Қоғам

Отбасылық құндылықтар дәріптеледі

2013 жылдан бастап қыркүйектің екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні аталып өтіледі. Мереке мәдени құндылықтарды, дәстүрлерді сақтауға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосуға арналған.

Бүгінде елімізде отбасын нығайту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыс жолға қойылған, отбасылық саясат – мемлекеттің басты басымдығы. Толық емес, көпбалалы отбасылардың, сондай-ақ мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасылардың проблемаларын шешуге ерекше назар аударылады. Жәрдемақылар мен төлемдер жүйесі арқылы материалдық қолдау көрсету – бұл мемлекеттің отбасы институтын қолдау үшін жасап жатқан маңызды ісінің бір ғана бөлігі.

Өңір тұрғындарын Отбасы күнімен облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады. Оның айтуынша, бұл – ең маңызды мерекелердің бірі, өйткені табысты ел адамдар бір-бірін қолдайтын, бірге өмірді жақсы жаққа өзгертуге тырысатын мықты және тату отбасылардың негізінде ғана құрылуы мүмкін.

– Отбасы күні – бұл ең басты мерекелердің бірі, өйткені мемлекеттің мықты болуы керегесі берік, шаңырағы биік отбасыларға байланысты. Отбасының құндылығы берекемен өлшенетінін естен шығармаған абзал. Шаңырақтағы ерлі-зайыптылардың, бала-шағаның ұйытқысы – татулық. Береке мен татулық бар үйде жылу да, табыс та болатыны ақиқат. Мұндай отбасының тәрбиесін көрген ұрпақ ел ертеңі үшін адал қызмет ететін азамат болып өседі.

Осы айтулы мерекеге орай барлық отбасыға бақ-береке, мол табыс, зор қуаныш тілеймін. Шаңырақтарыңызға шаттық ұялап, босағаларыңызға бақыт байлансын. Дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз үшін әр ата-ана балаларына ерекше қамқорлық жасауы тиіс. Сонда ғана біз қазақ елінің көшін өрге сүйрейтін жас буынның жетілуіне жол ашамыз. Баршаңызды Отбасы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деп атап өтті аймақ басшысы.

2013 жылдан бастап елімізде отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Мерейлі отбасы» байқауы өткізілуде. Шығыс Қазақстанда Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шара Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен онлайн форматта өтті.

Биыл байқаудың аймақтық турына облыстың 19 қаласы мен ауданынан 217 отбасы қатысты. Олардың қатарында еңбек әулеттері, спорттық, шығармашылық отбасылар, меценаттар мен кәсіпкерлердің отбасылары, еріктілер отбасылары, асырап алған балалары бар отбасылар және тағы басқалар бар.

Нәтижесінде Семейден келген Темірхановтар отбасы байқау лауреаттары дипломының және Мемлекет басшысының атынан ақшалай сертификаттың иегерлері атанды. Алтай мен Марина Темірхановтар жеті бала тәрбиелеп отыр, олардың төртеуі асырап алынған. Отбасы қала мен мектеп өміріне белсенді қатысады, қайырымдылыққа атсалысады, отбасының барлық мүшелері жан-жақты дамыған, спортпен шұғылданады. Ерлі-зайыптылар 5 миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықты үй құрылысына жұмсауға шешім қабылдады.

– Бізге облыстық турда жеңіске жеткенімізді айтқан кезде қуанышымызда шек болмады. Менің ойымша, біз қарапайым ғана отбасымыз, бір-бірімізді, балаларды жақсы көреміз, өзімізге ұнайтын іспен айналысып келеміз. Отбасымыздың марапатқа лайық деп саналғаны – біз үшін үлкен құрмет. Көктемде жаңа үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Марина Темірханова.

Екінші орынды Риддер қаласынан Дидархановтар отбасы алды. Отағасы Дәурен Дидарханов – құтқарушы, ал оның жары Лаура балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Олар – төрт баланың ата-анасы. Олардың тату отбасы – ұйымшылдықтың, өзара түсіністік пен сыйластықтың үлгісі.

«Мерейлі отбасы» байқауының қола жүлдесін Зайсан ауданынан Мамырбектер отбасы жеңіп алды. Сағатбек пен Лайтанның үлгілі отбасында 6 бала және 18 немере тәрбиеленеді. 2003 жылы олар «Қандастар» бағдарламасы бойынша Қытайдан көшіп келген. Егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысып, жанұялық бизнес құрып отыр. Олар аудан экономикасына үлес қосып, аз қамтылған отбасыларға көмектесіп келеді.

 

Didar ақпарат

 

Осы айдарда

Back to top button