Оңтүстіктің шаруаларын Шығысқа шақырып қайтты

Өңіраралық ынтымақтастық
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бір топ шығысқазақстандық таяуда еліміздің оңтүстік өңіріне барып, егін шаруашылығының қыр-сырына қанығып, тәжірибе алмасып қана қоймай, оларды шырайлы Шығысқа қоныс аударып, еңбек етуге шақырды.
Құрамында Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Сләмғазы Нұғманов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Тәкежанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Айтқұрман Тұрғанбаев және Егінсу, Алмасай, Әуезов ауылдық округтерінің әкімдері бар шығысқазақстандық топтың бұл жолғы оңтүстікке сапарының шынында да жаңалығы көп болғанға ұқсайды.
– Біз Оңтүстік Қазақстан облысының оншақты ауданында және Шымкент қаласында болдық. Негізгі мақсатымыз – шыбық шаншысаң, көктей беретін жеріміздің артықшылықтары туралы айтып, оңтүстік шаруаларын мемлекеттік бағдарламаға үлес қосуға шақыру, оларды Ұлан ауданында жер шаруашылығымен айналысуға, көкөніс өсіруге үндеу болатын. Оңтүстік шаруаларының бұл кәсіптің шебері екенін біз жақсы білеміз. Өздерінің құнары аз жерлерінің өзінде зор тәжірибенің арқасында олар көл-көсір өнім алады. Ал Шығысқа қоныс аударатын болса, олардың алдынан жаңа көкжиектер ашылмақ, – дейді топ өкілдері.
Сонымен қатар, облыс орталығының тұрғындары арзан бағамен экологиялық жағынан таза өнімдерді тұтынуға мүмкіндік алады. Бұл біздің өңірдің экономикасына да игі ықпал етпек. Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары өз саласы бойынша жаңа деңгейге көтерілмек. Оның үстіне осыдан біраз жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанның қоныс аударған шаруалардың ауыл шаруашылығын дамытудағы игі тәжірибесін де мақтана айтуға болады.
«Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінде аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөлініп отыр. Осыдан біраз жыл бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтыңқолдауымен оңтүстік өңірінен Арапбай Орынбаев сынды тәжірибелі шаруалар біздің аймаққа қоныс аударған-ды. Бұл жолғы сапарға Арапбайдың өзі де барды. Ол Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылында туып өскен. Ес білгелі жермен айналысып келеді. 2011 жылы жақын туыстарымен Шығысқа қоныс аударып, өз бағын жаңа жерде тағы да сынап көрмекке бел буды. Облыс және Ұлан ауданы басшылығының қолдауының арқасында несиеге қол жеткізіп, ауыл шаруашылығы техникаларын жалға алды.
– Өзімнің жиған-терген қаржымды да, көлігімді де сатып, ортақ іске салдым, – деп еске алады Арапбай Орынбаев. – 80 гектар жерді ұзақ мерзімге жалға ала отырып, мен ештеңені аяп қалған жоқпын. Жер өте құнарлы. Егер оған біліктілікпен, сүйіспеншілікпен қарайтын болсаң, Жер-Ана барын аямайды. Балаларым мен немерелерім де маған үлкен демеу көрсетті. Мен «Нұрмұхаммед» атты шаруа қожалығын басқарып отырмын.
Сарыағаш, Қазығұрт, Төле би және тағы басқа да аудандардағы шаруаларға Арапбайдың өзі жарқын үлгі бола алады. Ол шаруалардың көші-қонға, несие алу мен субсидияға, ауа райының ерекшеліктеріне, көкөніс сақтау қоймалары мен жылыжайға, дәмханаға қатысты сауалдарына жауап берді.
– Біз жұмыссыздармен, ауыл шаруашылық колледжінің студенттерімен, жоғары оқу орындарының түлектерімен, шаруа қожалықтарының басшыларымен, қарапайым ауыл адамдарымен кездесу өткіздік, – дейді Ұлан аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Айтқұрман Тұрғанбаев. – Олар Шығысқа қоныс аудармас бұрын ең алдымен көп нәрсе біліп алғылары келеді. Мысалы, Қазығұрт ауданынан бір отбасы қазірдің өзінде Айыртау ауылдық округіне көшіп келуге әзір. Оның әйелі – дәрігер, күйеуі – агроном, екі баласы бар.
Сонымен қатар, Донское ауылында шаруа қожалығын ашқан Әзімхан Байтөриевтің де бүгінгі жағдайы оңтүстік шаруаларының қызығушылығын оятты. Мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алған оның жұмысының нәтижесі де жаман емес. Оның егіс алқабы ерке Ертістің әдемі жағалауында орналасқан. Оңтүстік шаруаларын үлкен әсерге бөлеген басқа да дүниелер аз емес. Кездесулердің нәтижелерін алдағы уақыт көрсете жатыр.
Шығыс Ақпарат