Отанды қорғау – ортақ парыз
Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толуына орайластырылған шара Өскемендегі «Үлбі» мәдениет сарайында дүркіреп өтті. Бабалардан балаларға аманатқа қалған байтақ мекенді кірпік қақпай қорғап жүрген батырлардың салтанатты кешіне облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.
Айтары жоқ, айбынды батырлардың кеші асқақ рухпен басталды. Жанарларынан от шашыраған төрт сардар бұйрық берілісімен-ақ көк туды көтеріп шыққанда кең сарайға лық толған көрермен тік тұрып қарсы алды. Бұдан кейін естіген жанның жігерін жанып, намысын оятатын мемлекеттік Әнұран орындалды. Осы тұста арнаулы тәрбие көрген әскери адамдардың көрермен қатарында отырып, рәміздерге жасаған құрметтерін де айрықша айта кету керек. Шалт қимыл мен шапшаң басқан жүріс-тұрыстары мерекелік кешке ерекше ажар қосып тұрды.
Мұндай шаралар құттықтаусыз болсын ба?! Әуелгі сөз Өскемен гарнизонының бастығы, полковник Данияр Қонақбаевқа берілді.
– Отанды қорғау – бабаларымыздан келе жатқан тарихи дәстүр. Тұрақтылық пен шекарамыздың біртұтастығын сақтау мақсатында 1992 жылдың 7-мамырында Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қарулы Күштерді құру туралы Жарлыққа қол қойды. Содан бері Қарулы Күштер талай бұралаң жолдардан өтті әрі айтулы жетістіктерге жетті, – дей келіп Данияр Қонақбаев ел тыныштығы үшін еңбек етіп жүргендерді мерейтоймен құттықтады.
Бұдан кейін «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Василий Рысбаев облыс Әкіміне «Қазақстан Қарулы Күштеріне – 20 жыл» мерейтойлық естелік медалін сыйлады.
Олардың арасында Өскемен әскери гарнизонының сот төрағасы С.Сәрсенов, аталған гарнизонның прокуроры Т.Бәкіров бастаған бірқыдыру лауазымды тұлғалар бар.
– Әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы оның бейбітшілігіне, тыныштығына байланысты. Оны қамтамасыз ететін – Қарулы Күштер. Осыдан 67 бұрын сол кездегі Кеңес үкіметінің Қарулы Күштері болмаса, біз Жеңіске жетпес едік. Сол жеңісті өздерінің ата-бабаларынан тәлім алған Отан қорғаушылар жалғастырып келеді. Егемендік алған күннен көп өтпей-ақ Елбасымыз еліміздің Қарулы Күштерін құрды. Алысқа бармай-ақ қояйық, өткен жылы көрші мемлекеттермен бірге Семейде өткен жаттығу, кеше ғана Астана қаласында өткен әскери-техникалық көрме Қазақстан Қарулы Күштерінің бүгінгі таңдағы мүмкіндігі мен болашағын көрсетті. Мемлекет басшысының Қарулы Күштердің жағдайын жасау мақсатында арнайы бекіткен заңына орай, еліміздің ішкі өнімдерінің бір пайызы осы азаматтарға жұмсалады. Біздің Қарулы Күштерді техникамен, бұл салада қызмет ететіндерді баспанамен қамту жағынан да үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірімізге орналасқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы экономикалық жағынан және тосын апаттарда бізге көп көмектесіп келеді. Сондықтан облыстық әкімдік атынан сіздерге үлкен алғысымды айтамын. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтау сөзінде.
Салтанатты кеш соңы әр жанның рухын оятып, санасын сілкіндіретін әсем әнге толы мерекелік концертке ұласты.