Ауыл шаруашылығыҚоғам

ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ

Үржар ауданы жер көлемі мен халқының саны жағынан облыс көлеміндегі ауыл шаруашылығы бағытындағы ірі аудан екені баршамызға мәлім. Аудан 2022 жылдың маусымынан бастап қайта құрылған Абай облысының құрамына енгенімен Үржардың халқы да, ресми әкімдіктегілер де «Дидар» газетімен байланыстарын үзген емес. Бұл дәстүрдің жарасым тауып жалғаса беретіндігіне де еш күмәніміз жоқ.

Қалыптасқан дәстүр бойынша жыл соңында Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерзат Болатұлына хабарласып, Үржар ауданы диқандарының ала жаздай, таңның атысынан, күннің батысына дейін тынымсыз жүріп атқарған егін шаруашылығындағы көрсеткіштері мен жетістіктерінің ахуалын сұрағанбыз.

– 2022 жылдың он айының қорытындысы бойынша аудан бойынша барлығы 81 млрд. 026 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлемінің индексі 101,6% өсіммен қамтамасыз етілді. Абай облысы бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі, яғни 22%-ы Үржар ауданына тиесілі, – дейді бөлім басшысы.

Биыл аудан бойынша егістік алқабы  191 014 га құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 102,1 %-ға немесе 3850 га артыпты. Облысы бойынша ауданның егіс алқабының үлесі 26%-ды құраған көрінеді.

Ерзат Болатұлының айтуына қарағанда, өсімдік шаруашылығында арамшөптермен күрес жүргізіліп, сапалы өнім алу мақсатында ауданның ауылшаруашылық құрылымдарымен 88 тонна элиталы және 10 146 егіс бірлігі (посевных единиц) күнбағыстың бірінші ұрпақ будандары тұқымдары сатып алынып 25 507 га егістікке, 5775 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынып 11 700 га егістік жерге және 32 057 литр гербицидтердің түрлі препараттары алынып 37 301 га егістік алқаптарына пайдаланған.

Сонымен қатар 2022 жылы егістікке 7755 тонна жаздық дәнді дақылдар тұқымы зертханадан толығымен тексеруден өткізіліп, пайдаланылған ( 832 тоннасы бірінші классты, 6923 тоннасы екінші класты тұқымдар) екен.

Сонымен қамбаға қанша астық түсті?    

– Бүгінгі күнге аудан бойынша егін жинау науқаны аяқталды. Алдын ала жиналған мәліметтерге сәйкес биыл  105 мың тонна дәнді дақылдар, 83 мың тонна майлы дақылдар, 60 мың тонна картоп және 86,6 мың тонна көкөніс пен бақша өнімдері жиналды. 2022 жылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан 4784 тонна дизель отыны, соның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 2444 тонна және күзгі егін жинау жұмыстарына 2340 тонна бөлініп, шаруа қожалықтарына қолжетімді бағамен босатылды.

Соңғы жылдардағы жер-жерде орын алған қуаңшылық үржарлық диқандарға қалай әсер етті?

–  Қуаңшылық бізді де айналып өткен жоқ. Диқандарымыз біраз әбігерге түсті деуге болады. Қуаңшылық салдарынан өзен арналарының су деңгейі төмендеп кетті. Су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында ауданымыздың ауылшаруашылық құрылымдары суды үнемдеу технологиясына үлкен көңіл бөлінді. Биыл “Urdzhar Agro Company” ЖШС 122 га жерге, «Сұңқар» шаруа қожалығы 84 га жерге тамшылатып суару технологиясын және “Urdzhar Agro Company” ЖШС тоғыз бірлік, «Muhit-AGRO» ЖШС 12 бірлік, «Болашақ» шаруа қожалығы бір бірлік, «Ерасыл» шаруа қожалығы да бір бірлік жаңбырлатып суару қондырғысын сатып алып, егістіктерді суаруға қолданды.

–  Ауылшаруашылық техникаларыңыздың жағдайы көңілдегідей ме, ескіріп қалған жоқ па?

– Мемлекет тарапынан қарастырылған бағдарламалар аясында 2022 жылдың басынан бері ауданның  ауыл шаруашылығы құрылымдары 3 585,2 млн. теңгеге 307 бірлік жаңа ауылшаруашылық техникасын сатып алды, соның ішінде 450,7 млн. теңге өз қаражатына 58 бірлік, қаржылық институттар арқылы лиззингке 249 бірлік техника сатып алынған. Жаңадан әкелінген тракторлар саны 117 бірлік,    астық жинайтын комбайндар жеті бірлік сатып алынды.  (Абай облысы бойынша 18733 млн теңгеге ауылшаруашылық техникалары алынған,  соның ішінде Үржар ауданының үлесі – 20,0 %).

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2022 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы саласында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі – 5009,1 млн. теңгеге жетіп, 2021 жылдың осы уақытымен салыстырғанда өсім 152,2%-ды құрады. (Облыс бойынша 23 424,8 млн. теңге, Үржар ауданының үлесі – 21,4 %.).

Әңгімеңізге көп рақмет!

Бабадан қалған байтақ даламыздың қадір-қасиетін біліп, нәпақаларын егін шаруашылығынан айырып жүрген үржарлық диқандарға келер жыл да табысты, жемісті болсын демекпіз.

Үржар ауданы.

Әзірлеген – Серік ҚҰСАНБАЕВ

 

Осы айдарда

Back to top button