Отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарамайық
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді қадап айтты.
«Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бұл ретте заң ғылымының кандидаты Гүлмира Байркенова тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына Президенттің ерекше тоқталуы біздің қоғамда адам өмірінің қаншалықты маңызға ие екенін көрсетіп өтті деген пікір білдірді. «Иә, жасыратыны жоқ, соңғы кездері әлеуметтік желі немесе БАҚ арқылы еліміздің әр түкпірінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алып жатқанын көріп келеміз. Күн өткен сайын мұндай келеңсіз жағдайлар азаймай отыр. Енді әртүрлі себепті қарастыруға болады. Бірақ бас бостандығынан айырып, қатаң жаза қолдануға асықпағанымыз абзал. Өйткені отбасында жапа шегіп, әртүрлі дене жарақатын алған әйел құзырлы органдарға арыз жазғаннан кейін күйеуін заңға тартып, айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Ал сол отбасының материалдық жағдайы төмен болғандықтан, айыппұл жанұяның бюджетіне әсер ететіндіктен, жары арызын қайтарып алып жатқан жағдайларды кездестіруге болады. Сондықтан да бірден жазаға тартуға емес, қоғам болып отбасылық институтты қалыптастыруға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға әсер етуіміз керек. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды», – деді Гүлмира Байркенова.
Иә, отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді деген Президент сөзінің жаны бар. «Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек», – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы.
ІІМ деректеріне сәйкес, COVID-19 пандемиясы кезеңінде отбасылық-тұрмыстық қылмыстар 21%-ға өскен. Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Дина Айкенова 2020 жылы жүргізген зерттеуінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық ажырасудың негізгі бес себебіне кіреді деп атап өтті. «БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жария етудің арқасында азаматтар елдегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары туралы жақсы хабардар бола бастады. Азаматтардың мұндай қылмыстарды ауыр қабылдап, әсіресе жас балаларға қатысты әрекеттері қоғамда сыналуда. Айта кету керек, көбінесе агрессорлар жазасыз қалуда. Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 51,2%-ы үйдегі зорлық-зомбылық құрбандары туыстары мен айналасындағыларды соттаудан қорқу себебінен жиі татуласуға барады. 43,8%-ы жазалау шараларының тиімсіздігі, ал 39,4%-ы құқық бұзушыдан қорқу деп саналады. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жағдайға көз жұма қарауға болмайтынын атап өтті. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер агрессордан да, ең бастысы, қоғамды айыптаудан немесе біреудің тарапынан қысымнан қорқады. Ең жаманы, бұл оларды қорғауы керек полиция қызметкерлерінен шыққан кезде. Күштік органдардың құрбан болғандарға деген ықыласы, осы әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдату және қоғам арасындағы зорлық- зомбылықты «қалыпқа келтіруге» қарсы іс-қимыл-отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғаудағы басты міндет және қоғамдағы жаңа құндылықтар болуы тиіс», – деп атап өтті Дина Айкенова.
«Отан – отбасынан басталады» десек, жанұядағы береке-бірлік еліміздегі тыныштықтың ұйытқысы болмақ.
Қуаныш Рахметоллаұлы