті адам оқуды сырттай оқыса да, әскери борышын үйінде жүріп сырттай өтей алмайды ғой?!

Өмір бақи ауылда тұрудың да түр-түрі бар. Ел қатарлы таңын атырып, күнін батырып, артық-ауыз шөптің басын да сындырмай, қорасындағы азын-аулақ малын бағып-қағып, күнделікті ішкен-жегенін қанағат тұтатындарды да білеміз. Ондай адамдардікі былай қарасаң, ешкімге зияны жоқ, кісінің ала жібін аттамай, бала-шағасын өсіріп-өндірген, қарапайым ғана бетегеден биік, жусаннан аласа, қазақша айтқанда, қоңырқай тірлік.

Ақын десе ақын, сазгер десе сазгер

Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз – қақ-соқпен ісі жоқ, жан тыныштығын күйттеген қоңыр тірліктің қалыбына тіпті сыйдырам десең де сыймайтын адам. Өмірбаянына үңілсең, сенер-сенбесіңді білмейсің. Өзі 1963 жылы Семей педагогикалық институтының математика факультетін бітірген жоғары санатты математик бола тұра, істемегені жоқ. Істемегені болғанда, қызметтерін айтып отырмыз.

Ол кісі еңбек жолын қарапайым ғана жас маман ретінде оқытушы боп бастап, араға көп уақыт салмай Күршім ауданына қарасты Алғабас, Ақсуат, Шірікаяқ, тағы да басқа бірнеше ауылда мектеп директоры, білім бөлімінің бас маманы, аудандық мәслихаттың депутаты, мәдениет саласының белсенді ұйымдастырушысы, жергілікті баспасөздің тұрақты жазарманы, ақын десе ақын, сазгер десе сазгер дейсіз бе, толып жатқан жұмыстардың басы-қасында болған.

Мектеп директоры демекші, ол кісіні аудандық партия комитетіндегілер ауданның ең соңында қалған, жұмысы ілгері баспай ақсап жатқан, директор шыдатпайтын ауылдарға жібереді екен. Содан, Нұрағаң қайтеді дейсіздер ғой?!

Бұл кісі барған бетте ұжыммен танысар-таныспастан мектепті шыр көбелек айналып, үстіне шығып, астына түсіп дегендей, әуелі барған мекемесінің жай-күйімен танысып шығады екен де, егер мектеп ғимараты ескі немесе қауіпті жағдайда болса, дереу совхоз директорына немесе жоғары жақтағыларға дабыл қағып, екі аяқтарын бір етікке тығатын көрінеді. Енді, «Жаманыңды жақсартам, ескіңді жаңартам!» деп белсеніп тұрған адамға жоғары жақтағылар не десін? Содан сұраған құрылыс материалдарынан бастап, техникасын да, құрылысшылар бригадасын да жіберетін көрінеді. Жетпегені болса, Нұрағамыз үй-үйді аралап жүріп жағдайды түсіндіріп айтуға жалықпайтын секілді. Қажет болса ауылдастарын жиып алып, асарлатып та жіберетін көрінеді.

Осылайша, барған жерлерінің біразына жаңадан мектеп салып, қайсыбірінің тозып тұрған есік-терезелерін, едені мен шатырын айырбастатып, мектептің атына жер алып көкөніс, жеміс-жидек ектіріп, ауылды күл-қоқыс пен құмнан тазалатып, қайсыбір ауылға ауызсу тарттырып,  мектептеріне жылыту қазандықтарын салдырып тастайтын көрінеді.

Мұны көрген жоғары жақтағылар да Нұрағаңның бұл еңбегін елеп-ескермей қалмайды. Ол кісінің шаруақорлығын, ұйымдастырушылық қабілетін, кіммен болса да тіл табыса білетін ізгі қасиеттерін айтып, өзге мектеп директорларына үнемі үлгі-өнеге ретінде көрсетіп, қажет жерінде мақтап-марапаттап та тұрған.

Нұрағаңның атына елдегі төре мен қараның аузымен айтылған алғыс сөздер мен мақтау-марапаттауды тізіп айтудың қажеті жоқ болар. Дегенмен мына бірауыз сөз, аз болса да көп нәрседен хабар беретін секілді.

