Отандық көлік өндірісіне көмек көрсетіледі
Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау ақпараттық-насихат тобының құрамында «Азия Авто» АҚ жұмысшыларымен жүздесті.
Кездесу мақсаты – Елбасы Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру. «Азия Авто» АҚ президенті Ержан Мәндиевтің айтуынша, мұндай кездесулердің кәсіпорын үшін берері мол. Бірінші вице-министр Қазақстандағы автоөнеркәсіп саласының дамуы мәселелерін тілге тиек етті. Елдегі мамандардың біліктілігі, экономиканың өсуі, Кедендік одақ сияқты мемлекеттік маңызы бар жұмыстардың ретін мысалға келтірген ол «Қазақстан – 2050» стратегиясының негізгі тұстарына тоқталып өтті.
– «Азия Авто» зауытының алар асуы әлі алда, себебі бұл кәсіпорынның жаңа деңгейге көтеріліп, автокөлік бизнесін шарықтатар әлеуеті бар, осы мүмкіндікті жібермеу керек. Биыл отандық автоөнеркәсіпті дамыту бағдарламасы қабылданады. Бағдарламада осы салаға қаржылық көмек көрсету мәселелері қарастырылған, – деді Альберт Рау.