Руханият

Отбасылық құндылықтарды насихаттады

 Облыстық жастар ресурстық орталығы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық іс-шараларын онлайн форматта өткізіп келеді. Сондай іс-шаралардың бірі  – «Шуақты шаңырақ» және «Аяулы жас келін-2020» облыстық байқаулары.  «Birgemiz: sabaqtastyq» ұлттық жобасы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында өткен қос  байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау іс-шарасы да   онлайн түрінде өтті.

Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, «Үйде бол» акциясын қолдау, жас отбасыларының азаматтық белсенділігін арттыру мақсатында өткен  «Шуақты шаңырақ» онлайн байқауына өңіріміздің 18-ден 29 жасқа дейінгі отбасын құрған, ата-ана атанған, 6-11 жас аралығындағы бір немесе одан көп балалары бар  жеті ерлі-зайыпты бақ сынады. Байқау толықтай онлайн түрінде, инстаграм әлеуметтік желісіндегі @shko_jastary2019 парақшасында өтті.

Алты кезеңнен тұрған сайыстың әр кезеңінің шарттарын орындауға бір апта уақыт берілді. Жүлдегерлер қазылар алқасының шешімі және әлеуметтік желідегі лүпілдер саны бойынша анықталды. Әр кезең жеке бағаланып, жалпы ұпай саны шығарылды. Осылайша, «Шуақты шаңырақ» онлайн байқауының қорытындысы бойынша І орынды Семей қаласынан Бауыржановтар отбасы, ІІ орынды аягөздік  Сағатбековтер  отбасы, ІІІ орынды абайлық Үркімбаевтар отбасы иеленді. Соңғы кезеңнің қорытындысы бойынша Сағатбековтер отбасына «Көрермендер көзайымы» аталымы берілді.

Ал «Аяулы жас келін – 2020» онлайн байқауына  облыстың 18-29 жасқа дейін тұрмысқа шығып, келін атанған 11 қыз-келіншегі қатысты.

Төрт кезеңнен тұрған «Аяулы жас келін – 2020» онлайн байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдені  Абай ауданы атынан қатысқан  Назгүл Толымбекқызы иеленді. Ал  І орын  Бесқарағай ауданының келіні Нұргүл Қадыроваға, ІІ орын  Катонқарағай ауданының қатысушысы  Әсем Нұрсапароваға, ІІІ орын  Өскемен қаласының келіні Зәуре Мырзағалиға бұйырды.
Тарбағатай ауданының келіні Мөлдір Қамзаева «Инабатты келін», Үржар ауданының келіні Мақпал Туғанбаева «Қолынан бал тамған», Глубокое ауданының келіні Айгүл Сахарғалиева «Парасатты келін» аталымдарына ие болды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button