Қоғам

«Отбасы орталығы» мұқтаж жандарға көмектесті

Семейдегі «Отбасы орталығы» қоғамдық қоры 2011 жылдан бастап жұмыс істейді. Қордың әу бастағы міндеті мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға бағытталған болатын.

Қазір орталық өңірдегі барлық мұқтаж отбасыларға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Мұндағы еріктілер жас мөлшеріне қарай бөлінбей, аға буын өкілдерінен жастарға дейін аянбай жұмыс істейді.

Бүгінде «Отбасы орталығы» – мұқтаж адамдарға қызмет көрсететін ұйым.

– Мемлекет мұндай мәселелерді шешумен әрдайым айналыса алмайды. Сондықтан жұмыстың осы бөлігін біз өзімізге алуға шешім қабылдадық. Орталықта тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсетеміз. Біздің қызметкерлер әкімдіктің барлық бөлімдерімен, соның ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен жұмыс істейді. Біз қандай да бір отбасының мәселесі туралы біліп, көмектесуге тырысамыз, – дейді «Отбасы орталығы» қоғамдық қорының басшысы Людмила Асташкина.

Өткен жылы Отбасы орталығының базасында Жоғарғы Соттың «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы аясында отбасындағы жанжалды жағдайларды реттеуге, отбасылық құндылықтарды қалыптастыру мен насихаттауға, отбасын құрудағы жауапкершілік пен оны сақтаудың маңыздылығына бағытталған татуластыру орталығы ашылды. Орталық жұмысына билер кеңесі, ардагерлер, медиация қызметі, психологтар мен заңгерлер  қатысады. Олардың қызметі ажырасу және басқа да азаматтық процестер кезінде тараптарды татуластыруға бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты ажырасу статистикасын азайтып, отбасылық құндылықтарды нығайту.

– Өкінішке қарай, бүгінгі күні ажырасу жағдайлары өте көп. Отбасындағы алауыздықтың және одан әрі ажырасудың негізгі себебі – жұмыспен және тұрғын үймен байланысты мәселелер. «Отбасылық қатынастардың тұрақсыздығы» деген ұғым бар. Бұл жағдайда балалары кішкентай болғандықтан және оларды қарайтын ешкім болмағандықтан анасы балалармен үйде отырады. Ал күйеуінің жалғыз табысы мүлдем жетпейді, – деп толықтырды Людмила Асташкина.

Жыл басынан бері екі жүзден астам отбасы психологтан кеңес алды. Сондай-ақ олар киім, тамақ, дәрі-дәрмек түрінде көмек көрсетіп, құжаттамаға байланысты мәселелерді шешуге көмектеседі. Қор сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық және экология мәселелерін шешумен де айналысады.

Жақында аталмыш қор шұғыл гуманитарлық көмек жобасын іске асыруға 3,5 млн. теңге сомасында тендерді жеңіп алды. Енді қор мұқтаж, көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін азық-түлік, дәрі-дәрмекті сатып алады. Жергілікті отбасылық дәрігерлік амбулатория зейнетақысы 60 мың теңгеден төмен және тіпті тонометр немесе жақпа май сатып ала алмайтын мұқтаж адамдар мен зейнеткерлердің тізімін ұсынды. Осының бәрін қор қызметкерлері еріктілердің көмегімен мұқтаж жандарға табыстады.

  Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button