1998 жылы Марқа, Күршім мектептері директорларының семинары өтіпті. Сол жиында: «Менің әкем Құмаш Нұрғалиев Боран мектебін бүкіл облысқа үлгілі етіп еді. Ол кісіге Ұлы Отан соғысының мүгедегі ретінде жоғары жақ үнемі көмек көрсетіп тұрды. Мен Нұрсовет ағаның тынымсыз еңбегін өз басым өте жоғары бағалаймын. Себебі осы жетістіктердің барлығы – бұл кісінің баға жетпес еңбегі, табандылығы мен іскерлігі, мектеп ұжымын дұрыс ұйымдастыра білгендігі, – деген екен сол кездегі Боран мектебінің директоры Талант Нұрғалиев.

Сөз түсінген адамға бұл – үлкен баға.

Нұрағаңның бойындағы көп қасиеттерінің бірі – ол шығармашылығы. Жастайынан домбыра шертіп, ән салып, айналасын думанға бөлеп өскен ағамыз барған жерлерінің барлығында дерлік өнерпаздардың басын қосып, ұлттық оркестр немесе ансамбль, үгіт бригадаларын құрып,  ел арасына шығып, ойдағы-қырдағы шопандар ауылын жиі-жиі аралап, мәдени шаралар ұйымдастыра білді.

Айтары да, жазары да бар екен

Негізі, Нұрсовет Қайырұлының жүрген жерінде елі үшін атқарған еңбектері мен шығармашылық жетістіктері, мемлекет тарапынан алған наградалары мен басқа да сый-сияпаттары, ақындығы мен сазгерлігі жайында да, «Әуесқой композитор» куәлігін қашан және кімдердің қолынан алғандығы жайында да аудандық, облыстық баспасөз беттерінде жазылудай жазылған. Оны оқитын адам оқып, тоқитын адам санасына баяғыда тоқып алған. Ал оқымайтын адам енді он рет қайталап жазсаң да оқымайды.

Сондықтан біздің бүгінгі айтайық дегеніміз, Нұрағаң алдағы уақытта 85 дейтін сеңгір белдің шыңына ту қадамақ екен. Оны бірде қоңыраулатып телефон шалса, енді бірде салып ұрып редакцияға келіп қалатын жайсаң ағамыздың өз аузынан естідік. Бағалай білген адамға 85 – бірқыдыру жас. Оған жеткен де бар, жетпей кеткендер де қаншама?

Сол келісінде мейманымызға назар аударып, біразырақ әңгімелесе отырып байқағанымыз, ағамыз әлі тың көрінеді екен. Әзірге айтары да, жазары да бар секілді. Әңгімелесіп отырып, Нұрағаңды алғаш көріп, танысқан кез ойыма оралды.

Қай жылы екені нақты есімде қалмапты. Шамамен, 2006-2007 жылдың жазы болса керек. Күршім ауданындағы жұртшылықпен шығармашылық кездесу кештерін өткізіп жүріп, атауын ұмытып қалыппын, кезекті бір ауылға ат шалдырғаным бар. Екі сағатқа созылған кездесу соңында көрермендердің ортасынан түрегеп, ұзын бойлы, қапсағай денелі, қараторы ақсақал сөз алды.

Сөзге шешен адам екен. Мені айтыс арқылы бұрыннан білетіндігін, айтысқа Павлодардың атынан түсіп жүрсем де, сырттай «Бұл – біздің өзіміздің ұл!» деп үнемі мақтан тұтып жүретіндігін айта келіп:

«Тұмарлап мінген тұлпарың,

Табаны мұзға таймасын.

Белдеуіңе беделді,

Бегілер атын байласын.

Тәңірім берген тіл-жағың,

Өле-өлгенше сайрасын», – деп өлеңмен өрілген батасын берді.

Содан бері де зымырағаннан зымырап 20 шақты жыл өтіп кеткен екен. Сол кездегі Нұрағаң сол байсалды да байыпты ел  ақсақалына тән болмысын сақтап қалыпты. Жүріс-тұрысы ширақ. Өзі де, сөзі де ұқыпты әрі ұғынықты.

Негізі, «Әдемі қартая білу де бір өнер әрі бақыт екен-ау?!» деген ойға қалдым.

Қазақ «Сыйға – сый, сыраға – бал» демеуші ме еді.

Ендеше, мен де мерейтой иесіне деген інілік лебізімді бірауыз өлеңмен білдіре кетейін.

Көкірегің сырға тұнған сандықтай,

Жүрген жерің кішігірім Хандықтай.

Аламанның алдын бермес Айбозым,

Арындай бер шашаңызға шаң жұқпай.

Біздер үшін ерніңдегі емеурін,

Бұлжымастан орындалар жарлықтай.

Тоқсанның да төбесіне ту қада,

Сыр алдырып, шаршамай һәм шалдықпай!

Осы айдарда

Back to top button