ӘлеуметТОП

Отбасының шырқын бұзғандарды оңдырмайды

Айжанат Бақытқызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұрақты дамуы үшін қажетті негізгі басымдықтар ретінде заң мен тәртіптің үстемдігін атап өтті. Заң талаптары қоғамның барлық саласында орындалуы тиіс. Жыл сайын елімізде мыңдаған әйел-ана отбасындағы жанжалдан зардап шегеді. Сондықтан Президент тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп танып, оның жазасын күшейтуді тапсырды.

Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы Конвенцияның ережесіне сәйкес, жыл сайын 25 қарашада зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні атап өтіліп, соның аясында Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн республикалық акциясы басталды. Ол 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Акцияның негізгі мақсаты – ана мен бала құқығын қорғау және отбасының қоғамдағы рөлін нығайту.

Облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы Темірбек Қасымжанов, Қазақстан мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков және Тәуелсіз зерттеулер орталығының ұйытқы болуымен өткен жиынға сот, құқық қорғау органы, білім беру, дағдарыс орталықтарының өкілдері, психолог мамандар қатысып, өзекті мәселеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде саралау мәселесі қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатыр. Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Альмира Жұмабаеваның айтуынша, облыста отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, облыстық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі инспекторларының штат саны 5-тен 13-ке дейін артты. Облыстың тоғыз ауданында 12 инспектор жұмыс істейді. Үш дағдарыс орталығымен өзара байланыс орнатылған. Олар – Өскемендегі «Феникс» даму және бейімделу орталығы және Риддердегі «Незабудка» әйелдерді қолдау орталығы. «Үлбі» дағдарыс бөлімшесінде 12 орындық баспанасы бар.

Amanat партиясының бастамасымен Зайсан ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 200-ден астам адамды қамтитын «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды. «Үйлесім» және «Жан ана» қоғамдық бірлестіктері зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға тек құқықтық және психологиялық көмек қана емес, сонымен қатар тәжірибелік көмек көрсетеді. Яғни, тек кеңес беріп қана қоймай, күйеуінен жапа шеккен әйелдерді дағдарыс орталықтарына апарып орналастырып, жағдайды қадағалап отырады.

  • Облыста әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша бір облыстық, екі қалалық және тоғыз аудандық комиссия, 120 әйелдер кеңесі жұмыс істейді. Аталған комиссиялардың отыздан астам отырысында атаулы әлеуметтік көмекке, әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтуға, әйелдерге қатысты құқық бұзушыларға және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шараларға, мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына психологиялық көмек көрсетуге қатысты 70-тен астам мәселе көтерілді, – деді Альмира Төлегенқызы.

Биыл облыс қалалары мен аудандарында «Отан отбасынан басталады», «Қыз бала бойжеткенде», «Менің отбасым – бақыт мекені», «Отбасылық бақыттың қарапайым құндылықтары» тақырыптарында кешенді іс-шаралар өткізілген. Сонымен қатар Әкелер мектебі мен Аналар мектебінің жұмысы аясында «Отбасы – адамгершілік пен руханияттың қайнар көзі» тренингі ұйымдастырылған.

                          Тұрмыстық қылмыс деңгейі төмендеді

Полиция департаментінің өкілі ағымдағы жылдың он айындағы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына тоқталды.

  • Тұрмыстық зорлық-зомбылық – ауыр әлеуметтік салдары бар мәселе. Жалпы кез келген зорлық-зомбылық жәбірленушілердің құқығын бұзып қана қоймай, сонымен бірге жас ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етеді. Полиция органдарының негізгі міндеттерінің бірі – қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Облыстық полиция департаменті қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату қажеттілігі мәселесін пысықтау үшін жүйелі шаралар қабылдауда, – деді әйелдер құқығын қорғау жөніндегі аға инспектор Гүлвира Қалижанова.

Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері отбасылық-тұрмыстық салада жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері екі мың адамды құқықбұзушылық әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. 5 мыңнан астам құқық бұзушыға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылып, оның ішінде 583 адам қорғау ұйғарымдарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттар 832 адамға қатысты алкогольді ішімдіктерді пайдалануға тыйым салуға шектеулер белгіледі.

  • Жалпы қабылданған шаралар биыл отбасылық-тұрмыстық қылмыстарды 93-тен 75-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Соңғы үш жылда әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар біршама азайды. Атап айтқанда, 2019 жылы – 7607, 2020 жылы – 5820, 2021 жылы – 5145, биылғы 10 айда – Тұрмыстық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Полиция департаменті жыл басынан бері үш рет «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Оның барысында тәртіп сақшылары пәтерлер мен үйлерді аралап, қоғамға жат өмір салтын жүргізетін адамдарды анықтады. Олармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, қылмыстық әрекеттерден қорғану тәсілдері туралы айтылды. Әйелдерге қатысты жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мәселелері Полиция департаментінің тұрақты бақылауында, – деді аға инспектор Гүлвира Қалижанова.

