Руханият

Оңтүстіктегі он күн

Оңтүстіктегі он күн


Шойын жолда жүйткіген пойыздың жүрісі бәсеңдеп, айдаһардай ақыра бастады. Түркістанға таяп қалсақ керек… Бала жетектеген, сөмке арқалаған жолаушылар тар тамбурда жапа-тармағай есікке қарай ұмтылды. Мен «Ұлы дала Түркістаны» фотоэкспедициясына келе жатқан бетім.

Осыдан он шақты күн бұрын Қазақстан «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы хабарласып, Түркістан облысының бір жылдығына орай ұйымдастырылатын фотоэкспедицияға шақырған. Мұндай мүмкіндік бола бере ме?! Айтқан уақытынан кешікпей Түркістанға тартып тұрдым. Қасиетті қалада еліміздің әр өңірінен келген фотографтар мен журналистердің бастары қосылыпты.

Фотоэкспедициямыздың алғашқы қадамы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің төңірегінен басталды. Қазақтың жиырмадан астам ханы жерленген киелі жерден туристердің аяғы арылмайды екен. Шетелше шүлдірлесіп жүргендердің де қарасы көп. Келімді-кетімді қонақтардың сұранысына қарай сауда-саттық та мықтап қолға алыныпты. Ұсақ-түйек кәдесыйлар өз алдына, күннің ыстығында кенезеңіз кеуіп бара жатса, жол жиектерінде сұп-суық арпа көже сатып тұрған балаларға мың да бір рақмет айтасыз. Біздің Өскемендегі саябақтарда шөліңді газдалған сусынмен қандырмасаң, арпа көже, бидай көже таппайсың-ау деймін.

Осы жерде қазақ фотожурналистикасының жанашыры, ұстаз – Асылхан Әбдірайым жиналғандарды екі топқа бөліп, бір-бір жетекші тағайындады. Бір топ Түлкібас, Төле би аудандарындағы Ақсу-Жабағылы қорығының сұлу табиғатын түсіруге аттанса, енді бірі қасиетті жерлерді түсіруге бел будық. Жетекшілеріміз де фотоөнердегі шоқтығы биік мамандар. Мен бұған дейін табиғатты түсірумен айналысып келдім, ендігі кезекте киелі жерлерді аралайын, халықтың тұрмыс-тіршілігін суретке түсіріп көрейін деген оймен Оңғарбек Алхаровтың тобын таңдадым. Оңғарбек ағамыздың фото түсірудегі шеберлігін әлеуметтік желілерден байқап жүретінмін. Оның үстіне жуықта фото-кино саласы бойынша магистратуралық диссертация қорғаған. Демек, қоржынымыз сәтті суреттерге толуына сенімдіміз.

Кеме қалған Қазығұрт

Оңтүстіктегі он күн

Топ болып Қазығұрт ауданына шықтық. Жол сайрап жатыр. Оңғарбек ұстаз фото түсірудің қыр-сыры туралы әсерлі әңгімесін тыңдап отырып, Нұқ Пайғамбардың кемесі тоқтаған Қазығұртқа да жеттік. Шымкенттен 40 шақырым жерде орналасқан Қазығұрт тауы Тянь-Шань тауларының бір сілемі. Төбесіне шықсаңыз, осыдан сексен шақырымнан астам жердегі Ташкент қаласы да көрінеді. Аңыз бойынша, Нұқ пайғамбар апат басталғанда кемесімен жеті ай, жеті күн, жеті сағат жүріп, Қазығұрттың басына келіп тоқтапты. Кеме аялдаған кезде адамдар тіршіліктің бар-жоғын білу үшін ең бірінші құстарды жіберген екен. Сол сәтте босатылған құстардың барлығы ұшып кетіп, қайта оралмапты. Тек қарлығаш қана жасыл жапырақ тістеп ұшып келген екен. Содан бастап Қазығұрт тауында адамдар жаңа өмір сүре бастаған.

Оңтүстіктегі он күн

Біз бара жатқан Ақбура әулиенің кесенесі осы таудың бөктерінде орналасыпты. Кесененің іргесінде сарқырап бұлақ ағып жатыр. Мөп-мөлдір, сұп-суық. Бізді галстукты жігіттер құшақ жая қарсы алып, тапшанға жазылған ақ дастарханға жайғастырды. Буы бұрқыраған бағланның еті келіп, Қазығұрттың сары қымызы сапырылды. Бұл қымыздың бір ерекшелігі – киік оты дейтұғын шөппен ысталады екен. Дәмі тіл үйіреді. Біздің жақта Катонқарағайдың қымызы бренд болса, оңтүстікте Қазығұрттың қымызына сұраныс көп деседі. Ішке ел қонған соң осы жердің шырақшысы Ақбура бабамыз туралы аңыз-әңгімесін бастады.

– Ақбура әулиенің құдіреті сол, таң намазының екі рәккәтін осы бұлақтың басында оқып, қалған оқылатын екі рәкәт намазды Түркістанға барып, Қожа Ахмет Яссауимен бірге оқыған екен. Ал жұма намазды Меккеде оқыпты, – дейді шырақшы ақсақал.

