Қоғам

Отанын сүюдің озық үлгісін көрсеткендер Арқа төрінде бас қосты

  Отанын сүюдің озық үлгісін көрсеткендер Арқа төрінде бас қосты

Астанада «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» атты республикалық патриоттар форумы өтті. Осымен сегізінші мәрте ұйымдастырылған басқосуға қоғам қайраткерлері, мәдениет, спорт, білім, денсаулық, өзге де салалардың үздіктерімен қатар еліміздің әр өңірінен екі мыңға жуық делегат қатысты.
Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын ұлықтауға арналған форумды Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев ашып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жиынға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып бердi.
«Мәңгiлiк Ел» Қазақстан патриоттары форумына қатысушыларға сәлем жолдаймын. Бүгiнгi форум ерекше. Ол Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойлары жылында өтіп отыр. Бұл халқымыздың бiрлiгi мен келiсiмiнiң бiрегей дәстүрiн, туған жерiмiз – Ұлы Дала елiне деген ерекше сүйiспеншiлiктi паш етеді. Форум қазақстандықтарды «Мәңгiлiк Ел» идеясының айналасына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бiрлiгiн нығайтуға қызмет ететiнiне сенемiн. Форумға қатысушыларға және барша қазақстандықтарға зор денсаулық, жаңа табыстар тiлеймiн», – делiнген Президенттің құттықтау хатында.
Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары өз сөзінде «Мәңгілік ел» идеясының мән-маңызына тоқталды.
– «Мәңгілік Ел» – әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алған Елбасының ұлы идеясы. Елбасы айтқандай, Мәңгілік ел болу – Тәуелсіздіктің мәңгі болуы, елдің бірлігі, бейбітшілік пен келісім, татулық пен тұрақтылық. Бұл – бізге Елбасы айқындап берген ең мәртебелі, ең жауапты жол, – деді Бағлан Майлыбаев.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов 2014 жылы Елбасы Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында «Мәңгiлiк Ел» жалпыұлттық идеясын ұсынғанын, екi жылдың iшiнде Президенттің бастамасы Қазақстанның барлық өңірінде қызу талқыланып, халықтың жан-жақты қолдауына ие болғанын, осының негізінде алдағы уақытта «Мәңгілік ел» идеясының нақты жобасының жасалатынын жеткізді.
– «Мәңгiлiк Ел» идеясы – болашағы біртұтас елдің бiрыңғай рухани негiзi. «Мәңгiлiк Ел» – бiздiң ортақ стратегиялық мақсатымыз, – деді Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар Ералы Тоғжанов елімізде «Бір ел – бір отбасы» атты ауқымды жобаның басталғанын да жұртшылыққа жария етті.
Форумда қоғам және мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз алып, «Мәңгілік Ел» идеясының маңызының тереңдігіне, жуықтағы Елбасымыздың АҚШ-қа жасаған сапарына, Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзіне тоқтала келіп:
-Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ әлемнің ең жоғарғы, ең мәртебелі төрі мен мінбері – БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында қазақ тілінде сөйлеген сөзімен ұлт абыройын асқақтатты. Қазақ тілі тұңғыш рет осындай дүниежүзілік дәрежеге көтерілді. Бұған барлық қазақстандықтар шын жүректерімен қуанды. Бұл – Тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасының жеңісі, – деді.
Бұл форумға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембинов бастаған біздің өңірдің делегациясы да арнайы қатысты. Басқосуға облыс делегациясы құрамында келген, «Статус» әйелдер федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Ирина Унжакова жиында сөз алды.
– Ата Заңымыздың алғашқы парағындағы жолдар «Біз – Қазақстан халқымыз» деген сөзден басталады. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларының бірінде бүгінде әйелдердің отбасының ғана емес, мемлекеттің де тірегі екенін ерекше атап өткен болатын. Азаматтық сектордағы 16 жылдық қызметімде нәзік жандылардың күнделікті ақ адал еңбегімен өзінің отбасысы үшін ғана емес, мемлекетіміздің көркеюі жолында өлшеусіз еңбек етіп келе жатқанын өз көзіммен көріп, куә болып жүрмін, – деді Ирина Унжакова.
