Қоғам

Отандық бизнесті қолдау немесе салық каникулдары

Елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты отандық бизнес қиын күндерді бастан кешіп жатыр. Мемлекет өз тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға, ұлттық экономиканы тұрақтандыруға бағытталған кешенді шараларды қолға алды.  Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске теңдессіз қолдау көрсетуді тапсырды.

Мемлекет басшысының «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығына сәйкес ел Үкіметі бизнесті қолдау бойынша салықтық ынталандыру шараларын қабылдады. Олар саудадан бастап туристік бизнеске дейінгі экономиканың түрлі секторларын қамтиды. Шағын және орта бизнес өкілдері үшін берілген салық каникулдары жөнінде облыстық кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Надежда Дроздова айтып берген болатын.

Шегеру, босату туралы

Президент өзінің Жарлығында қазақстандық кәсіпкерлер салық жүктемесін азайту тұрғысынан қосымша қолдауды қажет ететіндігін атап өткен болатын. Нәтижесінде экономиканың көбірек зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілері үшін бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер енгізді. Олар қандай жеңілдіктер?

– Осы жылғы 1 маусымға дейін микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері үшін салықтардың барлық түрлерін, басқа да міндетті төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді төлеуді кейінге шегеру мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар биылғы 1 маусымға дейін өсімпұл есептеу, шығыс операцияларын тоқтату, мүлікті билеуін шектеу бойынша шараларды қабылдау және салық және кеден қарыздарын, әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздарды мәжбүрлеп өндіріп алу (тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда) тоқтатылды.

– Ірі сауда нысандары, сауда-ойын-сауық орталықтары, кино залдары, театрлар, көрмелер мен спорт нысандары бойынша, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй және туристік қызмет салаларында жұмыс істейтін салық төлеушілер бойынша мүлік салығын төлеуден жыл соңына дейін босату қарастырылған. Салық төлеуші мөлшерлеме 3 айға (қаңтар, ақпан, наурыз) Салық кодексіне сәйкес жүзеге асады деген есеппен алдағы 3 мерзімге (ағымдағы төлемдерді төлеудің 1 мерзімі ақпан айында өтіп кетті) мүлік салығына және жер салығына ағымдағы төлемдер сомасын қосымша есептеуді ұсынуға құқылы, ал алдағы 9 айда салық төлеуші өзінің ағымдағы төлемдерін нөлдеуге құқылы. Жыл қорытындысы бойынша декларация салықты есептеудің осындай алгоритмінің негізінде ұсынылатын болады.

– Салық салудың жалпы белгіленген тәртібі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер де жыл соңына дейін жеке табыс салығын төлеуден босатылады.

Төтенше жағдай енгізілген кезеңде бизнеске фискалды қысымды азайту мақсатында салық тексерулері тоқтатылды. Сонымен қоса, Мемлекет басшысы экономиканың аса зардап шеккен секторлары бойынша ШОБ-ты биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейінгі мерзімде еңбекақы төлеу қорынан міндетті төлемдер мен салық төлеуден босатуды тапсырды, оның ішінде сауда нысандары, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй бизнесі нысандары, көлік және консультациялық қызметтер мен ІТ саласы бар.

– Салықтық әкімшілендіру бойынша 2020 жылдың 1 маусымына дейін ШОБ субъектілері үшін бюджетке барлық салықтар мен міндетті төлемдер мен әлеуметтік жарналарды (ЖТС, әлеуметтік салық, жұмыскер үшін әлеуметтік және медициналық сақтандыру) төлеуді кейінге шегеру, сондай-ақ салық, кедендік және әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздарды мәжбүрлеп өндіріп алу жұмыстары тоқтатылды.

Жоғарыда көрсетілген салық төлеушілердің санаттары үшін 2020 жылғы 15 маусымға дейін барлық салық түрлері бойынша мерзімінде орындалмаған салық міндеттемелері бойынша өсімпұл есептеу тоқтатылды және салықтық есеп беру мерзімі 3-тоқсанға ауыстырылды.

Жер және қосымша құн салығы

Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитын агроөнеркәсіптік кешеннің  биологиялық активтерінің импортына қосымша құн салығы салынбайтын болады.

– Сонымен қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға арналған жерлер бойынша жер салығын төлемейді.

– Бұдан басқа, бағаның өсуін болдырмау үшін 2020 жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосымша құн салығы  ставкасы 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. Бұл норма тек әлеуметтік маңызы бар тауарларға ғана қатысты.

Анықтама: Оған бірінші сұрыпты ұн, бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны, рожки (өлшеп сатылатын), қарақұмық жармасы, күріш, картоп, ас сәбізі, пияз, қырыққабат, қант – құмшекер, сұйық май, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық еті (жұмсақ етімен жамбас және жіліншік сүйегі), жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% пастерлендірілген сүт, сары май (тұзсыз, майлылығы кемінде 72,5 %), тауық жұмыртқасы (ІІ санат), ас тұзы, майлылығы 5-9 % болатын ірімшік.

Декларациялар мен хабарламалар

Декларацияны тапсыру мерзімі 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін  ұзартылды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша декларация тапсыру мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. Берешек туындаған кезде берешекті өтеу туралы хабарлама қойылмайды және мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қабылданбайды, есеп айырысу шоттары жабылмайды. Төтенше жағдай кезеңінде болатын камералдық бақылау бойынша хабарламаны орындау мерзімдері ұзартылды (жоғары тәуекел дәрежесі бар салық төлеушіні қоспағанда). 15 наурыздан 15 сәуірге дейінгі мерзімде орындауды талап ететін камералдық бақылау бойынша хабарламаларды орындау мерзімі 1 маусымға ауыстырылды. Салық төлеуші мен салық органдары арасындағы байланысты азайту үшін хабарламаны орындау мерзімін кейінге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, ТЖ мерзімінде хабарламаны орындау мерзімі басталатын салық төлеуші тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушіні қоспағанда, 1 маусымға дейін жауап бермеуіне болады. Сонымен қатар есеп айырысу шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру түріндегі шектеу қолданылмайды.

Департаменттің жұмыс тәртібі

Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Қаржы министрлігінің кірістер департаменті комитетінің облыстағы ведомстволарының барлығы онлайн қызмет және алдын ала жазылу бойынша қабылдау жұмыс тәртібіне көшті. Қызметтің көптеген түрі «Электрондық үкімет» прталындағы «Салық төлеушілер кабинеті» арқылы жүзеге асады.

Облыстық кірістер департаменті мемлекеттік қызметті тек алдын ала жазылу бойынша көрсететіндігін хабарлайды. Барлық аудандық кірістер басқармалары үшін алдын ала жазылу телефондары бекітілген. Сондай-ақ kgd.gov.kz сайтында жарияланған. Кірістер департаментінің облыстағы және аудандағы ведомстволарының барлығы сағат 9.00-ден  16.00-ге дейін жұмыс істейді  ( 13.00-13.30 түскі үзіліс)

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button