Ал бүгінде адамдар Ақбураның басына құран оқытып, ниет етеді, емдік қасиеті бар бұлақтан су ішеді. Өтірік-шынын білмедім, сал болып қалған адамдар да судың емдік қасиетінен құлан-таза айығыпты. Біз де құран оқып бет сипадық. Мұнда да зиярат етіп келушілер көп екен. Кесененің іші-сыртын әр қырынан суретке түсіргеннен кейін төмендегі Рабат ауылына түстік.
Көз байлана күннің ми қайнатардай ыстығы қайтып, самал жел есті. Фотоаппаратымызды құшақтап түнгі түсірілім жасау үшін күре жолдың бойында менмұндалап тұрған Нұқтың кемесінің алдында жиналдық. Дәлірек айтсақ, ағаш пен темірден жасалған кеменің макеті. Алтын уақытты босқа жібермеу үшін ширақ қимылдап фотоаппараттарымызды штативке құрып жібердік-дағы, объективті жарқырап тұрған темірқазыққа бағыттадық. Жетекшіміз үйреткендей, түсірілім ұзақтығын реттеп, жұлдыздардың темірқазықты айналғанын суретке тарттық. Жұлдызды аспан мұндай сұлу болар ма еді шіркін?!

Отырарға туристер ағылады әлі

Оңтүстіктегі он күн

Отырар ауданына қарай күре жолмен сырылдатып келеміз. Бұл жақта біздің жақтағыдай ойдым-ойдым жолдар жоқ сияқты. Тіпті ауыл арасын жалғап жатқан жолдардың өзі теп-тегіс асфальт.

Зулаған күйі Шәмшінің туған ауылы – Шәуілдірді басып өтіп, Арыстан баб кесенесінен бірақ шықтық. Әдетте туристер алдымен Арыстан бабтың басына тәу етіп, содан кейін Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне барады. Яссауидің ұстазы Арыстан бабтың әруағына көрсеткен құрметтері ғой әрине.

Кесене 20 ғасырдың басында күйдірілген кірпішпен өрілген екен. Ал қабірге белгі алғаш рет 12 ғасырда қойылыпты. Байқауымша, сәулетті ғимарат екі бөліктен тұрады. Сол жағында Арыстан бабтың жатқан жері болса, оң жағында шағын музей мен мешіт. Кесененің айналасы да зираттар. Қазақ мәдениетінің, тілінің, ділінің жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібеков те осында жерленіпті.

Күн шақырайып тұрғаннан кейін жетекшіміз Оңғарбек Алхаровтың айтуымен бұл жерге таң ата келіп түсірілім жасайтын болдық. Оған дейін портреттік суреттер түсірейік деп шештік. Сөйтіп айтыскер ақын Әселхан Қалыбекованы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сейдхан Дәуренбековті, ауылдың еңбек адамдарын, ойын балаларын түсірдік.
Кешке қарай Шыңғысханның әскері алты ай бойы ала алмаған Отырар төбеден табылдық. Әр тасы тарихтан сыр шертердей. Сол замандағы саман кірпіштер, моншаның орны бәз-баяғы қалпында сияқты. Төбенің айналасынан қыш құмыраның сынықтарын да көзім шалып қалды. Қазіргі уақытта Отырар бесбұрыш тәріздес төбе. Дуалмен қоршалған қаланың жалпы аумағы 200 гектарды алып жатыр. Бұл маң болашақта ірі туристік кешенге айналары сөзсіз. Олай дейтінім, айналасында жүріп жатқан құрылыс қарқынды.

Таң ата Арыстан баб кесенесіне қайта бардық. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» демекші, кейбіреулер кесенеде қонып жатыр. Әсіресе құлшылық етіп көп жүрген өзбек ағайындар көп. Ниеттерін қабыл етсін дедім іштей. Біз болсақ, кесенені әр қырынан суретке түсіріп әлекпіз. Ертең көрмеге ұсынатын суреттеріміз сапалы, мағыналы болуы тиіс.
– Сапалы сурет түсіріп, ғаламторға жүктесеңдер әлем көреді. Түсірген суреттеріңе қарап, осы жаққа көптеген туристер тартылуы мүмкін. Мысалы, интернетті ашып, гуглға «Лас-Вегас, Париж» деп жазсаңдар, небір сапалы, әдемі суреттер шығады. Ал біздегі туристік орындардың фотосын дәл солай ғаламтордан іздеп көріңдер, – деген Оңғарбек Алхаров әрбіреуімізді ойландырып тастады.

Алып үңгір

Оңтүстіктегі он күн

Әр өңірде бір-біріне ұқсамайтын күндеріміз өтіп жатты. Киелі жерлерді аралап, таным көкжиегіміз де кеңейді. Бүгінгі бағытымыз Бәйдібек ауданы. Орталығы – Шаян. Мұхтар Әуезовтің «Шаянға барсаң, әншімін деме» деген ауылы осы ғой.
Әкімдіктің әзірлеп қойған бағдарламасы бойынша алдымен Ақмешіт үңгірін көріп, содан кейін Домалақ ананың, Бәйдібек бабаның бастарына баратын болдық.

