COVID-19 

Оттегі станциясы іске қосылды

Тарбағатай аудандық орталық ауруханасы белең алу ықтималдығы бар екінші толқынға жан-жақты дайындықты күшейтуде.

Мәселен, облыстық бюджеттен 103 млн. 400 мың теңге қаражат бөлініп, жеткізілген оттегі станциясы жақында іске қосылды. Энергия қуатында жұмыс істейтін мұндағы қондырғыдан оттегі алынып, аурухана ғимаратының барлық үш қабатында орналасқан жансақтау, терапия,  хирургия секілді  көптеген бөлімшелерге тартылған.

Жаңа станция ашылмай тұрғанда оттегі баллондарын жергілікті станциялардан, қаладан толтырып тасымалдауға мәжбүр еді. Енді сол машақаттан арылған дәрігерлер ұжымы қуанып отыр.

  • Бұл пандемия жағдайында халық денсаулығын қорғау үшін дер уақытында жеткізілген қондырғы болды. Елу нүктелік оттегі станциясының облыс орталығынан шалғай жатқан ауданға орнатылуына мүмкіншілік жасаған облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына алғысымызды білдіреміз,-дейді Тарбағатай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алмагүл Әштаева.
  • Ауданымызда орталықтандырылған оттегі станциясы болмаған еді. Бұрын тек жансақтау бөлімінде ғана жасанды тыныстандыру болды. Қазір барлық бөлімшелерге барып тұр,-дейді дәрігер-хирург Багдан Оразханов.

Оттегіні жинақтап, өңдеу, жіберу жүйесі автоматтандырылған оттегі станциясының қасында қосымша тағы бір контейнер тұр. Егер аяқ астынан жарық сөніп қалған жағдайда, мұнда толтырылып дайын тұрған оттегі балондарына дереу қосылады.

Бүгінгі таңда орталық аурухана базасында коронавирустық инфекцияға арналған 45 кереует, оның ішінде барлық тиісті аппаратымен алты жансақтау кереуеті әзір тұр. Мұнда жағдайы орта дәрежелі алты науқас ем алуда.  Жағдайы ауыр науқастар жоқ екен. Ауруханаға сырқатпен түсетін науқастарды емдеу картасы мен алгоритімі бар.  Вирустың алдын алуға байланысты тиісті шаралар атқарылуда.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button