Ислам діні әйелдің құқығын қалай дәріптейді?

Өскемен қалалық орталық мешітінің наиб-имамы, «Дін» зерттеу орталығының теологы Арман Рахымбекұлы түсіндіріп өткендей, некенің төрт шартының бірі – қабыл еттім, алдым, яғни Алланың аманаты ретінде күйеуі әйелін өз мойнына алады, әкесінің мойнынан жауапкершілік түседі. Әйел адамның тұратын жері, киімі, ішетін асы күйеуінің мойнына жүктеледі. Алла ақырет күні әрбір ер адамды әйелінен, анасынан, қыздарынан сұраққа тартады. Оның жауапкершілігі өте үлкен болады.

  • Халифа Омар ибн Хаттабқа бір кісі келіп әйелінің мәселесін айта бастағанда ол: «Сен тек әйеліңнің бір кемшілігіне қарап қалма, жан-жақты қара. Ол сенің балаларыңды тегін қарап жатыр, үйіңді тегін тазалап жатыр, тамағыңды тегін дайындап жатыр. Сен қайғырсаң қайғырады, сен қуансаң қуанады. Жарың сенімен бірге бүкіл өмірін өткізуге дайын. Осының бәріне біреуді жалдайтын болсаң, түгің қалмайтын еді» деген екен. Әйел деген – ана. Сондықтан ер адамдар ата-анасына, әйеліне, бала-шағасына мейірімділікпен қарап, қамқор болуы тиіс. Анасын құрметтегені Жаратқан Алланы қуантумен тең, – деді имам.

Қылмыскер жазалануы тиіс

Өкінішке қарай, сарапшылардың айтуынша, сексуалдық тұрғыдағы қудалау – қызмет бабында да кездесетін қылмыс. Көп жағдайда жәбірленуші қыз-келіншектер басшылық немесе әріптесі тарапынан болатын мұндай сорақылықтарды «ұят» деген желеумен ашық айта бермейді.

Арнайы зерттеудің нәтижесінде сауалнамаға қатысушылардың басым көпшілігі, яғни 80 пайыздан астамы еңбек саласындағы гендерлік зорлық-зомбылық пен қудалауға тыйым салуды заңнамалық тұрғыдан бекіту және зардап шеккендерді құқықтық қорғауды күшейту қажеттігін атап өткен. Зерттеу нәтижелері жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қудалау жағдайларында әлі де гендерлік стереотип бар екенін көрсетті. Өйткені көбінесе мұндай жағдайларда қылмыскерлерді емес, зардап шеккендерді жауапты деп санайды. Зардап шеккендердің қудалау туралы айтпауының және көмек сұрамауының тағы бір себебі – әділеттілікке қол жеткізе алмауы.

Бұл орайда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің комплаенс-офицері Гүлмира Байыркенова бірнеше мысал келтірді. Мәселен, Семейде патрульдік полиция батальонының 36 жастағы инспекторына 24 жастағы бағынышты адамды «Зорлау» бабы бойынша айып тағылған болатын. Бұл оқиға былтыр 25 қарашаға қараған түні күдіктінің көлігінде болған деп хабарланды. Сол күні әйел өтініш жазуға тырысқанымен, полиция департаментінің басшылары жазбауға көндіре бастаған. 29 қарашада жәбірленуші прокуратураға арызбен жүгінген. Бірақ полиция департаменті бұл оқиға «бір айдан астам уақыт бұрын» болғанын айтқан.

Тағы бір мысал, Риддер қаласының полиция қызметкері, уақытша ұстау изоляторының бастығы да жұмыс орнында өзінің қарамағындағы азаматшаны зорлады деп айыпталды.

– Еңбек саласындағы «Конвенция 190» – бұл қудалау мен зорлық-зомбылықты тоқтатуға арналған маңызды халықаралық құқықтық құрал. Бұл конвенцияны сәтті жүргізу үшін кәсіподақтар өздерінің мүшелері мен жалпы қоғамды хабардар етіп, қызметкерлерді зорлық-зомбылыққа қарсы күреске біріктіруі керек. Қылмыстық кодексте сексуалдық сипаттағы байланысқа мәжбүрлеу үшін қызметтік жағдайды және материалдық тәуелділікті пайдалануға тыйым салатын арнайы бап бар. Бұл бап бойынша кінәлілер үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына міндеттеледі, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылады, – деп қорытындылады сөзін Гүлмира Төлеубекқызы.

Жиын нәтижесінде қоғамдағы осы түйткілді мәселені шешу үшін құқық қорғау органдары мен әлеуметтік серіктестер арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалатын болды.

Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, үнсіз қалмай, көмекке жүгініңіз. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы: ШҚО полиция департаменті 77-46-76, Өскемен қалалық полиция басқармасы 23-27-56, тәулік бойы тегін көмек көрсететін дағдарыс бөлімі 77-19-22, 8-771-44-511-44.

 

Осы айдарда

Back to top button