Қоғам

Отанды шексіз сүюді ардагерлерімізден үйрендік

Бүгін еліміз Ұлы Жеңіс күнін мерекелеп отыр. Осы күні біз барша жеңімпаз жауынгерлердің есімдерін еске аламыз, олардың болашақ ұрпақтың еркіндігі үшін жасаған ерліктері мен батылдықтарына бас иіп, тағзым етеміз.

Майданға аттанған 180 мың шығысқазақстандықтың 83 мыңы үйлеріне қайтып оралмады. Қанқұйлы соғыстың көңіл құлазытар мәліметі осындай.
109 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Ал 24-і Даңқ орденінің толық кавалерлері атанды. Тағы 9 мыңы «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Шығыста Кеңес Одағы Батырларының атымен 178 көше және 66 нысан мен ауыл аталған, ал Даңқ ордені кавалерлері есімдерін 16 көше, 9 ауыл мен нысан иеленеді. Олардың қатарында Қасым Қайсенов, Федор Кокорин, Ізғұтты Айтықов, Алексей Чернов, Владимир Мыза, Төлеген Тоқтаров, Лев Рощин, Василий Шулятников, Жанғазы Молдағалиев, Альберт Кронит, Владимир Засядько және өзге де батыр сарбаздар бар.

Біз Ұлы Жеңіс күнін 74-ші рет атап отырмыз, өкінішке қарай сұм ажал жыл санап ардагерлеріміздің қатарын сиретіп барады. Егер былтыр облыста Екінші дүниежүзілік соғыстың 240 сарбазы болса, биыл 9 мамыр мерекесін 179 ардагер қарсы алды. Олардың 64-і облыс орталығында, 39-ы Семей шаһарында тұрып жатыр.

Ардагерлердің арқасында біз еліміздің ұлы тарихына қатысты екенімізді сезінеміз. «Өткенсіз болашақ жоқ» деп тектен-тек айтылмаған ғой, ардагерлеріміздің естеліктері еліміздің түрлі тарихи кезеңдерін бір-бірімен жалғап, байланыстырып жатыр. Біз аға буын өкілдерінен үлгі-өнеге ала отырып, Отанды шексіз сүюді, оны мақтан етуді, туған жер үшін күресуді үйреніп келеміз.

Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған бейбіт те бақытты өмірді қорғау, бақилық болған ардагерлерді жадымызда сақтау, арамызда жүргендеріне жан-жақты жәрдем беру – біздің қасиетті парызымыз.

Әрбір майдангерге 542875 теңгеден беріледі

Отанды шексіз сүюді ардагерлерімізден  үйрендік

Жеңістің 74 жылдығына орай елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне бірреттік материалдық көмек көрсету қарастырылған.
Бірнеше жылдан бері Шығыс Қазақстандағы ардагерлерге Жеңіс күні құрметіне орай әлеуметтік көмек беріліп келеді. Осы жылы облыстық бюджеттен осы мақсат үшін бөлініп отырған қаржының жалпы мөлшері 301 миллион теңгені құрап отыр.

Облысымызда әрбір соғысқа қатысушы 542 875 теңгеден (215 айлық есептік көрсеткіш, 1 АЕК – 2525 теңге) алады. Жалпы төленетін жәрдемақының көлемі 97 миллион теңгеден асуда.

Мұнымен қатар, 9 мамырға орай облыстағы 576 наградалары бар тыл еңбеккері 63 125 теңгеден алады. Азаматтардың аталмыш санатына облыс қазынасынан бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 36,4 миллион теңге болып отыр.

Ал облыстағы наградалары жоқ тыл еңбеккерлерінің саны – 16 258. Оларға да төлемдер қарастырылған, бұл мақсатта бөлінген қаржының көлемі 155,4 миллион теңгені құрайды.

Сондай-ақ Жеңіс күніне байланысты облыстық бюджеттен Ленинград блокадасының тұрғындары, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары, қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдері (күйеулері), бейбіт өмірде қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасылары, Кеңес әскерінің ерікті-жалдамалы құрамдарының сарбаздары төлемақылар алады. Мұндай тұлғалардың облыстағы жалпы саны – 212. Бұл санаттағы азаматтарға берілетін төлемақылардың жалпы сомасы 3192,5 мың теңгені құрайды.

Ардагерлеріміз денсаулығын нығайту үшін және мамандар қадағалауымен демалу үшін шипажай типіндегі профилакторийлерге тегін жолданады.
Медициналық-әлеуметтік көмекті облыс ардагерлері сегіз арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында алады, ол жерде медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени және өзге де қызметтер ұсынылады.

Бұдан бөлек, қарттар мен мүгедектерге арналған 8 орталық бар, оларда 1070 адам тұрады. Бұлардың қатарында Глубокое ауданындағы 120 орындық «Өскемен», Шемонайха ауданындағы «Зевакино», «Первомайка», Көкпекті ауданындағы «Самар», Бородулиха ауданындағы «Бородулиха» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары бар. Оларда егде адамдарға қажет барлық жағдайлар жасалған.

Жыл сайын ардагерлер мен тыл еңбеккерлері «Үбі» шипажайында сауықтыру курстарынан өте алады. Биыл шипажайлық емді 1 ҰОС қатысушысы, 69 тыл еңбеккері, 35 Ауған соғысы жауынгері, 8 Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушы алды. Өткен жылы «Үбі» шипажайында 7 ҰОС ардагері және оларға теңестірілген тұлға, 270 тыл еңбеккері, 58 интернационалист-жауынгер, 23 «чернобыльдық» денсаулықтарын түзеткен-ді.

Бұл айтылғандарды бәрі де – Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты сарбаздары үшін, тылда жеңіс үшін қажырлы еңбек еткендер үшін жасалған игі істердің бір бөлігі ғана.

Біз болашақ үшін өмірлерін қиған ата-бабаларымыз бен әке-шешелеріміздің ерлік істерін есте мәңгі сақтауға міндеттіміз. Отан үшін майданға тайсалмай аттанып, мерт болған, майып болған жауынгерлерді ешқашан да ұмытуға болмайды. Арамызда жүрген, күннен-күнге азайып бара жатқан соғыс ардагерлеріне барынша құрмет көрсетуге тиіспіз!

Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын!

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button