Жете бере қарайып үңгірдің ауызы көрінді. Құдай-ау, құла далада мұндай алып апан бар деп кім ойлаған?! Баспалдақпен төменге түстік. Сап-салқын. Қысы-жазы бір температура екен мұнда. Ал көрініс ғажап. Қарқылдаған қарға көп. Ертеде үңгірдің ішін көп жылдар әппақ үкі мекен етіпті. Кейін кішігірім құрылыс жұмыстары жүрген кезде ұшып кеткен үкі қайта оралмапты.

Үңгірдің аурасы да, ауасы да ерекше. Жарқабақтардан су тамып тұр. Көнекөз ақсақалдардың айтуынша, жаугершілік заманда мұнда он мың әскерге дейін сыйып кеткен екен. Едәуір аумақты алып жатқан үңгірді аралап бір сағаттай жүрдік. Жер бетіне шығып, ентігімізді басқаннан кейін Домалақ ана кесенесін бетке алдық. Кесене қазақтың абыз аналарының бірі – Нұрилә Әли Сланқызының зиратының басына тұрғызылыпты. Ол қазақ даласына VII ғасырда жеткен ислам дінін уағыздаушылардың бірі болған. Жастайынан даналығымен, әулиелігімен танылған қыз он тоғыз жасында Бәйдібек биге тұрмысқа шыққан. Ал Бәйдібек Қарашаұлы ұлтымыздың этникалық тұтастығын сақтап, қалыптастыру үшін күш салған адам.

Әуезовтің арғы тегі Созақтан

Оңтүстіктегі он күн

Кезекті фотоэкспедициямыз сырлы Созақ ауданына арналды. Қарабурадай әулиелердің, Сүгірдей күйшілердің шыққан топырағы. Шәмші Қалдаяқов әнге қосқан Келіншектау, Шолаққорған да осында. Шолаққорған аудан орталығы. Бүгінгі қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы мен Кенжебек Жәнәбіловтің, Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің ректоры Төлеген Мұхтардың туған ауылы да осы Шолаққорған. – Төлеген Мұхтардың әкесі – Әділбек Нысанбаев «Бала ғашық» сынды жүздеген әндердің авторы, көптеген танымал әншілердің қанатын қатайтқан ұстаз, осы өңірдің сыйлы азаматы еді, – деп жерлестері еске алып отыр.

Өңір туралы аз-маз ақпарат жинағаннан кейін Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Созақ қалашығының орнын көрдік. Бұл жерде де қыш құмыралардың сынықтары шашылып жатыр. Ойлап қарасақ, Керей мен Жәнібектің ордалары тігілген тарихи орын үлкен бір туристік нысанға лайық-ақ…

Жолай Ысқақ бабтың басына бұрылдық. Ысқақ баб Орта Азияға, оның ішінде Түркістан жеріне алғаш Ислам дінін таратқан адам. Таратқанда да өлгенді құранға қосып еске алу, жаңа түскен келіннің бетін ашу сынды салт-дәстүрді дінге енгізген.
Кесене шырақшысының айтуынша, Мұхтар Әуезовтің атасын Құнанбай имамдыққа осы өңірден Семейге шақыртып алыпты. Демек ұлы жазушы Ысқақ бабтан тарайды. Ысқақ баб Ахмет Яссауидің де он үшінші түп атасы.

Қоржынымыз сәтті-сәтті кадрларға толып, Түркістанға кетіп барамыз. Дәл осылай Шығысымды аралаған жоқ шығармын. Түркістанның асқар тауы да, өзен-көлі де, қолдап-қоршап жатқан бабасы да, ұшы-қиырсыз жазық даласы да, енді-енді бой көтеріп келе жатқан жаңа қаласы да бар өңір екен.

Кентау жағынан қалаға кіріп, Бекзат Саттархановтың атындағы орталық көшемен келе жатырмыз. Иә-иә, орталық көшеге чемпион ұлдарының есімі берілген. Кешкісін қазаққа Бекзаттай ұл сыйлаған Сейілхан ағамыз бен Сырлыкүл анамыздың шаңырағына барып сәлем бердік. Батыр ұлдың анасы: «Бекзатым үйдің кенжесі еді. Он төрт жасына дейін қойныма жататын» дейді мұңлы көздерін қабырғадағы ұлының суретіне қадап. Ақ дастархан басында әке мен шеше келмес күндерін еске алды…

Осымен «Ұлы дала Түркістаны» фотоэкспедициясы аяқталып, облыс орталығы Түркістанда өтетін көрмеге дайындалдық. Әр фотограф комиссия келісімімен ең сәтті деген суреттерін көрмеге ұсынды. Ертесінде жаңадан ашылған «Жастар орталығында» өтіп жатқан көрмені облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы келіп тамашалады.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button