Ирина Унжакова өзі жетекшілік ететін қоғамдық бірлестік облыс әкімдігімен бірлесіп көптеген жобаларды жүзеге асырып жатқанын, бұл жобалардың өңірдегі әйелдердің жағдайының жақсарып, отбасылық мәселелердің түйінін тарқатуға септігі тигенін атап өтіп, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының қоғамдағы атқарар рөлінің ерекше екендігіне тоқталды.
– «Мәңгілік Ел» – көңілдерге сенім, жүректерге үміт ұялататын жасампаз идея ғана емес, бұл – елдің ары қарайғы бірлігін бекемдеу жолындағы қоғамның өзі тудырған, өзі талап еткен қажеттілік, қазақстандықтардың өзара сенімі. «Мәңгілік ел» – қазақстандық нәзік жандылардың армандарының орындалуы, отбасылық құндылықтардың салтанат құруы, түптеп келгенде, «Мәңгілік ел» – қоғамның рухани тұрғыда жаңаруы, бірлік пен келісімнің мызғымас бастауы, – деді Ирина Унжакова.
Форумда Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университетінің студенті, республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынының «Үздік әскери кафедра» аталымының жеңімпазы Алмат Қайырбеков те сөз алып, «Мәңгілік ел» идеясы жайында ой-пікірін білдірді.
Басқосуда жақында ғана ғарышты бағындырған үшінші қазақ ретінде есімі тарихқа алтын әріптермен жазылған Айдын Айымбетов, ауыр науқасқа шалдыққан балаларға көмек қолын созып, 500-ден астам жетім баланың отбасыларын табуына жәрдемдескен «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин, басын қатерге тігіп, лаулаған өрттің ішінен анасы мен үш баласын аман алып шыққан, «Халық Қаһарманы» Азамат Жұмаділов, АҚШ-та білім алған жас бағдарламашы, еліміздегі қатерлі ісік ауруларымен күресуге арналған зерттеулерге өз қалтасынан 2 млн. АҚШ долларын бөлген Асхат Мырзабаев, кеншілер әулетінің өкілі, «Еңбек даңқы» орденінің толық кавелері Қанат Мұстафин, қазақ футболының тасын өрге домалатуға сүбелі үлесін қосып жүрген «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Бауыржан Исламхан, тағы басқа да өмірі өнегеге толы, патриоттықтың нағыз үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың мінберге көтеріліп, жүрекжарды лебіздерін білдіруі форумның мән-маңызын арттыра түскендей болды.
Форум соңында ғарышкер Айдын Айымбетов «Менің елім», КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова «Руханият шыңы», атақты боксшы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина «Ана жүрегі», «Динар-Электромаш» ЖШС (Ақтөбе облысы) іс басқарушысы Сергей Вишняк «Ел бірлігі», «Казлегпром – Алматы» ЖШС бас директоры Айбек Бектұрғанов «Нұрлы жол», «Темірлан» ЖШС директоры Ерлан Әлин «Ерен еңбегі үшін» және суға батып бара жатқан екі сыныптасын құтқарған мектеп оқушысы Никита Тюкин «Ерлік» аталымдары бойынша марапатталды.

Лебіздер!

Айдын Айымбетов, ғарышкер:

-Бiздiң жерiмiзден – Байқоңыр ғарыш айлағынан адам баласы ең алғаш ғарышқа ұшты. Қазақстанды бүгінде бүкiл әлем таниды. Бұл – өз елiмiздi мақтан тұтудың тамаша үлгiсi.

Аружан Саин, «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры:

-Таяуда Елбасын Қытай Халық Республикасы «Жібек жолы» сыйлығымен марапаттағанын білесіздер. Осы сыйлықпен бірге берілген қомақты қаражатты Президентіміз біздің қорға аударған болатын. Бүгінгі уақытта 29 баланың өмірін сақтап қалуға қажетті операциялар жасалып, соның арқасында сол бүлдіршіндер жарық дүниенің қызығын көруге мүмкіндік алып отыр.

Азамат Жұмаділов, «Халық Қаһарманы»:

-Мен ешқашан батыр атануды ойлаған емеспін. Сол қатерлі түнде азаматтық міндетімді ғана атқардым. Менің орнымда кім болса да, дәл солай істер еді. Жауапты сәтте қатерге ойланбай бас тігу – елім деген әрбір азаматтың борышы.

Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button