Аймақтар аухалы

Отбасылар қуанышқа кенелді

Берікхан Тайжігіт, Аягөз

Аягөз ауданында жыл сайын тұрғын үй құрылысының қарқыны артып келе жатқаны шындық. Бұл түсінікті де, өйткені бүгінгі күні баспана зары көптеген азаматтың тауқыметіне айналған. Кеңестік дәуірден соң тұралап қалған құрылыстың біртіндеп жандана бастағаны көңіл қуантады.

Ескі жүйе ыдырағалы бері қалада да, шалғайдағы елді мекендерде де мемлекеттік бағдарламалармен тұрғын үйлер салынуы тоқырап қалған еді. Бір кездегі жүйенің тоқсаныншы жылдары тоқырап, жаңа нарық кезеңіне аяқ басқалы қарапайым жұрт қана емес, мемлекеттік жүйе де шатқаяқтап қалғандай болған. Дегенмен бүгінгі күні ел басына күн туған сол бір қиыншылық артта қалған. Жұрт еңсесін тіктеп, алды-артын бағамдай бастады.

Мәселен, кеше Аягөз қаласындағы «Қуаныш» мөлтек ауданында баспанаға зәру отызға тарта отбасы қуанышқа кенелді. Абай облысының әкімдігінің қолдауымен баспанаға мұқтаж азаматтарға 29 тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсімі өтті. Баспана кілттерін салтанатты түрде табыстаған  шараға Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков қатысып, жаңа қоныс иелерін осынау зор қуаныштарымен құттықттады. Бірнеше жылдан бері жаңа баспанадан күдер үзе бастаған отбасылар осылайша жарық та еңселі тұрғын үйлерге еніп, осыған қол жеткіздірген азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Жалпы, ауданымызда барлық өңірлердегідей тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың  бар екенін білеміз. Әлбетте, оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасылар да бар.

Кейінгі кезде ауданда құрылыс қарқыны үдеп келе жатқаны рас. Мәселен, биыл ғана «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Аягөз қаласының ет комбинаты ауданында 28 екі пәтерлі арендалық тұрғын үй пайдалануға берілген еді. Бүгінгі күні қаланың батыс жағындағы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы арқылы қаз-қатар болып салынып, пайдалануға берілген бұл үйлердің әсемдігі мен салтанаты көрген жанды риза етеді. Сондай-ақ биыл несиелік бағыттағы бір пәтерлі 50 тұрғын үй халық игілігіне берілген болатын. Олардың бәрі де «Отбасы» банкі арқылы сатылды. Сол сияқты,  оффтейк контракт арқылы сатып алынуға бағытталған 39 екі пәтерлі (78 баспана) тұрғын үй де пайдалануға берілген. Жалпы, былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 133 отбасы өтінім берсе, соның ішінде мақұлдау алғанының саны – 31. Сөйтіп,  24 отбасы үйлі болған еді. Аудан әкімі Сейілбек Ысқақовтың  айтуы бойынша, құрылыс жұмыстары келер жылы да жалғасын табады.

Бұдан өзге екі жылдың көлемінде қарқынды жүргізілген құрылыс жұмыстарының арқасында көптеген отбасы жаңа үйге кіріп, қоныстойын тойлаған…

Осы айдарда

Back to top button