Отандық автоөндірістің келешегі кемел
Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемен қаласында салынып жатқан «Азия Авто» зауытында болып, мұндағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысы Шығыс Қазақстанға арнайы келген «АвтоВАЗ» ашық акционерлік қоғамының президенті Николя Мормен кездесті.
Шаһардың іргесінен бой көтеріп келе жатқан «Азия Авто» толық циклді зауытына ат басын тіреген облыс әкімі құрылыс жұмыстарына жауапты мердігерлермен күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жиын өткізді. Естеріңізге салайық, бүгінде облыс орталығында жылына 120 мың көлік шығаратын автозауыт салынуда. Аталмыш жоба 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, ел Үкіметі жанындағы қайта жаңғырту жөніндегі комиссияның мақұлдауынан өтті.
Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша мемлекет тарапынан отандық автоөндіріс саласына көрсетілетін қолдау аясында болашақ автозауыттың инженерлік инфрақұрылымын салуға қатысты жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, кәсіпорынға электр желісін тарту жұмыстарымен «Қазэлектромонтаж-С» АҚ айналысса, инженерлік желі жүргізу міндетін «Алматы Құрылыс» компаниясы өз мойнына алған (бүгінде жұмыстардың 55 пайызы аяқталған). Сондай-ақ, зауытқа баратын жолдар салу жұмысына тағы бір алматылық компания «ЭнергоРемСервис-Алматы» серіктестігі жауапты (17 пайызға орындалған).
Бүгінде аталмыш мердігер компаниялар өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді ойдағыдай орындауда деп айтуға болады. Зауытта құрылыс-монтаж жұмыстары қызу жүргізілуде. Осыдан біраз уақыт бұрын зауытқа жасаған кезекті сапары кезінде облыс әкімі мердігерлерге жұмысты тездету керектігін айтып, тиісті міндеттер жүктеген болатын. Нәтижесінде қазіргі таңда мұндағы жұмысқа тартылған техниканың саны бірнеше есеге (8-ден 38-ге дейін) артқан-ды. Мамандардың айтуынша, бұл іс екінші жартыжылдықта, яғни, 2017 жылға дейін толығымен аяқталмақ. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев осылай дейді.
– Зауыттың инженерлік инфрақұрылымын салу шаруасы үстіміздегі жылдың 1 қарашасынан қалмай тәмамдалады. Мәселен, жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша электр желісін тарту мақсатына бөлінген 35 миллион теңге игерілген. Ал екінші тоқсанға келетін болсақ, сәуір айында 32 миллион, мамырда 320 миллион, ал маусымда тағы 246 миллион теңге игеріледі деп жоспарлануда, – деді облыстық басқарма басшысы.
Құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ мердігер компания басшыларын міндеттеріне барынша жауапты қарауға шақырып, сеніп тапсырылған шаруа уақтылы аяқталуы керектігін тағы бір мәрте қатаң ескертті.
– Жалпы алғанда, құрылыс қарқынына көңілім толады. Дегенмен, жұмысты әлі де ширата түсіп, тапсырылған міндетті кестеден бұрын орындауға күш жұмсауларыңыз қажет, – деген аймақ басшысы құрылысқа қажетті материалдарды шеттен тасымай, өзіміздің өнімге көбірек көңіл бөлу керектігін айтты.
Осы орайда, бүгінде зауытқа құрылыс материалдарының біраз бөлігін «КЭМОНТ» АҚ жеткізіп отырғанын айта кеткен абзал. Естеріңізге салайық, Өскеменде салынып жатқан «Азия Авто» толық циклді зауытының инфрақұрылымын тарту мақсатына жалпы сомасы 4,12 миллиард теңге бөлінген-ді.
Өскемендегі «Азия Авто Қазақстан» толық циклді автомобиль зауытының құрылысы облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен «АвтоВАЗ» ААҚ президенті Николя Мор арасындағы кездесудің де негізгі тақырыбына айналды. Тараптар жобаны табысты іске асыруға мүдделестік танытып отыр.
– Мемлекет автозауыттың бірнеше миллиард теңге тұратын инженерлік инфрақұрылымының құрылысын жүргізуде. Бұл – бизнесті дамытуға қосылған қайтарымсыз үлес. Осы жылы жұмыстар аяқталатын болады, – деді облыс әкімі кездесу барысында.
– Қаланың іргесінде салынып жатқан зауытта болдық. Бұл өте жақсы жоба деп ойлаймын. Бізге көрсетіп отырған қолдауларыңыз үшін сіздерге үлкен алғыс айтамын. Зауыт бәсекеге қабілетті болады деген сеніміміз зор. Біз өнімділік пен сапаның барынша тиімділігіне қол жеткізу үшін бірге жұмыс істеуге тиіспіз. Мен Өскеменге жиі келіп, жобамызды іске асыруға неғұрлым белсенді қатыспақ ниеттемін, – деп атап өтті Николя Мор.
Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында «АвтоВАЗ» ААҚ басшысы «БИПЕК АВТО – АЗИЯ АВТО» холдингінің жұмыс істеп тұрған зауытында болды. Ресейлік автозауыттың жаңа басшысы «АЗИЯ АВТО-ның» қолданыстағы автоқұрастыру өндірісін аралап көрді, мұнда осы жылы Ладаның толық модельдік қатары шығарыла бастамақ. Оның ішінде «Рено-Ниссан» инженерлерімен бірге жобаланған ең жаңа ұсыныстар – Lada Vesta седаны мен Lada X-RAY кроссовері де бар. Мұнымен қоса, ол болашақ «Азия Авто Қазақстан» АҚ зауытының алаңында болып қайтты.
Атап өтерлік жайт, Өскемендегі құны 112,8 миллиард теңге тұратын толық циклды автозауыттың және автобөлшектер өндірісі бойынша технопарктің құрылысы 2018 жылдан бастап жылына 60 мың автокөлік шығаруға және төрт мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2020 жылға қарай зауыт қуаты жылына 120 мың автомобильге дейін жеткізіледі. Осы алаңда орналасатын автобөлшектер өндірісінде сегіз мың маман жұмыс таппақ.
Сондай-ақ, кездесу кезінде облыс әкімі «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» холдингінің өнімін шетел нарығына саудалау бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап көрсетті.
– Өзі басым үкіметтері қазақстандық компанияның осы мемлекеттер нарығына шығуын қолдап отырған бірнеше достас елдерде болдым. Зауыт қазір осы бағытта белсенді жұмыс істеп келеді, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді Ресейдің азиялық бөлігіне және Орталық Азиядағы бес елге жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізілген. Сондай-ақ, қазір Грузия мен Әзірбайжан үкіметтерімен қазақстандық машиналарды осы елдердің нарықтарына шығару турасында келіссөздер жүргізілуде.
Нұржан Кенжеұлы