Қоғам

Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды

Айжанат Бақытқызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде отбасының цифрлық картасын енгізу басталды. Онда отбасылардың әл-ауқаты деңгейіне қарай әлеуметтік кепілдіктердің барлық түрлері дербестендірілетін болады.

Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының әлеуметтік төлемдер бөлімінің басшысы Бұлбұл Құсманова айтып берді.

Бұлбұл Балабекқызының айтуынша, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін құрудың мақсаты – отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалауға, өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларды анықтауға, оларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге бағытталған әлеуметтік саясат құралдарының бірін жасау. Отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтауда ол жанұяның бюджеті, тұрғын-үй жағдайы, денсаулығы, білімі, әлеуметтік жағдайы ескеріледі. Осы бес көрсеткіштің нәтижесінде әр отбасының әл-ауқат деңгейі анықталады.

Осыған орай барлық отбасылар бес санатқа бөлінеді: табысты отбасы, қанағаттанарлық отбасы, әлеуметтік жағдайы нашар отбасы, дағдарыстағы отбасы және төтенше жағдайдағы, әл-ауқаты төмен отбасы.

Қазір өңірдегі көпбалалы отбасылар саны  –  11078. Соның ішінде 3132 отбасы (14812 адам) атаулы әлеуметтік көмек алады. Азық-түлік және тазалық құралдары түріндегі кепілдендірілген әлеуметтік топтама 3638 балаға беріледі.

Үшінші тоқсандағы кедейлік шегінің мөлшері  –  30987 теңге.

Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, облыста «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, әлеуетті атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 14082 отбасы. Оның ішінде әзірге 18 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тиесілі, олар қазір рәсімдеу сатысында.

Тексерілген 13166 отбасының 13138-не атаулы әлеуметтік көмек тиесілі емес. Себептері әртүрлі. Мәселен:

– 1689 отбасы тұрғылықты мекенжай бойынша тұрмайды, ШҚО-да тіркелген, бірақ іс жүзінде басқа аймақта тұрады немесе басқа мекенжайда тіркелген, отбасы мүшелері іс жүзінде Ресейде тұрады немесе нақты тұратын жері белгісіз.

-10849 отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен асады немесе оған тең (зейнеткерлер бірге тұрады, тұрақты табысы бар адамдар бірге тұрады).

– 461 отбасында табысын жасыру фактісі анықталған (өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бірыңғай жиынтық төлемін төлемейді, жалақысын қолма-қол ақшамен алады, қосымша кіріс көзінің болуы (жылжымалы және жылжымайтын мүлік), жеке қосалқы шаруашылығы ескерілмеген.

– 133 отбасы ел аумағынан шығып, 6 адам қайтыс болған.

Отбасының цифрлық картасы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды ұсынатын болады.

Мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріліп, олар түсінікті, нақты және өтініш берусіз тағайындалады.

-Отбасының цифрлық картасы біріктірілген ақпараттық жүйелер арқылы отбасылардың әлеуметтік портретін жасауға және оның материалдық жағдайын, әлеуметтік мәртебесін, табысын, өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын айқындауға мүмкіндік береді. Өңірдің және тұтастай елдің әлеуметтік портретін жасауға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, –  деді Бұлбұл Балабекқызы.

Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда әлеуетті алушыға смс-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, алушының банк шотына аударылады.

Бұл жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Биылғы қыркүйектен бастап,  жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тоғыз түрі бойынша жаңа форматта қызметтер алу мүмкіндігі берілді. Олар  –  бала тууы бойынша әлеуметтік төлем, бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем, мүгедек бала күтімі бойынша жәрдемақы, мүгедектік бойынша жәрдемақы, жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Күміс алқа» немесе «Алтын алқа» иегерлеріне берілетін жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек.

Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл тізім зейнетақы төлемдері сияқты әлеуметтік қорғау саласындағы өзге де қызметтермен кеңейтіледі. Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілсе, 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылатын болады.

Осы айдарда

Back to top button