Экономика

Отандық тұқым озып тұр

Өңір басшысы Даниал Ахметов Глубокое ауданындағы облыстық ауылшаруашылық тәжірибе станциясында болып, заманауи тәсілмен өсіріліп жатқан күнбағыс, бидай және соя алқаптарын аралап көрді.

– Біздің станция негізінен майлы, дәнді және жемшөп дақылдарын өсірумен айналысады. Сондай-ақ омарта және марал шаруашылығын да қатар жүргізіп келеміз. Қазіргі уақытта біз майлылығы 46-50 пайыз болатын «Достық» атты күнбағыс буданын өсіріп жатырмыз. Күнбағыстың пісу мерзімі шамамен 106 күн болғандықтан бұл біздің өңірге өте бейім тұқым түрі, – дейді облыстық ауылшаруашылық тәжірибе станциясының директоры Александр Томашенко.

Бүгінгі таңда аталмыш тұқым түрін мемлекеттік сараптамаға жіберген шаруашылық оң шешім қабылданса келесі жылдан бастап оны еліміздің өңірлеріне кеңінен таратпақ. Бұдан бөлек, соңғы жылдары станция соя дақылдарын селекциялауға ден қойып, өңірдің ауа райына тән, тез пісетін «Бірлік КВ», «Восточная красавица» және «Баян» түрлерін өсіріп жатыр.

– Егер сояның бұл түрлері де сарапшылар тарапынан құпталса алдағы жылдары оның тұқымдарын да шаруаларға тарата бастаймыз, – деп қосты Александр Томашенко.

Бұл шаруашылық мал азығы саналатын сүрлем дайындау үшін жүгерінің де бірнеше сортын өсіруді қолға алған. Бұл жерде біздің шаруаларға көмекке Бүкілресейлік балжүгері өсіру институтының ғалымдары көмекке келген.

– Қазіргі уақытта аталмыш мекеме өз жетістіктерімен көңілімізді қуантып отыр, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. – Шаруашылық дәнді дақылдардың біздің өңірге бейім түрлерін өсіріп жатыр. Соя мен жүгері тұқымдарын дайындауда бұл мекеме жақсы жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда тұқымды сонау Швейцариядан әкелеміз. Өзімізде өсірілген тұқымды сатып алсақ бұл өте тиімді, он есе арзанға түсетіні белгілі. Шетелден әкелген соя гектарынан 15-20 центнер өнім берсе, өзіміздің сояның әр гектарынан 35-40 центнер алуға болады. Жақын арада бұл мәселе туралы Премьер-Министр Асқар Мәминмен сөйлесемін. Осы салаға жауапты министрлікті де құлағдар етемін.

Қазан айына қарай Көкпекті ауданында аграрлық сала қызметкерлерінің басын қосуды жоспарлап отырғанын айтқан өңір басшысы, бұл іске Александр Томошенко басқарып отырған шаруашылықтың да бір кісідей атсалысып, өз тәжірибесін бөліссе нұр үстіне нұр болатынын атап өтті.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button